
Құрметті қаламгерлер, қадірменді оқырман қауым!
Сіздерді Шымкент қаласының рухани өмірінде өзіндік орны бар «Шымкент келбеті» және «Панорама Шымкента» газеттерінің жарық көргеніне 35 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын!
Тәуелсіздікпен тағдыры тоғысқан қос басылым отыз бес жыл бойы Шымкенттің өткені мен бүгінін таразылап, қаланың тыныс-тіршілігін қалың жұртқа қалт жібермей жеткізіп келеді. Бұл газеттер қоғам мен билік арасын жалғаған сенімді көпірге, елдің ой-пікірін өрнектейтін ашық мінберге айналды.
Бүгінгі Қазақстан – ашықтық пен жариялылыққа, сөз бостандығы мен баспасөз еркіндігіне кең жол ашқан ел. Бұл – Мемлекет басшысы
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған ауқымды реформаларымен тікелей үндесіп жатқан үрдіс. Осындай жаңарған қоғамда бұқаралық ақпарат құралдарының, оның ішінде өңірлік басылымдардың жауапкершілігі де, миссиясы да бұрынғыдан биік. «Шымкент келбеті» мен «Панорама Шымкента» осы сенім үдесінен шығып, шынайы ақпарат пен салмақты сөздің жаршысы болып келеді.
Қиын кезеңдерде де халықтың мұң-мұқтажын дөп басып, қаланың өзекті мәселелерін батыл көтере білген редакция ұжымы кәсіби адалдықтың, азаматтық ұстанымның биік үлгісін көрсетті. Елдік мүдде, ұлттық құндылық, тіл мен діл, руханият пен қоғамдық сана төңірегіндегі байыпты мақалалар арқылы басылымдар шымкенттік журналистиканың өзіндік мектебін қалыптастырды.
Бүгінде дәстүрлі баспасөз бен цифрлық медианы қатар ұштастырып, замана талабына сай дамып келе жатқан шығармашылық ұжым қаладағы оң өзгерістерді кеңінен насихаттап, тұрғындар мен қонақтарға дер кезінде әрі дәйекті ақпарат ұсынып келеді.
Осы мерейлі сәтте басылымдардың іргесін қалаған аға буын өкілдеріне, әр жылдары редакция тізгінін ұстаған қаламгерлерге және бүгінгі шығармашылық ұжымға шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіздердің тынымсыз еңбектеріңіз Шымкенттің шежіресін түгендеп, келер ұрпаққа рухани мұра болып қалары анық.
Қос газетке шығармашылық табыс, қалам иелеріне қажымас қайрат тілеймін. Қаламдарыңыз мұқалмай, сөздеріңіз салмақты болсын!
Ғабит СЫЗДЫҚБЕКОВ,
Шымкент қаласының әкімі
