Қазақстанның саяси жүйесінде Парламент Сенаты мемлекет пен өңірлер арасын жалғап тұрған институционалдық көпір қызметін атқарып келеді. Ол тек заң қабылдайтын орган ғана емес, аймақтардың нақты мәселелерін республика деңгейінде қозғайтын саяси алаң деуге болады. Сенаторлар Үкіметтің назарын жергілікті жердегі түйткілді проблемаларға аударып, орталықта қабылданатын шешімдердің өңірлердің мүддесімен үйлесуіне ықпал етеді.
Осы тұрғыдан алғанда, республикалық маңызы Шымкент қаласынан сайланған Сенат депутаттарының рөлі айрықша. Олар қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылым, кәсіпкерлік пен инвестициялық ахуалға қатысты мәселелерді Сенат мінберінде көтеріп, проблемаларды жүйелі түрде шешуге ықпал етіп отыр.

Сенаторлар қала өміріндегі өзгерістерге куә болды
Осы орайда, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келді. Онда әлеуметтік, кәсіпкерлік нысандарын аралап, құқық қорғау органдарында жүзеге асырылып жатқан реформалар, өзгерістермен танысты. Мекеме басшылары, тұрғындармен кездесуде мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын түсіндіріп, ұсыныстарды тыңдады.
Сенаторлар алдымен қалалық балалар клиникалық ауруханасының жұмысымен танысты. Ондағы жансақтау бөлімі, жарақат бекеті, госпитальді фармация және басқа бөлімдердің жұмысын аралап, жүзеге асырылып жатқан өзгерістерге куә болды. Бас дәрігер Д.Жұмаділованың айтуынша, мекемеде бала өлімі екі есеге төмендеген. Көпбейінді ауруханада жылына 190 мыңға жуық медициналық көмек көрсетіледі. 20-25 мыңға жуық бала стационарлық ем алады. Мекеменің қала тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсету бағытындағы жұмыстарының маңызы зор. Жаңа медициналық жабдықтар алынып, көпсалалы қызмет көрсету жұмыстары қарқын алған.
Қала әкімдігінің қолдауымен материалдық-техникалық базамен қамтылуы
94 пайызға жеткен. Сонымен қатар, аталған ауруханада госпитальді фармация бөлімі бар. Дәрі бақылау бөлімі арқылы дәрілерді үнемдеу, экономикалық жағынан тиімді ету жолға қойылған. Әрі мамандар тапшылығын жою бағытында жастарды тәжірибелік бағытта оқыту жұмыстары да жүргізілуде.
А.Қапбарова материалдық-техникалық базаның 94 пайызға жетуі өте жоғары көрсеткіш екенін, ендігі ретте медициналық қызметтің сапасын жақсарту, бала өлімін азайту бойынша жұмыстар күшейтілу қажет екенін айтты. Сенатордың мәлімдеуінше, қазіргі уақытта елімізде балалар арасында ас қорыту жүйелері, жүйке жүйесі, көз аурулары көбейіп тұр. Оған цифрлық дәуірдегі әлеуметтік желілер, телефонды көп қолданудың да әсері көп.
Мемлекет балалар арасындағы аурулардың көбеюіне назар аударып отыр. Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан барлық қажетті техникамен қамтамасыз ету күн тәртібіндегі өзекті мәселенің бірі. Ендігі ретте балалар ауруларымен кешенді түрде айналысу қажет. Мемлекет басшысы да медициналық қызметтің сапасы, мамандардың біліктілігіне назар аударуда.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Парламентте медицина саласына қатысты өзгерістердің бәрін заңнамалық тұрғыда қамтамасыз етіп, қажетті заң нормаларын қабылдадық. Қоғамда медицина қызметкерлеріне қатысты қол жұмсау, ауыр жарақаттар салу мәселесі бойынша келеңсіз жағдайлар болды. Сенаттың Пленарлық отырысында заң қабылдап, қылмыстық кодекске бірнеше баптар енгіздік. Медицина, жедел жәрдем қызметкерлерін жарақаттау, дөрекі сөйлеудің алдын алу бойынша Қылмыстық кодексте әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделіп отыр, – дейді Н.Бекназаров.
Жұмыс сапары барысында сенаторлар Абай ауданы Асар шағынауданы тұрғындарымен жүздесті. Тұрғындардың айтуынша, шағынауданда барлық көше жарықтандырылып, жолдар жөнделді. Гүлзар да жаңартылды. 10 мыңнан астам халық тұратын шағынауданда азаматтар үшін қолайлы орта қалыптасып келеді.
Тұрғындар кездесуде жайлы орта мектеп және мәдениет үйі салынса деген ұсыныстарын алға тартты. Басқа аумақтардан келіп оқитын балалар саны артқандықтан қосымша мектеп салу мәселесі туындап тұр.
Сенат депутаттары Мемлекет басшысы азаматтардың тұрмыс-тіршілігін жақсарту, әлеуметтік жағдайына көңіл бөлуге мән беріп отырғанын, жалпы инфрақұрылыммен қамтуда негізгі мәселелер шешімін тапқанын жеткізді. Қалған мәселелер де кезең-кезеңімен, жоспарлы түрде шешіле бермек.
Сенаторлар «Бозарық» индустриалды аймағындағы Alsera KZ жылыжай кешеніне барып, өндіріс әлеуетін бақылады. Бұл ретте, тұрғындарды жұмыспен қамту, оларды әлеуметтік қорғау, өндіріс көлемін арттыру, кадрлар даярлау мәселесіне көңіл бөлді. А.Қапбарова жастардың әлеуетін пайдалану, жергілікті кадрларды даярлаудың маңызы зор екенін айтты.
Кәсіпорын басшыларының мәліметінше, мұндағы әр жылыжайда 130 адам жұмыс істейді. Жұмыс таңғы 9:00-ден басталып, 16:40-қа дейін жалғасады. Жұмысшыларды тасымалдау, тамақтандыру мәселесі де шешімін тапқан. Өндіріс орнынан қазіргі таңда жұмысшылар, агроном мамандар қажет. Компания өкілдері М.Әуезов атындағы ОҚЗУ, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу универсиетінен мамандар іздеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Сондай-ақ, жұмыс сапарының бірінші күні Сенат депутаттары сегізінші шақырылымдағы Шымкент қаласы мәслихатының кезекті отыз екінші сессиясына қатысты. 2025 жылды қорытындылаған сессияда Шымкент қаласы әкімінің оған жүктелген функциялары мен міндеттерін орындау туралы есебін тыңдады. Н.Бекназаров қалада шағын және орта бизнесті дамыту, инвестиция тартуда қарқынды жұмыстар бар екеніне тоқталды. Әлеуметтік-экономикалық бағытта оң өсім қалыптасқан. Халықты толғандырған көп мәселе шешімін тауып жатыр. Әлеуетті жобалар іске асырылуда.
Қала әкімдігінің ғимаратында Сенат депутаттары азаматтарды жеке қабылдау өткізді. Қала тұрғындары кәсіпкерлік мақсатта алынған жер телімін қайта рәсімдеу, атқарушылық іс жүргізу мәселелері бойынша шағымдарын жеткізді. Кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму басқармасы, Әл-Фараби ауданы әкімдігі өкілдері де қатысқан қабылдауда азаматтардың мәселелері тиісті мерзімде, заң аясында шешілетіні айтылды.

Құқық қорғау саласында жаңашылдық көп
Сенаторлар жұмыс сапарының екінші күні құқық қорғау органдарындағы атқарылған жұмыстарға куә болды. Қазіргі кезеңде құқық қорғау жүйесін реформалау, заңнамалық өзгерістер енгізу – уақыт талабы. Осы бағытта Шымкент қаласында іске асырылып жатқан жобалар, бастамалармен танысты. Сенаторлар алдымен Шымкент қаласының прокуратурасына барды. Қала прокуроры Ғабит Мұқанов және қызметкерлермен кездесуде заңдылықты қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтарын қорғау, құқық қорғау жүйесін жетілдіру қызметі мәселелерін талқыға салып, жүзеге асырылған түрлі жобалар, іс-шаралардың барысын бақылады. Көпшілікке осы бағыттағы жұмыстар бойынша бейнеролик көрсетілді.
Қала прокуратурасында қылмыспен күрес қана емес, оның алдын алудың әдістері әзірленген. Есірткі бизнесі, алаяқтық, қаржы пирамидалары, лудомания, отбасылық зорлық-зомбылық, жасөспірімдер арасында қылмыспен күрес, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мен заңдылықты сақтау, азаматтармен кері байланыс орнатуда көптеген жобалар іске асырылуда. АҚШ-тың есірткімен күрес агенттігінің шақыртуымен төрт қызметкер Нью-Иорк қаласында тәжірибе алмасып, шетелдік практиканы зерттеп қайтты.
Есірткі жарнамаларын жоюға 3000-нан астам коммуналдық қызметкер жұмылдырылып, уатсап чаттар арқылы нақты алгоритм енгізілген. Оларға тазалық сақшылары мәртебесі берілді. Нәтижесінде, 10 мыңнан астам наркограффити жойылды. 15 қылмыстық іс тіркеліп, 7 адам сотты болды. Өткен жылы 16 мың кәсіпкердің құқығы қорғалған.
Кездесуде Н.Бекназаров құқық қорғау жүйесіндегі реформалар, өзгерістер жөнінде жан-жақты баяндап, қаладағы прокуратура органдарында бұл бағытта тиісті іс-шаралар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Шаһарда азаматтардың құқықтарын қорғау, заңдылықты сақтауда алға ілгерілеу бар.
– Соңғы жылдары елімізде саяси-экономикалық өзгерістер қолға алынды. Соның ішінде маңызды бағыттардың бірі – құқық қорғау саласы. Азаматтардың қауіпсіздігін сақтау, бостандығын қорғауда жүйелі жұмыстар бар. Қылмыстың алдын алу мәселесі, азаматтардың құқығын қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуда заңнамалық өзгерістер жасалды. Есірткі, лудомания, құмар ойындарға шектеулер қою мәселесіне көңіл бөліп жатырмыз. Жол-көлік оқиғалары да алаңдатарлық. Қаладағы заңдылықтың сақталуында тиісті жұмыстар атқарылуда. Қала тұрғындарының өзі есірткіге қарсы күресте белсенділік танытып жатыр екен. Олар тазалық сақшылары деген мәртебеге ие. Бұл – өте құптарлық. Қарапайым тұрғындар тәртіпсіздік жағдайларды көрсе фото-бейнеге түсіріп, құқық қорғау органдарына жолдай алады. Қызметкерлер қаланы тазалаған кезде көптеген мәселені көруі мүмкін. Мұның бәрі де қалада қауіпсіздікті арттыруда өз септігін тигізеді, – деді Н.Бекназаров.
Сенат депутаттары одан әрі Шымкент қаласының Полиция департаментінде жаңадан ашылған азаматтарды қабылдау бөлмесін және музейді аралап, қызметкерлермен жүздесті. Ішкі істер органдарына қатысты заңнамаға енгізілген соңғы өзгерістер аясында қаладағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қылмыстар деңгейі мен алдын алу мәселелері бойынша қызметкерлермен жиын өткізді.
Департамент бастығының бірінші орынбасары Құрманбек Сахов қаладағы құқықбұзушылық жағдайы, ондағы негізгі көрсеткіштерді баяндады. Шымкент қаласында криминогендік ахуал тұрақты және бақылауда. 2025 жылдың 11 айында қалада тіркелген қылмыстар саны 2,8 пайызға төмендеген. Дегенмен, қоғамда кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық, отбасылық, тұрмыстық сипаттағы қылмыстар өткір әрі өзекті мәселеге айналып отыр. Қала әкімінің қолдауымен 2026 жылы департаментке қарасты бірнеше нысандардың құрылысын жүргізу жоспарлануда. Департамент аумағында жедел басқару орталығы, жылдам қимылдайтын арнайы жасақ, уақытша ұстау изоляторы, арнайы мекемелер құрылысын салу жоспарда.
– Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында елімізде заң мен тәртіп қағидаты жүзеге асырылуда. Ең басты міндет – азаматтардың құқығын, мүддесін қорғау. Шымкент қаласында осы бағыттарда оң нәтижелер бар екенін көріп отырмыз. Қабылданған заңнамалық актілердің қолданылуына мән беріп жатырмыз. Цифрлық дәуірге өткелі бері алаяқтық мәселесі алаңдатып отыр. Енді қылмыспен күресте цифрлық технологияларды меңгеру, заман талабына сай біліктілікті арттыру өте өзекті болып отыр, – деді А.Қапбарова.
Шымкент қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінде экономикалық және қаржылық құқықбұзушылықтарға қарсы іс-қимыл, көлеңкелі экономикамен күрес, экономикалық қауіпсіздікті заңнамалық қамтамасыз ету мәселелері бойынша кездесу ұйымдастырылды. Департамент басшысы Бақыт Қайшыбеков атқарылған жұмыстармен таныстырып, қызметкерлерге барлық жағдайлар жасалғанын жеткізді. Тергеу басқармасының кабинеттерін аралап көрген сенаторлар қазіргі уақытта экономикалық, қаржылық құқықбұзушылықтарға қарсы көптеген іс-шаралар өтіп жатқанын айтты. Өз кезегінде департамент қызметкерлері шетелде біліктілікті арттыру, білім алу сынды ұсыныстарын білдірді.
Сондай-ақ, сенаторлардың жұмыс сапары аясында Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының «Белсенді ұзақ өмір орталығы» мекемесінің жұмысымен танысу іс-шарасы өтті. Жаңа ғимаратта екі ауысымда 200-ге дейін зейнеткерге қызмет көрсетілуде. Жалпы қажетті барлық жағдайлар жасалған. Сенаторлар барлық бөлмелерді аралап көріп, қызмет алушылармен әңгімелесті.
Т.ҚАСЫМОВ
