Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен аппарат отырысы өтті. Кеңес барысында әкімнің биылғы хаттамалық тапсырмаларының орындалу қорытындысы бойынша баяндамалар, қала әкімінің тұрғындармен өткен кездесулерде көтерілген мәселелерге қатысты тапсырмалардың орындалуы және 2025 жылы түскен өтініштер мен әкімнің жеке қабылдауларының нәтижелері тыңдалды.

Қала әкімі аппаратының тапсырмалардың орындалуын бақылау бөлімінің жетекшісі Жазира Байменованың айтуынша, бүгінгі таңда 2023 жылдан 2025 жылға дейінгі кезеңде 5 106 тапсырма хаттамаларға енгізіліп, бақылауға алынған. Олардың ішінде 313 тапсырма орындалу сатысында, барлық тапсырмаға күнделікті мониторинг жүргізіледі.
Сонымен қатар, 2023 жылдан бүгінге дейін әкімнің қала тұрғындарымен кездесулері барысында 3 400-ден астам сұрақ түскен. Олардың басым бөлігі жол инфрақұрылымы, жолаушылар көлігі, жарықтандыру, инженерлік-инфрақұрылым желілері, жол белгілерін орнату, баспана кезегі, сондай-ақ, бейнебақылау камераларын орнату мәселелерін қамтиды.
Осы бағыттар бойынша тиісті басқармалардың мамандары түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Орындалу сатысындағы өтініштер бойынша тұрғындарға жұмыстың аяқталуына қарай қосымша хабар беріледі. Жалпы, хаттамалық тапсырмалардың, сондай-ақ, тұрғындармен кездесулерде берілген тапсырмалардың орындалуы қатаң бақылауда.
Шымкент қаласы әкімі аппаратының өтініштерді қарау бөлімінің жетекшісі Гүлбахыт Жұматаеваның айтуынша, 2025 жылдың 11 айында әкім аппаратына және оған қарасты мекемелерге
57,5 мың өтініш түскен. Ал өтініш білдіргендер саны
19,6 мың адамды құрап отыр.
Сұрақтардың ең көбі жер қатынастары, тұрғын үй-коммуналды шаруашылық, білім беру, жолдар мен көлік, сондай-ақ, құрылыс мәселелерін қамтиды. Бұдан бөлек, жыл басынан бері қала әкімі
8 жеке қабылдау өткізіп, осы қабылдауларда 244 азаматтың өтініші бақылауға алынды, 333 тапсырма беріліп, олардың көбісі орындалды.
Кеңес қорытындысы бойынша, қала әкімі хаттамалық тапсырмалардың және тұрғындармен кездесулерде берілген тапсырмалардың орындалуы барысын бақылауды күшейтуді, күнделікті мониторинг жасап, тұрғындарды жұмыс барысы туралы уақытында хабардар етуді тапсырды.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі
