Редакция таңдауы

ШЫМКЕНТТІҢ ШЫРАЙЫ КІРГЕН ЖЫЛҒА АЙНАЛДЫ

Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен
Құранбектің қатысуымен өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихаты мазмұны мен маңызы жағынан айрықша болды. Жиында жыл қорытындыланып, шаһардың бүгінгі тыныс-тіршілігі, әлеуметтік-экономикалық даму бағыттары мен алдағы басым міндеттер кеңінен қамтылды.

Брифинг барысында ресми өкіл Шымкент қаласында халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқанын атап өтті. Жұмыспен қамту деңгейін көтеру, денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғырту, жоғары технологиялы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру – қала әкімдігі қызметінің негізгі өзегіне айналған. «Еңбек еткеннің еңсесі биік» демекші, атқарылған істердің нәтижесін қала тұрғындары күнделікті тұрмыста сезіне бастағаны айтылды.

Қала басшысының жұмыс сапары аясында жүзеге асқан бірқатар маңызды өндірістік жобаларға тоқталды.

– Қала әкімі «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан «Marvik Partners» ЖШС-нің тоқыма емес материалдар өндіретін фабрикасының жұмысымен танысты. Кәсіпорында бүгінде медицина, құрылыс және агросекторға арналған өнімдер шығарылуда. Қазіргі таңда 78 адам жұмыспен қамтылған. Инвестициялық құны 4,7 млрд теңгені құрайтын жоба толық қуаттылыққа шыққанда 136 адамды тұрақты жұмыспен қамтып, жылына 4,8 мың тонна өнім өндіруге мүмкіндік береді. Өнімдерді экспортқа шығару да жоспарланып отыр, – деді ресми өкіл.

Сондай-ақ, брифингте Сайрам тұрғын алабында орналасқан «Alliance Buildings» өртке қарсы және техникалық есіктер өндіретін зауыттың іске қосылғаны айтылды.

– «Инвестициялық құны 3,7 млрд теңгені құрайтын бұл жоба оңтүстік өңірлерді сапалы құрылыс материалдарымен қамтамасыз етуге бағытталған. Кәсіпорын келесі жылдан бастап Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдеріне өнім экспорттауды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта зауытта құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, барлық өндірістік құрал-жабдықтар орнатылды, – деп толықтырды Сәрсен Құранбек.

Сонымен қатар, ресми өкіл әлеуметтік желілерде жалған әрі арандатушылық сипаттағы ақпарат тарату заңмен жазаланатынын ескертіп, қоғамның тыныштығы мен тұрақтылығын сақтау үшін тұрғындарды тек ресми дереккөздерге сүйенуге шақырды. Ресми өкіл әлеуметтік желілерде тарап жатқан жалған әрі арандатушылық сипаттағы ақпараттарға тоқталып, тұрғындарды тек ресми дереккөздерге сүйенуге шақырды.

Алдағы мерекелік күндерге байланысты құқық қорғау органдарының күшейтілген режимде қызмет атқаратыны, қала тұрғындарының қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілетіні мәлімделді. Мерекені атап өтуде патриоттық мазмұнға басымдық берілуі тиіс екені айтылып, балалар мен адам өміріне қауіп төндіретін әрекеттерге жол бермеу қажеттігі қадап көрсетілді. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген қағида тағы бір мәрте назарға алынды.

– Биыл еліміз үшін тарихи маңызы зор Тәуелсіздіктің 35 жылдығы аталып өтті. Бұл – ата-бабамыздың сан ғасырлық арманы орындалып, азат ел ретінде әлемдік қауымдастықта өз орнын айқындаған кезең. Тәуелсіздік – бізге аманат. Оны көздің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа табыстау – баршамыздың борышымыз, – деген Сәрсен Абайұлы өткен жылды ел үшін де, қала үшін де табысты жыл болды деп бағалады.

Қала дамуы туралы сөз қозғағанда ресми өкіл Шымкенттің қалай түлеп, жаңарып жатқанын елдің өзі айтып жүргенін атап өтті. Халықтың ықыласы мен сенімі – атқарылған еңбектің басты өлшемі екенін жеткізді.

– Елге қызмет ету – ең үлкен бақыт. Ал, қала мен халық арасындағы алтын көпір – сіздер, журналистер, – деп, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне шынайы алғысын білдірді.

Жиын соңында қала өміріндегі маңызды жаңалықтар мен мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын жұртшылыққа жедел әрі объективті жеткізіп жүрген бірқатар журналистерге алғыс хаттар табысталды.

Айта кетейік, қала әкімдігінің ресми өкілі бұған дейінгі брифингтерінде де қаланың тыныс-тіршілігіне, сан салалы дамуына қатысты көптеген деректерді жеткізген болатын. Атап айтар болсақ, Шымкент қаласында денсаулық сақтау саласын жақсарту мақсатында жүйелі түрде жұмыстар атқарылып келеді. Сондай-ақ, тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызмет сапасын арттыру бағытында да жұмыстар жалғасуда. Осы ауқымды бастамалардың бірі – Металлистов көшесі, №1Б мекенжайында орналасқан №1 қалалық клиникалық аурухана ғимаратында жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарының толық аяқталуы. Аталған медициналық нысан 2023 жылғы 6 маусымда күрделі жөндеуге жабылып, құрылыс-монтаж жұмыстары белгіленген жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен жүргізілді. Жөндеу жұмыстарын мердігер мекеме – «АртҚұрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырды. №1 қалалық клиникалық аурухана ғимараты 1971 жылы салынған. Жарты ғасырдан астам уақыт бойы қала тұрғындарына үздіксіз медициналық қызмет көрсетіп келген нысанның инженерлік жүйелері мен құрылымдары заман талабына сай жаңартуды қажет етті. Медициналық стандарттардың, емдеу технологияларының және қауіпсіздік талаптарының өзгеруіне байланысты ғимаратты толықтай қайта жаңғырту қажеттілігі туындаған болатын. Бүгінде аурухана кешеніндегі құрылыс жұмыстары толық аяқталған.  Жалпы ауданы 26 674 шаршы метрді құрайды және 530 төсек-орынға есептелген. Бұл мекеме Шымкент қаласындағы ірі медициналық ұйымдардың бірі саналады және тұрғындарға жедел әрі жоспарлы медициналық көмек көрсетуде маңызды рөл атқарып келеді. Айта кету керек, жобаның жалпы құны 2,9 миллиард теңгені құраған. Бөлінген қаражат аясында аурухананың барлық инфрақұрылымы толықтай жаңартылған. Атап айтқанда, жылу, су және электрмен жабдықтау жүйелері, желдету мен кәріз желілері заманауи талаптарға сәйкес қайта жүргізілген. Сонымен қатар, ғимараттың ішкі бөлмелері толық жөнделіп, сыртқы қасбеті жаңаша кейіпке енген. Күрделі жөндеу барысында санитарлық-гигиеналық талаптарға, өрт қауіпсіздігі мен энергия үнемдеу стандарттарына ерекше назар аударылды –  дейді жауаптылар. Бұл өз кезегінде пациенттер мен медицина қызметкерлері үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға мүмкіндік берді. Жөндеу жұмыстарының аяқталуы нәтижесінде №1 қалалық клиникалық аурухана пациенттерге сапалы, қауіпсіз және заманауи медициналық қызмет көрсетуге толық дайын. Енді медицина қызметкерлері жаңартылған ғимаратта тиімді жұмыс істеп, қала тұрғындарының денсаулығын сақтау жолындағы қызметін жалғастырады. Айта кетейік, мұндай жобалар Шымкент қаласында медициналық инфрақұрылымды дамытуға, тұрғындардың денсаулық сақтау саласына деген сенімін арттыруға және өмір сапасын жақсартуға бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты көрінісі болып табылады.

Медицина мекемелерінің жаңаруы мен заманауи құрал-жабдықтармен қамтылуы мамандардың кәсіби біліктілігін арттырып, емделушіде сирек кездесетін диагноз жағдайларында көмек көрсетуге мүмкіндік беріп отыр. Соның бір дәлелі – Шымкент қаласында дәрігерлердің сирек диагнозбен дүниеге келген нәрестеге жасаған күрделі хирургиялық отасы. Ота 2025 жылғы 6 желтоқсанда Қалалық перзентханада ұл бала дүниеге келген сәбиге жасалған. Жаңа туған нәрестеге жүргізілген тексеру барысында сирек кездесетін туа біткен ақау – сарыуыз өзегінің толық жабылмауы, яғни, толық жыланкөз диагнозы анықталған. Бұл патология кезінде ішек пен кіндік арасындағы өзек өздігінен жабылмайды, сондықтан хирургиялық көмек міндетті түрде жасалады. Дәрігерлер баланың жағдайын ескере отырып, өмірінің бесінші тәулігінде сарыуыз өзегінің толық жыланкөзін кесіп алып тастау бойынша күрделі ота жасаған. Ота сәтті өткен. Алайда, ерте жасалған отадан кейінгі кезеңде, нәрестенің жағдайы ауыр деп бағаланып, уақытша жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Бірнеше күндік бақылау мен ем-дом шараларынан кейін сәбидің жағдайы біртіндеп жақсарып, дәрігерлер оны анасының жанына палатаға шығарды. Қазіргі таңда нәрестенің жағдайы тұрақты, дәрігерлердің тәулік бойғы бақылауында, емдеу шаралары жалғасуда. Айта кетейік, бүгінде Шымкент қаласында жаңа туған нәрестелерге неонаталды хирургиялық көмек көрсету жүйелі түрде дамып келеді.  Перинатальдық орталық, қалалық перзентхана және балалар ауруханасы базасында күрделі оталар тұрақты түрде жасалады. Осы уақытқа дейін шымкенттік дәрігерлер 200-ге жуық нәрестеге жоғары деңгейдегі хирургиялық көмек көрсетіп, олардың өміріне төнген қауіптің алдын алған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифинг барысында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, медицина нысандарының жаңаруы, материалдық-техникалық базаның күшеюі және кадрлардың кәсіби дайындығының артуы – осындай күрделі жағдайларда сәбилердің өмірін сақтап қалуға мүмкіндік беріп отыр.

Сондай-ақ, Шымкент қаласында зейнеткерлердің денсаулығын нығайтуға бағытталған әлеуметтік қолдау шаралары да жоғары деңгейде жүзеге асырылып келеді. Соның бірі – зейнет жасындағы азаматтарға арналған шипажайлық-сауықтыру қызметі. Бұл бағыттағы жұмыстарды Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Ізетті зейнеткер» мекемесі ұйымдастырып отыр. Бозарық шағынауданында орналасқан 120 орындық сауықтыру кешенінде зейнеткерлер 10 күн бойы кешенді ем қабылдайды. Мұнда емделушілерге 25 түрлі сауықтыру және алдын алу процедуралары көрсетіледі. Шипажайда демалушылардың денсаулығын қалпына келтіруге және нығайтуға барлық жағдай жасалған. Атап айтқанда, зейнеткерлерге күніне төрт мезгіл ыстық әрі құнарлы тамақ беріледі. Таңертеңгілік дене шынықтыру жаттығулары ұйымдастырылып, арнайы тренажерлар мен медициналық құрылғылар қолданылады. Дәрігердің тағайындауына сәйкес электромагнитті терапия, сумен емдеу процедуралары жүргізіледі. Сонымен қатар, емделушілерге шипалы дәрілік шөптерден дайындалған шай ұсынылады. Шипажайға жолдамалар geo-shym.kz электронды порталы арқылы кезек тәртібімен беріледі. Қазіргі таңда қала бойынша 29 мыңға жуық зейнеткер кезекте тұр. Қала әкімінің бастамасы мен мәслихаттың шешіміне сәйкес, 2025 жылға 5 500 зейнеткерді шипажайлық еммен қамту жоспарланған. 1 желтоқсандағы мәлімет бойынша, оның ішінде 4 982 жолдама еңбек ардагерлеріне табысталған. Жыл басынан бері «Ізетті зейнеткер» сауықтыру кешенінде 2 332 зейнеткер ем алып, денсаулығын түзетуге мүмкіндік алды. Ал, жалпы есеппен алғанда, қала бойынша шипажайлық-сауықтыру қызметімен қамтылған зейнеткерлер саны 7 282 адамды құрап отыр. Айта кету керек, бұл бастама – зейнеткерлердің өмір сапасын арттыруға, созылмалы аурулардың алдын алуға және белсенді өмір салтын қалыптастыруға бағытталған маңызды әлеуметтік жоба. Алдағы уақытта да Шымкент қаласында зейнет жасындағы тұрғындарды қолдауға арналған мұндай шаралар жалғасын табады.

Еңбекке қабілетті жастарды тұрақты жұмыспен қамту – кез келген өңірдің әлеуметтік тұрақтылығы мен экономикалық дамуына тікелей әсер ететін маңызды бағыттардың бірі. Осы орайда, қалада жастарды қолдауға арналған бірқатар мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Жыл басынан бері атқарылған жұмыстардың нәтижесі бұл бағыттағы шаралардың нақты нәтиже беріп отырғанын көрсетеді. «Еңбек нарығы» ақпараттық жүйесінің мәліметіне сәйкес, жыл басынан бері 13 071 жас халықты жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған. Соның ішінде 6 360 жас тұрақты бос жұмыс орындарына орналасып, еңбек нарығына толыққанды араласуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ, субсидияланатын жұмыс орындары арқылы 3 533 жас уақытша жұмыспен қамтылды. Атап айтқанда, 56 жас әлеуметтік жұмыс орындарына, 1 787 жас «Жастар практикасы» бағдарламасына,v1 298 жас ақылы қоғамдық жұмыстарға жолданды. Бұдан бөлек, 382 жас «Алғашқы жұмыс орны» жобасына, ал, 10 жас «Ұрпақтар келісім шарты» бағдарламасы аясында еңбек жолын бастады. Бұл жобалар жастардың алғашқы кәсіби тәжірибе жинақтауына және жұмыс берушілермен байланыс орнатуына мүмкіндік беріп отыр. Жастар арасында кәсіпкерлікті дамытуға да ерекше назар аударылған. «Бастау Бизнес» жобасы аясында 1 223 жас кәсіпкерлік негіздеріне оқуға тіркелді. Комиссия шешіміне сәйкес, 175 жасқа мемлекеттік грант беріліп, өз ісін бастауға қолдау көрсетілді. Сонымен қатар, жұмыс берушілердің сұранысына сай 244 жас оқу ұйымдарында білім алса, 70 жас тікелей жұмыс берушінің жұмыс орнында оқудан өтті. Цифрлық дағдыларды дамыту да назардан тыс қалмады. 1 422 жас www.enbek.kz платформасы арқылы сұранысқа ие мамандықтар бойынша онлайн оқытудан өтті. Бұдан бөлек, 43 жасқа кәсіптік біліктілікті тануға арналған біржолғы ваучер берілді. Әлеуметтік осал топтағы азаматтарды қолдау мақсатында мүгедектігі бар 1 жас арнайы жұмыс орнына орналастырылды. Аталған кешенді шаралардың нәтижесінде 2025 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша 15-34 жас аралығындағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2,9 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш жастарды жұмыспен қамту бағытындағы жүйелі саясаттың тиімділігін аңғартады. Жастарға арналған мұндай бағдарламалар алдағы уақытта да жалғасып, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар даярлауға, тұрақты жұмыс орындарын құруға және жас буынның әлеуетін толық іске асыруға бағыттала бермек.

 

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win