Туризм – ел экономикасының табысын әртараптандырып, өңірлердің әлеуетін ашатын, мәдениет пен тарихты жаңа қырынан танытатын маңызды сала. Қай халықтың болмасын жері мен еліне, табиғаты мен тағдырына қызығушылық танытатын жолаушы аз емес. Сол қызығушылықты ұтымды іске жарата білген мемлекет үшін туризм тек демалыс индустриясы емес, табыс көзі, жаңа жұмыс орындарының бастауы әрі ұлттық болмысты әлемге танытатын пәрменді құралға айналады. Сондықтан да туризмді дамыту бүгінгі таңда экономикалық саясаттың маңызды бағыттарының бірі ретінде қарастырылып отыр.

Туризмнің басты артықшылығы – оның кешенді сипаты. Бұл сала көлік, қызмет көрсету, сауда, ауыл шаруашылығы, қолөнер мен мәдениет сияқты көптеген бағыттардың дамуына серпін береді. Бір туристің келуі – қонақүй мен мейрамханаға, жол мен байланысқа, жергілікті өнім мен қызметке деген сұраныстың артуы деген сөз. Осы арқылы шағын және орта бизнеске тың мүмкіндіктер ашылып, жергілікті халықтың жұмыспен қамтылуына нақты жағдай жасалады. Әсіресе, туризм еңбек нарығына тез әсер ететін, жаңа жұмыс орындарын қысқа мерзімде қалыптастыра алатын сала ретінде бағалы.
Мемлекет туризмнің осы әлеуетін ескере отырып, оны жүйелі түрде қолдауға басымдық беріп келеді. Инфрақұрылымды дамыту, туристік нысандарды жаңғырту, сервистік қызмет сапасын арттыру, инвестиция тарту мен кәсіпкерлік бастамаларды қолдау – осының барлығы саланың орнықты дамуына бағытталған. Туризмді дамыту арқылы өңірлер арасындағы экономикалық теңгерім нығайып, шалғай аймақтардың да тынысы ашыла бастайды. Бұл – ел дамуын бір ғана орталыққа байламай, кең аумақта өркендетудің тиімді жолы.
Шымкент қаласы мен оның айналасындағы өңір туризмді дамытуға қолайлы мүмкіндіктерге ие. Бай тарих, көне қалалардың ізі, табиғи аймақтардың алуан түрлілігі, қонақжай дәстүр – мұның бәрі турист тартатын маңызды факторлар. Соңғы жылдары қалада туристік инфрақұрылымға көңіл бөлініп, жаңа нысандар бой көтеріп, қызмет көрсету мәдениеті қалыптаса бастады. Бұл үрдіс жергілікті кәсіпкерлердің белсенділігімен ұштасып, туризмді экономиканың серпінді саласына айналдыруға жол ашып отыр.
Туризм – елдің көркі мен келбетін көрсететін айна. Оны дамыту арқылы біз тек табыс көзін көбейтпейміз, ұлттық құндылықтарды сақтап, тарих пен мәдениетті жаңаша танытамыз. Осы тұрғыдан алғанда, туризмнің өркендеуі – экономикалық тиімділікпен қатар, рухани жаңғыруға қызмет ететін маңызды бағыт екені сөзсіз.
Осы орайда, Шымкент қаласының туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия салаларында соңғы екі жылда атқарылған ауқымды жұмыс көп екенін айта кеткен жөн. Айталық, туристер санының өсуі, инфрақұрылым мен сервистің дамуын тұрғындар мен қала қонақтары да сезіне бастады. Сондай-ақ халықаралық ынтымақтастық кеңейіп жатқаны да көңілге қуаныш сыйлайды. Инвестициялық жобалар, жаңа әуе бағыттары, ірі мәдени іс-шаралар мен қаланың халықаралық деңгейдегі имиджін нығайтуға бағытталған бастамалар осының анық айғағы.
Шымқаланың шаһары күн өткен сайын жаңарып, ажары артып келеді. Үшінші мегаполистің тынысы кеңейіп, әлеуметтік-экономикалық дамумен қатар, туризм мен халықаралық байланыстар саласы да жаңа белестерге көтеріліп отыр. Қаланың қолайлы географиялық орналасуы, бай тарихи-мәдени мұрасы, заманауи инфрақұрылымы мен қонақжай болмысы шаһарды ішкі және сыртқы туристер үшін барған сайын тартымды бағытқа айналдырып жатыр. Соңғы жылдары шаһарға келушілер санының тұрақты түрде артуы осы бағытта жүргізіліп жатқан жүйелі саясат пен нақты нәтижелердің айқын көрінісі болса керек.
Шымкент қаласының туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрияны дамыту басқармасы басшысының орынбасары Сұлтан Искаковтың айтуынша, қала туризмінің даму қарқыны жылдан жылға күшейіп келеді. Басқарма берген мәліметке сүйенсек, биыл тоғыз айда Шымкент қаласына келген туристер саны 406 386 адамды құраған. Жыл аяғына дейін бұл көрсеткіш жарты миллионға жуықтағаны анық. Оның ішінде ішкі туризмде 376 825 адам, ал кіру туризмінде 29 561 адам тіркелген. Бұл көрсеткіштер Шымкенттің еліміздегі ғана емес, халықаралық деңгейдегі туристік орталыққа айналу жолында сенімді қадам жасап отырғанын дәлелдейді.
Бүгінде қала аумағында 159 орналастыру орны жұмыс істейді. Жалпы бөлмелер саны 4 132, ал өткізілген бөлмелер 417924-і құраған. Төсек-орынның бір жолғы сыйымдылығы 8716-ге жетіп, былтырмен салыстырғанда 20,8 пайызға артқан. Орналастыру орындарымен көрсетілген қызмет көлемі осы тоғыз айда 10 млрд 392 млн теңгеден асып, былтырмен салыстырғанда 24,5 пайызға өскен. Туристердің қалада орташа болу мерзімінің ұзаруы, қонақ үйлердің жүктемесінің артуы, сервистік қызметке деген сұраныстың көбеюі шаһардың туристік орталық ретіндегі бәсекеге қабілеттілігін арттырып отыр. Бұл туристік нарықтағы сұраныстың артқанын және сервистік қызмет сапасының артқанын көрсететін маңызды индикатор болып отыр. Қала туризмін дамытуда инвестиция тарту мен инфрақұрылымды жаңғырту басты басымдықтардың бірі.

Соңғы екі жыл ішінде Шымкентте 12 қонақ үйдің ашылуы жоспарланған. Басқарма өкілінің айтуынша, соның 7-еуі былтыр іске қосылған. Атап айтқанда, Kazakh Hotel, Aurum Hotel, Diamond Hotel, Siluet Plaza, Makhambet, Mir Hotel, Cannes Hotel қонақ үйлері пайдалануға берілді. Биыл Mardan және Green Park қонақ үйлері ашылып, жыл соңына дейін тағы үш қонақ үйдің, атап айтқанда, Grand Altyn, Silver Hotel, «Алатау» қонақ үйлерінің іске қосылуы жоспарланған.
Сонымен қатар, қалада әлемдік деңгейдегі Hilton қонақ үйінің құрылысы басталды. Инвестиция көлемі 35 млн АҚШ долларын құрайтын бұл жоба 2026 жылдың соңында пайдалануға беріліп, 200-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтіледі. Бұл бастама Шымкенттің халықаралық туристік картадағы орнын одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді. Яғни инвестициялық жобалардың ауқымы да қала экономикасының дамуына тың серпін беріп келеді дегенді білдіреді. Қонақ үйлер құрылысына салынған инвестициялар жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, қалаға халықаралық стандарттарға сай қызмет көрсету мәдениетін енгізуге мүмкіндік беріп отыр. Hilton секілді әлемге танымал брендтің келуі – Шымкенттің инвестициялық тартымдылығының айқын дәлелі. Мұндай ірі жобалар арқылы қала халықаралық туристер мен іскерлік сапармен келетін қонақтар үшін ыңғайлы әрі сенімді бағыт ретінде қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.
Туристік инфрақұрылымды әртараптандыру мақсатында Бадам су қоймасы аумағында Omir Shymkent глэмпинг жобасы қолға алынған. Жобаның мақсаты қала тұрғындары мен қонақтарына заманауи демалыс пен сауықтыру кеңістігін ұсыну, ұлттық ерекшеліктер мен қазіргі сервисті үйлестіре отырып, Шымкентті тартымды туристік дестинация ретінде қалыптастыруға негізделген. Жоба аясында 38 глэмпинг, 18 капсулалық үй, мейрамхана, SPA-бассейн, спорт алаңдары, амфитеатр, жылқы ұстау және шарап дайындау аймағы іске аспақ.
Қаланың сакралды және тарихи-мәдени мұраларын дамытуға да ерекше көңіл бөлініп келеді. Республикалық маңызға ие «Ибрагим ата» және «Қарашаш ана» кесенелері аумағында абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, жолдар салынды, санитариялық-гигиеналық тораптар орнатылды, ақпараттық стендтер қойылған. Басқарма берген мәліметке сүйенсек, келер жылы Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп Сайрам тұрғын алабындағы алты сакралды нысанды реконструкциялау жоспарланып отыр. Туризмді дамытудағы сакралды және тарихи нысандардың әлеуетін тиімді пайдаланудың маңызы жоғары. Кесенелердің аумағын абаттандыру, жол инфрақұрылымын жақсарту, санитариялық жағдайды реттеудің арқасында зиярат етушілер үшін қолайлы жағдай қалыптасып отыр. Бұл жұмыстар рухани туризмнің дамуына, сонымен қатар ішкі туристердің де тарихи орындарға деген қызығушылығын арттыруға ықпал етіп жатыр. Сонымен қатар, Ибрагим ата, Қарашаш ана, Әбділ Әзіз баб кесенелеріне турникеттер орнатылып, 7 туристік нысанға төлқұжат әзірленген. Сервисті жетілдіру мақсатында қала аумағында жаңа үлгідегі 6-SMART санитариялық-гигиеналық тораптар іске қосылыпты.
Шымкент қаласында бүгінде 17 туристік маршрут жұмыс істеп тұр. Басқарма өкілінің айтуынша, туристер арасында Түркістан – Ташкент – Ақсу – Жабағалы – Шымкент бағытындағы 4 күндік маршрут кеңінен сұранысқа ие. Бұл маршруттар бойынша 24 туристік оператор мен 120 туристік агенттік қызмет көрсетіп отыр.
Былтыр желтоқсан айында Шымкент қаласының жаңа әуе терминалы іске қосылып, бүгінде 6 елдің 8 қаласына тікелей рейстер ашылды. Бұлардың қатарында Сиань, Будапешт, Мюнхен, Шанхай, Каир, Сеул, Үрімші және Баку қаласы бар. Бұл бағыттар қалаға келетін шетелдік туристер легін арттыруға зор ықпал етіп отыр екен.
Сервис пен ақпараттық қолжетімділікті арттыру бағытында да ауқымды жұмыстар жүргізілген. Шетелдік туристерге арналған үш тілдегі іс-шаралар күнтізбесі, Visit-shymkent.com туристік порталы, 3D маршруттар, QR-кодтар жүйесі, туристік полиция қызметі – мұның барлығы туристердің қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Қазір қалада 25 туристік полиция қызметкері үш ауысымда жұмыс істеп, 15 SOS батырмасы орнатылған.
Шаһардың туристік имиджін қалыптастыруда ірі мәдени іс-шаралар маңызды рөл атқарып келе жатыр. Биыл қалада «ДәмДәсTour» гастрономиялық фестивалі, халықаралық Blog Tour, Drone Show, Street Food Fest, Батпырауықтар фестивалі секілді ауқымды іс-шараларға жиналған халық саны көп. Бұл іс-шаралар қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше әсер сыйлап қана қоймай, Шымкентті халықаралық ақпараттық кеңістікте кеңінен танытуға мүмкіндік берді.
Сыртқы байланыстарды нығайту бағытында да айтарлықтай жетістіктер бар. Жыл басынан бері 32 дипломатиялық кездесу ұйымдастырылып, Франция, Қытай, Еуропалық Одақ, Қырғыз Республикасы, Болгария сынды елдермен бірқатар меморандумға қол қойылды. Парижде Шымкент күндерінің өтуі, Франция Республикасының құрметті консулдығының ашылуы да осы қаланың халықаралық беделінің артқанын айғақтайды.
Шымкент қаласының туризм саласындағы серпінді дамуы бұл тек туристер санының артуымен ғана шектелмейтін, кешенді әрі ұзақ мерзімді нәтижелерге бағытталған жүйелі жұмыстың жемісі екені анық. Басқарма өкілінің айтуынша, қала туризмі экономиканың маңызды драйверіне айналып отыр. Туристік ағынның өсуі қонақ үй бизнесінің, қоғамдық тамақтану орындарының, көлік, сауда және мәдениет салаларының дамуына тікелей әсер етіп, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің көбеюіне жол ашып келеді.
Шымқаланың туризм саласындағы соңғы жылдардағы серпінді дамуы тек инфрақұрылымдық жобалармен немесе туристер санының артуымен ғана шектелмей, қаланың халықаралық ақпараттық кеңістіктегі танымал болуымен айтарлықтай ерекшеленіп отыр. Бұл бағытта маркетингтік және имидждік жұмыстардың ішінде халықаралық блог-турлардың рөлі ерекше екенін атап өткен жөн. Қаланың туристік әлеуетін кең аудиторияға танытуда блогерлер мен цифрлық контент өндірушілерін тарту заман талабына сай, нәтижелі тәсілдердің бірі ретінде көрініс тауып келеді екен.
Айталық, биыл Шымкент қаласында ұйымдастырылған халықаралық блог-турлар осы саясаттың нақты нәтижесін көрсетіп беріпті. Үш күнге созылған ақпараттық сапар барысында Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей, Украина, Үндістан және Қазақстанның әр өңірінен келген шамамен отызға жуық танымал travel-блогер қаладағы тарихи-мәдени нысандарды, туристік инфрақұрылымды, заманауи қонақ үйлер мен қоғамдық кеңістіктерді аралап, өз аудиториясына кеңінен таныстырған. Бұл блогерлердің әрқайсысы әлеуметтік желілер мен халықаралық платформаларда мыңдаған, кей жағдайда жүз мыңдаған жазылушысы бар ықпалды контент авторлары екенін ескерсек, мұндай блог-турлардың ақпараттық әсері айтарлықтай жоғары болған.
Басқарма берген мәліметке сенсек, блог-турлар нәтижесінде Шымкент туралы ондаған бейнеролик, фотоматериал және авторлық шолулар жарияланып, қала жайлы контент халықаралық ақпараттық кеңістікте кеңінен тараған. Бұл өз кезегінде Шымкенттің заманауи, қауіпсіз, қонақжай әрі туристер үшін тартымды қала ретіндегі имиджін қалыптастыруға оң ықпал еткен. Әсіресе, гастрономиялық туризм, сакралды нысандар, табиғи демалыс аймақтары мен қалалық мәдени өмір блогерлердің ерекше қызығушылығын тудырғаны байқалып отыр.
Басқарма өкілдерінің пікірінше, блог-турлар мен инфлюенсерлік маркетинг туристік ағынды арттыруда тиімді құралға айналып отыр. Дәстүрлі жарнамаға қарағанда, блогерлер арқылы тарайтын шынайы әсерге негізделген ақпарат туристердің шешім қабылдауына тікелей ықпал етеді екен. Осы тәжірибенің нәтижесінде шетелдік туристердің қалаға деген қызығушылығы артқаны, ал тікелей әуе рейстерінің ашылуымен бұл үрдіс одан әрі күшейгені байқалады.
Блог-турлар қаланың экономикалық дамуына да жанама түрде әсер етіп келеді екен. Туристік контенттің көбеюі қонақ үй бизнесіне, қоғамдық тамақтану орындарына, көлік және сервистік қызмет көрсету салаларына деген сұранысты арттырып, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына жол ашып отыр. Сонымен қатар, бұл бастамалар Шымкенттің креативті индустриясын дамытуға, қала брендингін күшейтуге және жастардың туризм саласына тартылуына оң ықпал ете бермек.
Жалпы алғанда, халықаралық блог-турларды жүйелі түрде ұйымдастыру Шымкент қаласының туристік саясатын жаңа деңгейге көтеріп, оны аймақтық қана емес, халықаралық туристік картада танымал бағыттардың біріне айналдыруға мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан дәл осындай блог-турлар биыл да жалғасын таппақ.
Ал, бұл шаһарды бүгінде қарқынды дамып келе жатқан, халықаралық деңгейде танылып отырған заманауи мегаполистердің тізімінде тұрақты орнын сақтап қалуға септігін тигізеді деген сенім бар. Өйткені, туризм, инвестиция, сервис, мәдениет және сыртқы байланыстар саласындағы жүйелі жұмыстар қаланың экономикалық әлеуетін күшейтіп қана қоймай, халықаралық аренадағы беделін де сенімді ұстауға зор мүмкіндік. Олай болса, алдағы жылдары жоспардың сәтті жүзеге асып, алда атқарылатын істер бағытынан жаңылмаса, Шымқалаға келетін қонақтар саны бұдан да көбейіп, тұрғындардың әлеуметтік жағдайының артуына һәм қала дамуына тың серпін әкеледі деп сенейік.
Жадыра МҮСІЛІМ
