Балалар – түрлі жұқпалы ауруларға ең бейім топтың бірі. Әсіресе, тері арқылы таралатын инфекциялар балалар арасында жиі кездесіп, дер кезінде алдын алмаса, асқынуларға әкелуі мүмкін. Сондықтан ата-аналардың бұл мәселеге бейжай қарамауы аса маңызды.
Мамандардың айтуынша, балаларда жиі кездесетін жұқпалы тері ауруларының қатарына қышыма, сүтқорғасын, герпес, қызылша, қызамық, дерматофития, контагиозды моллюск пен сүйелдер жатады. Бұл аурулар көбіне балабақша, мектеп сияқты ұжымдық ортада тез таралады.
Қышыма (Scabies) – тері астына енетін кенелер арқылы таралатын өте жұқпалы ауру. Негізгі белгісі – түнде күшейетін қатты қышыну. Уақытылы емделмесе, бүкіл отбасыға жұғуы мүмкін.
Сүтқорғасын (Impetigo) – көбіне балаларда кездесетін бактериялық инфекция. Тері бетінде сары түсті қабыршықтар пайда болып, өте жылдам таралады.
Грибоктық аурулар, соның ішінде дерматофития – саңырауқұлақтар тудыратын, теріде дөңгелек қызыл дақтармен көрінетін жұқпалы ауру. Көбіне жануарлардан немесе ортақ заттар арқылы жұғады.
Вирустық инфекциялар да балалар арасында жиі кездеседі. Қызылша (Chickenpox / Varicella) – денеде сулы бөртпелердің пайда болуымен және дене қызуының көтерілуімен сипатталады. Контагиозды моллюск (Molluscum contagiosum) – бірнеше апта, кейде айлар бойы сақталатын, теріде майда қатты түйіндердің шығуымен байқалады. Герпес (Herpes) – көбіне ауыз айналасында немесе жыныс мүшелерінде пайда болатын көпіршікті бөртпелермен сипатталады.
Бұл аурулардың басым бөлігін жеке гигиенаны сақтау арқылы алдын алуға болады. Әсіресе балалардың терісі нәзік әрі сезімтал болғандықтан, инфекция тез жұғады. Қолды жиі жуу, күнделікті жуыну, киім-кешекті уақытылы ауыстырып, жуып, күнге кептіру, жеке заттарды (сүлгі, тарақ, бас киім) бөлек пайдалану, базардан немесе дүкеннен алынған жаңа киімдерді міндетті түрде булап өңдеу немесе уақытша полиэтилен қапқа салып қою, өздігінен ем қабылдамай, дерматолог маманға дер кезінде қаралу аурудың алдын алу шаралары болып табылады.
Бала денсаулығына бейжай қарамай, тері саулығына мән беріңіздер. Балалардағы жұқпалы тері аурулары уақытылы анықталса, толық емделеді. Ең бастысы – тазалық сақтау, алдын алу шараларын орындау және дәрігерге дер кезінде жүгіну. Өзін-өзі емдеуден аулақ болыңыз, диагноз қою үшін дерматологқа уақытылы көрініңіз.
Жұлдыз БАЙБОСЫНОВА
Облыстық дерматовенерологиялық диспансердің дәрігері
