Редакция таңдауы

Елмен бірге есейген газет

Құрметті  «Шымкент келбеті» газетінің ұжымы,  ардагер журналистер мен  оқырмандар!

Сіздерді өңірлік баспасөздің шежіресіне айналған, қоғамдық ойдың мінбері, азаматтық үннің айнасы болған «Шымкент келбеті» газетінің 35 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!

1990 жылдың 21 шілдесінде жарық көрген алғашқы санынан бастап бұл басылым Шымкенттің ғана емес, оңтүстік өңірдің рухани өмірінде өзіндік орны бар ақпарат құралына айналды. Егемендіктің елең-алаң шағында қалыптасқан газет халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, өтпелі кезеңнің ауыр салмағын арқалап, елмен бірге есейген, елмен бірге кемелденген басылым болды.

«Шымкент келбеті» қаланың тынысын ғана емес, уақыттың тамырын дөп басып келе жатқан, жер мен діл, тіл мен ұлттық мұрат, руханият пен мемлекеттік мүдде тоғысқан маңызды тақырыптарды батыл көтеріп келе жатқан беделді басылым деп білемін. Газет бетінде жарияланған әрбір сараптамалық мақала, әрбір өткір ой, әрбір азаматтық көзқарас қоғамды ойлануға, әділдікке, жауапкершілікке жетелейді. Ал, бұл – нағыз баспасөзге тән қасиет.

Мен Шымкент өңірінің перзенті, осы қалада ұзақ жылдар қызмет еткен азамат ретінде «Шымкент келбеті» газетінің қала өміріндегі, өңірдің қоғамдық санасын қалыптастырудағы айрықша рөлін жақсы білемін. Бұл басылым тек жаңалық таратушы ғана емес, елдік мүддені қозғайтын, заң мен әділет, тәртіп пен талап, жауапкершілік пен сенім мәселелерін күн тәртібіне шығаратын маңызды ақпарат алаңына айнала білді.

Сондықтан, газеттің қалыптасу жолында еңбек еткен ардагер редакторлар мен қаламы қарымды журналистердің, олардың салып кеткен сара жолын абыроймен алып келе жатқан бүгінгі басылымдағы қалам ұстаған қауымның еңбегі ерекше құрметке лайық. Жұмамұрат Тұяқбаев бастаған алғашқы буыннан бастап кейінгі жылдары басшылық жасаған белгілі журналистердің барлығы басылымның беделін арттыруға, кәсіби дәстүрін сақтауға зор үлес қосты. Бүгінгі шығармашылық ұжым сол сара жолды лайықты жалғастырып келеді.

Отыз бес жыл бір адамның ғұмыры үшін кемел жас болса, басылым үшін үлкен тарих. Осы уақыт ішінде «Шымкент келбеті» талай буын журналисті тәрбиелеп, өңірлік журналистиканың шеберханасына айналды. Ұжымның кәсіби жетістіктері, беделді марапаттары, қоғамдық және спорттық шаралардағы белсенділігі – соның айқын дәлелі.

Мерейлі белесте газет ұжымына шығармашылық табыс, қаламдарыңызға қуат, ойларыңызға тереңдік тілеймін. Қоғамдық ойды жаңғыртып, азаматтық үнді асқақтата беріңіздер. «Шымкент келбеті» алдағы уақытта да әділеттің жаршысы, шындықтың сақшысы, ел мүддесінің сенімді серігі бола берсін!

Мерейтой құтты болсын!

Нұрлан Бекназаров
Қазақстан Республикасы
Парламенті Сенатының депутаты,
Конституциялық заңнама,
сот жүйесі және құқық қорғау
органдары комитетінің төрағасы

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win