Редакция таңдауы

ЖҮЙЕЛІ РЕФОРМАЛАР ЖЕМІСІН БЕРЕ БАСТАДЫ

Соңғы жылдары Шымкент қаласында білім беру саласы тың серпін алып, білімді ұрпақ қағидаты нақты іспен жүзеге асып келеді. Жаңа цифрлық жүйелер мен ваучерлік қаржыландыру тетіктері білім саласындағы әділдік пен ашықтықты күшейтіп, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына жол ашты.

Халықаралық және республикалық олимпиадаларда топ жарып жүрген оқушылар санының артуы да осы жүйелі реформалардың нақты нәтижесі. Инфрақұрылымның дамуы, әлеуметтік қолдау шаралары мен педагог кадрлардың кәсіби әлеуетін арттыру білім сапасының тұрақты өсуіне мүмкіндік беріп отыр. Білім саласындағы бұл өзгерістер Шымкенттің зияткерлік әлеуетін нығайтып, болашаққа сенімді қадам жасауына берік негіз қалап келеді.
Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Қуаныш Ысқақовтың Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында биыл атқарылған жұмыстардың қорытындылары мен негізгі көрсеткіштері туралы баяндамасынан осыны аңғардық. Оның айтуынша, қаладағы білім беру саласы соңғы жылдары жүйелі дамып, қамту көрсеткіші мен сапалық индикаторлар бойынша айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізіп отыр.

Спикердің мәлімдеуінше, биылғы оқу жылы Шымкент қаласында 1481 білім беру мекемесінде 482 мыңнан астам білім алушымен басталған. Соның ішінде мемлекеттік білім беру ұйымдарының саны 277, жекеменшік мекемелер саны 1204-ті құрайды. Мемлекеттік ұйымдарда 291 420 бала, ал жекеменшік секторда 190 749 бала білім алып жатыр. Былтырмен салыстырғанда білім беру ұйымдарының саны 205-ке, ал, білім алушылар саны сегіз мыңға артқан.

Басқарма басшысының айтуынша, қаладағы мектепке дейінгі ұйымдар саны
646-ға жетіп, бұларда 76 620 бала тәрбиеленіп жатыр. Соның ішінде 71 мемлекеттік балабақшада 18 094 бала, ал, 575 жекеменшік балабақшада 58 526 бала қамтылған. Бұл салада ваучерлік қаржыландыру тетігі толық іске қосылып, қаржы баланың соңынан жүру қағидаты енгізілген. Мұндай жүйе INDIGO24.KZ ақпараттық платформасы арқылы жүзеге асып, қабылдау мен жолдама беру үдерісі толығымен автоматтандырылған.

Спикердің сөзінше, цифрландыру нәтижесінде кезек ашық әрі әділ басқарылып, «өлі жандар» мәселесінің алдын алу мүмкін болыпты. Былтырдан бері жүргізілген талдау нәтижесінде 2153 ваучер жойылған. Соның 1006-сы заңды өкілінің қала аумағында тіркеуінің болмауына, 1010-ы ата-ананың табельді растамауына, ал 137-сі баланың 40 күннен артық балабақшаға келмеуіне байланысты болған. Бұл ата-аналарға көрсетілетін қызмет сапасын бақылауға мүмкіндік беріп, ұйымдар арасында әділ бәсекелестікті қалыптастырған.

Аймақтық жол картасына сәйкес, биыл 2 жастан бастап балаларды қамтуда 3205 мемлекеттік тапсырыс орны жоспарланып, іс жүзінде бұл көрсеткіш 500 орынға артығымен орындалып, 3705-ке жеткен. Сонымен қатар, 25 жаңа жекеменшік балабақша ашылып, қосымша 2216 бала қабылданған. Нәтижесінде,
2-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту деңгейі 96,3 пайызды, ал 3-6 жас аралығындағы балаларды қамту көрсеткіші 100 пайызды құрап отыр.

Орта білім беру саласына тоқталған Қуаныш Ысқақовтың айтуынша, 2025-2026 оқу жылында қалада 301 жалпы орта білім беру ұйымы жұмыс істеп тұр. Соның 164-і мемлекеттік, 137-сі жекеменшік мектеп. Қала бойынша барлығы 277 525 оқушы білім алып жатыр. Мемлекеттік мектептерде 208 507, жекеменшік мектептерде 69 018 оқушы оқиды. «Тілдік бөлініс бойынша қазақ тілінде 201 861, орыс тілінде 63 195, өзбек тілінде 17 303 оқушы білім алады. Қалада тек орыс тілінде оқытатын бір жекеменшік мектеп бар, мұнда 929 оқушы оқиды. Қазір мектептердің басым бөлігі 5 күндік оқу кестесімен жұмыс істейді. Соның ішінде 106 мектеп 1 ауысымда 48 227 оқушыны, 200 мектеп 2 ауысымда 231 071 оқушыны қамтып отыр. Сонымен қатар, 164 мемлекеттік мектептің 7 мектебі 6 күндік оқу жүйесімен білім беріп жатыр», деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар, ол былтырғы оқу жылында жалпы білім сапасы 56 пайызды құраса, биылғы оқу жылының 1 тоқсаны бойынша бұл көрсеткіш 54 пайызға төмендегенін жеткізді. Бұл республика бойынша 14-орынға сәйкес келеді.

Қорытынды аттестаттау нәтижелеріне тоқталған спикердің мәліметінше, өткен оқу жылында 9-сыныпты 23 843 оқушы аяқтаған. Ал, 11-сыныпты 15 639 түлек бітіріп шыққан. Соның 650-іне «Алтын белгі», 1128-іне «Үздік» аттестат, 13 861 түлекке жалпы үлгідегі аттестат табысталған.

Әлеуметтік қолдау шаралары туралы айтқан Қуаныш Ысқақов «Биыл 63 894 оқушы 46 500 теңгеден мектеп формасымен қамтамасыз етілді. Бұл мақсатқа жалпы 2 млрд 971 млн теңгеден астам қаржы жұмсалды. Сонымен қатар, «Мектепке жол» акциясы аясында бірқатар демеуші тарапынан аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушыларға мектеп сөмкелері мен оқу құралдары берілді»,-деді.

Спикер, сондай-ақ, биыл еліміздің барлық өңірінде енгізілген «Әлеуметтік әмиян» цифрлық жүйесіне тоқталды. Оның айтуынша, бұл жүйе тегін ыстық тамақпен қамтылатын оқушыларды есепке алуға және бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын бақылауға мүмкіндік береді. Қазір  қалада жүз мыңға жуық оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылып отыр. Соның ішінде бастауыш сыныптарда 75 815, жоғары сыныптарда 21 494 оқушы бар. Қаладағы 150 мемлекеттік мектепте тиісті жүйелер орнатылып, нәтижесінде 631,7 млн теңге көлемінде бюджет қаражаты үнемделген.

Атқарылған жұмыстар мен енгізілген цифрлық тетіктер Шымкент қаласының білім беру саласын жаңа сапалық деңгейге көтеріп, ашықтық пен тиімділікті қамтамасыз етуге бағытталған. Спикердің айтуынша, қалада инклюзивті білім беруді дамыту да басым бағыттардың бірі болып отыр. Бүгінде ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған 25 арнайы ұйым тұрақты түрде жұмыс істейді. Бұлардың қатарында психологиялық медициналық педагогикалық консультациялар, мемлекеттік және жекеменшік түзету кабинеттері, оңалту орталықтары, арнайы мектеп интернаттар мен балабақшалар бар. Сонымен қатар, 6 жалпы білім беретін мектепте инклюзияны қолдау кабинеттері ашылып, заманауи құрал жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бұл кабинеттерде арнайы мамандардың қатысуымен әр баланың жеке қажеттіліктеріне бейімделген білім беру процесі ұйымдастырылып жатыр.

Ал арнайы мектеп интернаттарында пандустар орнатылып, ішкі инфрақұрылым толықтай бейімделген. Бұл мүмкіндігі шектеулі балалардың мектеп кеңістігінде еркін қозғалуына қолайлы жағдай жасап отыр. Қазір қалада 15 мыңнан астам ерекше білім беру қажеттілігі бар бала тіркелген. Балаларды қабылдау және қорытынды беру процестері Malahit ақпараттық жүйесі арқылы жүргізіледі. Кадрлық әлеуетті күшейту мақсатында биыл 61 арнайы педагог біліктілігін арттыру курстарынан өткен.

Қуаныш Ысқақов жекеменшік мектептерді қаржыландыру мәселесіне де жеке тоқталды. Оның айтуынша, биылғы оқу жылында жекеменшік білім беру ұйымдарында жалпы орта білім беруге мемлекеттік тапсырысты орналастыру бойынша пилоттық жоба іске асырылып жатыр. Бұл жоба Оқу ағарту министрінің  бұйрығына сәйкес жүзеге асырылып отыр. Қазір e-qazyna.kz ақпараттық порталы арқылы
133 жекеменшік мектеппен келісімшарт жасалған.

Келісімшарттар аясында қыркүйек айында 131 жекеменшік мектепке 3.84 млрд теңге, қазан айында 132 жекеменшік мектепке 3.52 млрд теңге, ал қараша айында 132 жекеменшік мектепке 3.57 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінген. Спикердің айтуынша, бұл қадам жекеменшік білім беру секторын қолдап қана қоймай, оқушылар үшін тең мүмкіндіктер қалыптастыруға бағытталған.

Басқарма басшысының мәліметінше, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 2024-2025 жылдары 17 300 орынға арналған 12 мектеп пайдалануға берілген. Сонымен қатар, биыл Тельман мөлтек ауданында 1 200 орындық №152 мектеп және №50 мектепке қосымша 575 орындық ғимарат пайдалануға тапсырылған. Жыл соңына дейін тағы 2 нысанның, атап айтқанда №19 мектепке арналған 575 орындық қосымша ғимарат пен Сайрам мектеп интернатына арналған 300 орындық жатақхананың құрылысы аяқталады деп жоспарланып жатыр екен. Бұдан бөлек, 5 мектептің қосымша ғимараттарының құрылысы басталып, негізгі жұмыстар келер жылы аяқталады деген болжам бар.

Күрделі жөндеу жұмыстары бойынша да бірқатар ауқымды шара атқарылған. Биыл 10 білім беру ұйымында жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бұл мақсатқа 9.3 млрд теңге бөлінген. Сонымен қатар, пәндік кабинеттерді жаңғырту бағытында 12 мектептегі 51 жаңа модификацияланған кабинетке 695.5 млн теңге қаралып, толық жабдықталған.

Қосымша білім беру саласында да маңызды өзгерістер болыпты. Спикердің айтуынша, биыл шілдеден бастап балаларға қосымша білім беруде ваучерлік қаржыландыру жүйесі енгізілген. Бұл – Қазақстанда алғаш рет іске асырылып отырған бірыңғай мемлекеттік тапсырыс аясындағы пилоттық жоба. Жоба 4 салалық министрліктің бірлескен шешімімен жүзеге асырылып жатыр. Әр балаға ай сайын бөлінетін қаржы көлемі жалпы нормативте 15 мың теңгені, ерекше білім беруді қажет ететін балаларға 22.5 мың теңгені, ал мүмкіндігі шектеулі балаларға 30 мың теңгені құрайды. Қаржыландыру «бір бала –  бір ваучер» қағидатына негізделіп, қаражат тікелей баланың соңынан жүреді.

Жобаны іске асыру барысында барлық мемлекеттік және жекеменшік ұйымдар бірыңғай жүйеге енгізілген. Қауіпсіздік пен техникалық талаптарды бұзғаны үшін жекеменшік секторда 180-нен астам ұйымға нұсқама берілген. Сонымен қатар, қала маңындағы 40-тан аса елді мекенде қосымша біліммен қамтылу деңгейінің төмен екені анықталған. Жалған деректер мен заңбұзушылықтардың алдын алу мақсатында 5 500 бала жүйеден шығарылып, нәтижесінде 2 млрд теңгеден астам қаражат үнемделген.

Қазір бірыңғай мемлекеттік тапсырыс аясында 109 715 бала қосымша білім алып жатыр. Соның ішінде 81 мың бала мемлекеттік, 28 мың бала жекеменшік ұйымдарда қамтылған. Барлығы 454 өнім берушімен келісімшарт түзілген. Ваучер беру процесі кезең-кезеңімен жүзеге асып, қазір 15 мыңнан астам бала кезекке тіркеліп, 5 мыңнан астам балаға қосымша ваучер берілген.

Тәрбие жұмысы бағытында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы барлық мемлекеттік және жекеменшік білім беру ұйымдарына енгізілген. Бағдарлама «Қамқор», «Шабыт», «Балалар кітапханасы», «Еңбегі адал – жас өрен», «Smart bala», «Ұшқыр ой алаңы» атты 6 жоба аясында жүзеге асырылып, құқықбұзушылықтың алдын алу мен қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Нәтижесінде осы күнге дейін бағдарлама шеңберінде 13 524 іс-шара өткізілген.

Жазғы демалысты ұйымдастыру мәселесіне тоқталған спикер биыл 2 жазғы маусымда 238 602 баланың демалысы тиімді ұйымдастырылған. Соның ішінде 9 418 бала ата аналар мен демеушілер қаражаты есебінен, 7 362 бала бюджет есебінен қала сыртындағы жекеменшік лагерьлерде демалған. Ал, 221 мыңнан астам бала мектеп жанындағы алаңдармен қамтылған.

Балалардың құқығын қорғау мәселесі де білім саласындағы басым бағыттардың бірі болып қала береді. Қазір қалада 831 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала есепке алынған. Соның ішінде 674 бала отбасылық тәрбиеде болса, өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығында 113 бала тәрбиеленіп жатыр. Сонымен қатар, арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету орталығында 20 бала, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында 22 бала, ал мамандандырылған «Бөбектер» үйінде екі бала бар.

Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 674 балаға ай сайын 10 АЕК көлемінде жәрдемақы тағайындалған. Қуаныш Ысқақовтың айтуынша, биыл 53 жетім бала тұрғын үймен қамтылды. Бұл көрсеткіш 2023 жылы 64, ал, былтыр 193 баланы құраған. Өткен оқу жылында 11 сыныпты тәмамдаған 42 түлек жоғары оқу орындарының грантын иеленсе, 26 түлек колледж грантына, ал, тоғызыншы сыныптан кейін 28 түлек колледж грантына қол жеткізген. Сонымен қатар, биылдан бастап 90 штаты бар «Қорғаншылық және қамқоршылық орталығы» өз жұмысын бастаған.

Техникалық және кәсіптік білім беру саласына тоқталған спикердің мәліметінше, бүгінде қаладағы 38 колледжде 49 мыңнан астам студент 98 мамандықта білім алып жатыр. Соның ішінде 12 колледж мемлекеттік, 26 колледж жекеменшік. Еңбек нарығының сұранысына сәйкес, биылғы оқу жылына 70 мамандық бойынша 8 000 орынға мемлекеттік білім беру тапсырысы бөлінген. Өткен оқу жылында колледждер 14 905 білікті маман даярлап шығарып, олардың 72.5 пайызы жұмыспен қамтылған.

Сонымен қатар, дуальды оқыту жүйесі 20 колледжде енгізіліп, 315 әріптес кәсіпорынмен бірлесіп 10 246 студент қамтылған. Мемлекет басшысының 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялауына орай өңірде 250-ге жуық іс-шара ұйымдастырылып, оған 22 мыңнан астам колледж студенті, бес мыңға жуық мектеп оқушысы және 123 кәсіпорын қатысқан. WorldSkills Shymkent – 2025 чемпионатында 239 студент бақ сынап, 156 жеңімпаз анықталыпты. Ал, WorldSkills Kazakhstan – 2025 республикалық чемпионатында шымкенттік студенттер төрт алтын, бір қола медаль және 16 медальон жеңіп алған. Сонымен қатар, «Топ 100 студент» жобасы аясында Шымкент қаласының екі студенті үздік деп танылды.

Қазір 28 колледжде 3 846 орындық жатақхана жұмыс істеп, мұнда 1 849 студент тұрады. Бір колледжде 95 орындық жатақхана пайдалануға берілсе, тағы бір колледжде 300 орындық жатақхананың құрылысы жүргізіліп жатыр.

Кадр әлеуеті мәселесіне тоқталған басқарма басшысы қала бойынша барлығы 31 662 педагог еңбек ететінін айтты. Соның ішінде балабақшаларда 5 814, мектептерде 22 306, колледждерде 3 542 педагог қызмет атқарады. Осы оқу жылында біліктілік деңгейі жоғары педагогтердің үлесі 60 пайызды құрап отыр. Сапалық құрамда 231 педагог-шебер, 7 312 педагог-зерттеуші, 5 150 педагог-сарапшы және 7 530 педагог-модератор бар.

Республикалық бюджет есебінен 5 033 педагог, ал жергілікті бюджет есебінен 3 080 педагог біліктілікті арттыру курстарынан өткен. Сонымен қатар, жасанды интеллект бағыты бойынша барлық педагогтердің біліктілігін арттыру қамтамасыз етіліп, «Өрлеу» ұлттық орталығы арқылы 22 290 педагог, Daryn.ai платформасы арқылы 13 982 педагог оқытылған. Педагогтарды жұмысқа қабылдау ашық әрі әділ форматта жүргізіледі екен. Министрліктің тиісті бұйрығына сәйкес, педагог лауазымдарына үміткерлер арнайы портал арқылы конкурс негізінде қабылданады. Ал, биыл тамызда өткен BilimQadam-2025 бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің нәтижесінде жүзден астам жас маманға жұмысқа орналасуға мүмкіндік берілген.

Биыл қала педагогтары да жоғары жетістіктерге қол жеткізіпті. «Үздік авторлық бағдарлама» республикалық конкурсында екі жүлделі орын иеленіп, үш педагог марапатталды. Ал, республикалық педагогикалық конференцияда ІТ лицей-интернаты «Ең үздік олимпиадалық мектеп – 2025» атағына ие болып, сегізінші гимназия Құрмет грамотасымен марапатталған.

Оқушылар мен жас ғалымдардың жетістіктері де ерекше аталып өтті. Биыл шымкенттік оқушылар халықаралық және республикалық деңгейде айтарлықтай табысқа жеткен. Макао қаласында өткен FIRST LEGO League Asia Open Championship 2025 чемпионатында Yassi командасы арнайы номинациялармен марапатталса, Пекин қаласында өткен World Robot Contest 2025 олимпиадасында үшінші орынға ие болыпты. Дубай қаласында өткен халықаралық жарыста Nauryz командасы бірінші орынды иеленген.

Сонымен қатар, биыл қала оқушылары республикалық пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобаларда 227 жүлделі орын алып, соның ішінде 45 бірінші, 62 екінші және 120 үшінші орынға қол жеткізген.

Демек, көріп отырғандай, биыл салада атқарылған ауқымды істердің нәтижесі нақты жетістіктерден көрініп отыр. Демек, алдағы уақытта да білім беру сапасын арттыру, цифрландыруды тереңдету және қолжетімділік пен әділдік қағидаларын сақтау негізгі мақсат болып қала берсе, шаһардың шарықтап дамуына серпін әкелетін мықты мамандар саны да едәуір артып, экономиканың да қарыштауына жол ашылары ақиқат.

 

Ж.ТҰРСЫНӘЛІҚЫЗЫ

 

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win