Тұрғын үй – адам баласы тіршілігінің тірегіне айналатын басты құндылықтарының бірі. «Үйі жоқтың күйі жоқ» деген халық даналығы баспананың тек төрт қабырға ғана емес, отбасының берекесі мен болашағының негізі екенін айқын аңғартады. Қоғамның әлеуметтік ахуалы, азаматтардың өмір сапасы, тіпті, елдің ертеңге деген сенімі де тұрғын үй мәселесінің қалай шешіліп жатқанына тікелей байланысты. Сондықтан баспанамен қамту – кез келген мемлекеттің әлеуметтік саясатының өзегінде тұрған, кейінге қалдыруға болмайтын маңызды міндет.

Қазіргі кезеңде тұрғын үй мәселесі халықтың түрлі санаттары үшін өзекті болып отыр. Жас отбасылар, көпбалалы жанұялар, әлеуметтік әлжуаз топтар, еңбек жолын енді бастаған жастар үшін қолжетімді баспана – тек тұрмыстық қажеттілік емес, тұрақты өмір сүрудің кепілі. Өз шаңырағына ие болған азамат ертеңіне сеніммен қарап, еңбекке құлшынады, қоғам өміріне белсенді араласады. Осы тұрғыдан алғанда, тұрғын үй саласының дамуы әлеуметтік тұрақтылықты нығайтып, ел ішіндегі демографиялық және экономикалық үдерістерге де оң ықпал етеді.
Мемлекет тұрғын үйдің маңызын терең түсіне отырып, халықты баспанамен қамтуға бағытталған жүйелі саясатты жүзеге асырып келеді. Соңғы жылдары қабылданған бағдарламалар тұрғын үй құрылысын жандандырып, нарықтағы ұсынысты арттыруға, ең бастысы – баспананың қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталды. Құрылыс саласының қарқынды дамуы жаңа жұмыс орындарын ашып, экономиканың бірқатар саласына серпін беріп отыр. Бұл – тұрғын үй саясатының тек әлеуметтік емес, экономикалық тұрғыдан да тиімді екенін көрсетеді.
Шымкент қаласында да тұрғын үй құрылысы қаланың даму қарқынымен қатар ілгері басып келеді. Жаңа шағынаудандар бой көтеріп, инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген тұрғын үйлер саны артуда. Бұл үрдіс қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартып қана қоймай, шаһардың сәулеттік келбетін жаңғыртып, урбанистік дамуына жол ашуда. Баспанаға қол жеткізген әрбір отбасы – қаланың әлеуметтік әлеуетінің нығайғанын білдіретін нақты көрсеткіш.
Тұрғын үймен қамту – бір күндік науқан емес, ұзақ мерзімді, жауапкершілігі жоғары үдеріс. Ол жоспарлы саясатты, тұрақты қолдауды және қоғамның нақты сұранысын ескеруді талап етеді. Осы тұрғыдан алғанда, баспана мәселесін кезең-кезеңімен шешу – халықтың тұрмысын түзеп қана қоймай, елдің болашағына салынған берік іргетас екені сөзсіз.
Иә, расында тұрғын үй – кез келген мемлекеттің әлеуметтік саясатының өзегі, азаматтардың өмір сапасын айқындайтын басты факторлардың бірі. Бұл мәселе Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың да үнемі назарында. Президент бірнеше рет сөйлеген сөзінде тұрғын үймен қамтамасыз ету халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттырудың негізгі тетігі екенін атап өткен болатын. Оның айтуынша, мемлекеттің басты міндеті – азаматтардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау, ал баспана мәселесі сол жағдайдың ең маңызды құрамдас бөлігі болуы қажет. Яғни, тұрғын үй саласында әділеттілік пен ашықтықты қамтамасыз ету мемлекеттің басым міндетіне айналған.
Осы стратегиялық ұстаным аясында Шымкент қаласында тұрғын үй қатынастары саласындағы мемлекеттік саясат жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Себебі, тұрғын үй қоғамның әлеуметтік тұрақтылығының, азаматтардың өмір сапасының, ертеңге деген сенімінің негізгі өлшемдері ретінде қаралады. Әсіресе, мегаполиске айналған Шымкент қаласы үшін тұрғын үй саясаты стратегиялық маңызы бар бағыт десек дұрыс болады.
Бұл тұрғыда Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында биыл он бір айдағы Шымкент қаласы аумағында тұрғын үй қатынастары саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру бойынша атқарылған жұмыстар сараланып, жүйелі өзгерістер мен нақты нәтижелер кеңінен қамтылды.
Іс-шара барысында Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Көпжан Тулебаев тұрғын үй қатынастары саласында атқарылған жұмыстарды, қол жеткізілген көрсеткіштерді және алдағы жоспарларды жан жақты баяндады. Оның айтуынша, тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі бүгінде тек әлеуметтік міндет қана емес, мемлекеттік саясаттың өзегіне айналып отыр.
Спикердің мәлімдеуінше, «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға енгізілген өзгерістер бұл салада түбегейлі жаңа кезеңнің басталуына жол ашты. Атап айтқанда, биыл мамыр айынан бастап кез келген кәмелетке толған азамат Orken.otbasybank.kz сайты арқылы тұрғын үй алу тізіміне онлайн түрде тіркеле алады. Бұл жаңашылдық тұрғын үй кезегіне тұру үдерісін барынша ашық, әділ әрі қолжетімді етті.
Осы заңнамалық өзгерістер аясында «Отбасы банк» акционерлік қоғамына ұлттық даму институты мәртебесі берілді. Енді тұрғын үй кезегіне қою, сондай ақ, мемлекеттік қолдау шараларын бөлу, яғни жалға берілетін және несиелік тұрғын үйлерді үлестіру автоматтандырылған түрде банктің ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Көпжан Тулебаевтың айтуынша, бұл тетік адами факторды азайтып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді.
Бүгінгі күні Шымкент қаласында тұрғын үй алу тізімінде 83 599 азамат тіркелген. Бұл көрсеткіш қала халқының тұрғын үйге деген сұранысының қаншалықты жоғары екенін айқын көрсетеді. Спикердің пікірінше, бұл бір жағынан әлеуметтік жауапкершіліктің артуы болса, екінші жағынан мемлекеттік қолдау тетіктеріне деген сенімнің нығайғанын білдіреді.
Жалдамалы тұрғын үймен қамтамасыз ету бағыты да басты назарда. Биылғы жоспарда 379 отбасы және былтырдан қалған 165 отбасы жалдамалы тұрғын үймен қамтылуға тиіс. Бұл жұмыстар түгендеу нәтижелеріне сәйкес «Отбасы банк» акционерлік қоғамымен бірлесіп жүргізіліп жатыр екен. Тұрғын үйлер бөлінгеннен кейін тұрғын үй басқармасы жалдау шарттарын ресімдеуді жүзеге асырады.
Баяндамашының айтуынша, жалдау шартының негізгі екі талабы бар. Біріншісі – тұрғынжайды мақсатына сай пайдалану. Екіншісі – тұрғынжайды пайдаланғаны үшін төлемақыны уақытылы төлеу. Осы талаптардың орындалуын қамтамасыз ету мақсатында жыл басынан бері басқарма тарапынан 30 көпқабатты тұрғын үй, яғни 1 800 ден астам пәтер тексерілген. Нәтижесінде 51 азаматқа ескерту беріліп, анықталған заң бұзушылықтар қалпына келтірілген.
Ал, жалдау ақысы бойынша берешекке қатысты 1 585 азаматқа сотқа дейінгі хабарлама хат жолданған. Соның нәтижесінде биыл арендалық төлемдерден 1,22 миллион теңгесі өндіріліп үлгеріпті. Көпжан Тулебаев бұл жұмыстардың басты мақсаты жазалау емес, тұрғын үй қорын сақтау және мемлекеттік мүлікті тиімді пайдалану екенін атап өтті.
Тұрғын үйді жалдау ақысын субсидиялау тетігі де әлеуметтік маңызы зор бағыттардың бірі. Өнеркәсіп және құрылыс министрінің бұйрығына сәйкес бұл механизм қолданысқа енгізілді. Субсидияға жетім балалар, көпбалалы отбасылар, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар азаматтар, сондай ақ мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар үміткер бола алады. Бұл ретте отбасының соңғы алты айдағы әрбір мүшесіне шаққандағы жиынтық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспаса болды.
Спикердің айтуынша, қазір 3 146 субсидия алушының 2 269-ы тексерілген. Тексеру нәтижесінде 1 242 азаматтың субсидияны мақсатсыз пайдаланғаны анықталып, олармен жасалған жалдау шарттары тоқтатылған. Биыл бұл тетікке жергілікті бюджеттен 664 миллион теңге бөлініп, оның 540 миллион теңгесі төленген. Қазір бұған қатысты мониторинг жұмыстары жалғасып жатыр.
Сонымен қатар, жұмыс істеп жүрген жастарды сатып алу құқығынсыз тұрғын үймен қамтамасыз ету бағдарламасы да өз жалғасын тауып келеді. Осы бағдарлама арқылы 2020 жылдан бері 3 849 азамат жалдамалы пәтермен қамтылған. Алайда алғашқы кезеңде пәтер алған 890 отбасының келісімшарт мерзімі аяқталуына байланысты оларды тұрғынжайдан босату жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Қазір 576 отбасының пәтерлері коммуналдық меншікке қайтарылған.
Сонымен бірге, қала әкімдігі мен «Отбасы банк» арасында «Қамқор» өңірлік бағдарламасы аясында 20,2 миллиард теңге бөлініп, соның 9,5 миллиард теңгесі игерілген. Бүгінгі күні 484 азамат несиемен қамтылса, 179 азаматқа банк тарапынан бас тарту берілген. Бұл шешімдердің негізгі себептері ретінде төлем қабілеттілігінің жеткіліксіздігі, табыстың болмауы немесе несие тарихының нашарлығы аталды.
Несиелік тұрғын үй бағыты бойынша да нақты жұмыстар атқарылып жатыр. Абай ауданы, Бозарық шағын ауданында орналасқан 444 пәтерлік 12 несиелік тұрғын үйге конкурс жарияланып, өтінімдер қабылданған. Қазір азаматтардың төлем қабілеттілігін растау жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді.
Брифинг барысында тұрғын үй сертификаттары да әлеуметтік қолдаудың маңызды құралы ретінде қарастырылып отырғаны айтылды. Биылға 500 миллион теңгеге дейін қайтарымсыз негізде тұрғын үй сертификаттарын беру жоспарланған. Осы жылы 239 өтінім түсіп, соның 120-сы мақұлданып, 114,1 миллион теңгеге сертификаттар берілген.
Жекешелендіру, тұрғын үй қорын сақтау және бірыңғай сәулеттік келбет қалыптастыру бағытындағы жұмыстар да жүйелі түрде жүзеге асып келе жатқаны қуантып отыр. Мәселен, қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің техникалық жай-күйі тексеріліп, жөндеуге мұқтаж үйлер анықталған. Бұл ретте заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес бірыңғай сәулет стилінің тұжырымдамасы әзірленіп, меншік иелерінің келісімі негізінде жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделіп отыр.
Басқарма өкілінің сөзіне сүйенсек, Шымкент қаласында тұрғын үй саясаты тек статистикалық көрсеткіштермен емес, нақты адамдардың тағдырымен, олардың тұрмыс сапасымен өлшеніп отыр. Көпжан Тулебаевтың айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да кезең-кезеңімен, жүйелі түрде жалғасын табатын болады.
Бұдан бөлек, қала әкімдігі тұрғын үй саясатын жүргізуде тек жаңа үйлер салумен шектелмей, тұрғын үй қорын сақтау мен қала келбетін жақсартуға да басымдық беріп келе жатқанын айта кеткен абзал. Осы орайда көпқабатты тұрғын үйлердің техникалық
жай-күйін тексеру, қасбеттері мен шатырларын жөндеу, бірыңғай сәулеттік келбет қалыптастыру жұмыстары кезең кезеңімен жүзеге асып отыр.
Мемлекет басшысы да үнемі өз баяндамаларында қалалардың сәулеттік келбеті тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер ететінін атап өткен. Осыған байланысты заңнамаға енгізілген өзгерістер Шымкент қаласына бірыңғай сәулет стилін қалыптастыруға мүмкіндік беріп отыр.
Демек, шаһарда тұрғын үй қатынастары саласындағы мемлекеттік саясат Мемлекет басшысының стратегиялық тапсырмалары мен қала басшылығының нақты қадамдары негізінде жүйелі түрде жүзеге асып жатыр. Өйткені, тұрғын үймен қамтамасыз етудің артында тек баспана беру емес, бұл халықтың әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз ету, қаланың дамуына серпін беру және азаматтардың ертеңге деген сенімін нығайту міндеті тұр. Сондықтан, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, Шымкенттің заманауи әрі жайлы мегаполиске айналуына негіз боларына сенім мол.
Ж.ТҰРСЫНӘЛІҚЫЗЫ
