Редакция таңдауы

АГРАРЛЫ САЛАДА ТҰРАҚТЫ ДАМУ БАР

Шымкент қаласы мегаполис болғанымен, шаһарда ауыл шаруашылығы саласы да қарқынды түрде дамып келеді. Мәселен, биыл 26,5 мың гектар жерге түрлі дақылдар егіліп, 86,1 мың тонна өнім жиналған. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігі жанындағы өңірлік коммуникация қызметі алаңында өткен брифингте қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқарма басшысының орынбасары Қайрат Базарбеков айтты.

Биыл Шымкентте дәнді дақылдар – 10,9 мың гектар, малазықтық дақылдар – 9 мың гектар, көкөніс пен бақша – 3,1 мың гектар, майлы дақылдар – 3 мың гектар, картоп – 500 гектар жерге егілген. Диқан қауым өнімділікті арттыруы үшін жергілікті билік өкілдері оларды қолдау мақсатында бюджеттен 911 млн теңге көлемінде қаржы жұмсаған.
– Жергілікті бюджеттен бөлінген қаржы толықтай игерілді. Атап айтар болсақ, тыңайтқыштарға – 122 млн, тұқым шаруашылығына – 20 млн, пестицидтерге – 600 мың, ал, жылыжай шаруашылығына – 767,8 млн теңге бөлінді. Шаруаларға егіс жұмыстарына 35,9 тонна жанар-жағармай арзандатылған бағамен жеткізіп берілді. Сондай-ақ, күзгі егін жинау жұмыстарына дизель отыны да қарастырылды, – дейді Қайрат Базарбеков.
Қайрат Базарбековтің айтуынша, қалада мал шаруашылығы саласында да өсім байқалады. Атап айтқанда, 6,6 мың тонна ет, 59 мың тонна сүт, 145,4 млн дана жұмытқа алынған. Ал, салада 4 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылған. Сөйтіп, 1 көкөніс сақтау қоймасы, 2 сүтті қайта өңдеу кәсіпорны, 1 мал бордақылау алаңы ашылды.
Тұрғындардың талап-тілегін ескере отырып, қалада 70-ке жуық сауда орындарында негізгі азық-түлік тауарлары нарық бағасынан төмен сатылып жатыр. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыруға бағытталған бұл шараларға «Magnum», «Gramad» сауда желілері және шағын дүкендер қатысты.
— Өндіруші кәсіпорындармен арнайы келісім-шарттар түзілді. Бағаны қадағалау мақсатында 456 кәсіпкерлік субъектінің электронды шот-фактураларына талдау жүргізілді. 78 комиссия отырысы өткізіліп, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша шаралар қабылданды, — дейді ол.
Қазіргі таңда апта сайын қаланың 8 жерінде азық-түлік жәрмеңкелері өткізіледі. Онда 170-180 тонна тауар 10-15 пайыз төмен бағамен сатылуда. Жәрмеңкені өткізуге жауапты мекемелер бекітілген. Барлық санитарлық және қауіпсіздік талаптары толық сақталған.
Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария саласында атқарылып жатқан жүйелі шаралар болашақта өнімділікті арттыруға және тұрақты экономикалық дамуға септігін тигізбек.

Г.ТЕМІРХАНҚЫЗЫ

Соңғы жаңалықтар