Редакция таңдауы

ҚАЛА ЭКОНОМИКАСЫН ӨРГЕ СҮЙРЕГЕН САЛА

Шымкент – күн сайын көркейіп, келбеті жаңарып келе жатқан жасампаз қала. Соңғы жылдары шаһар аумағында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары еңселі ғимараттарды көбейтіп қана қоймай, тұрғындардың тұрмысын жақсартуға, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға және қаланың келбетін заманауи талаптарға сай етуге бағытталып отыр.

Осы орайда, Шымкент қаласының құрылыс басқармасы өткен жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысын жариялап, биылғы жоспарын хабарлады. Бұл көрсеткіштер қаланың қарқынды дамып, жүйелі жоспар негізінде ілгерілеп келе жатқанын көрсетіп отыр.

Өткен  жылы Шымкент қаласында жалпы құны 142,4 миллиард теңгені құрайтын 118 нысан салынды. Бұл – мегаполистің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін берген ауқымды көрсеткіш. Былтыр 67 нысанның құрылысы толығымен аяқталып, пайдалануға берілген. Сонымен қатар 51 нысанның құрылыс жұмыстары биыл әрі қарай жалғасады.

Қала халқы жыл сайын көбейіп келе жатқандықтан, тұрғын үй құрылысына ерекше назар аударылып отыр. Былтыр көп пәтерлі 66 тұрғын үй салынған. Аталған үйлер Тұран, Бозарық және Ақжайық шағын аудандарында бой көтерді. Атап айтқанда, Тұран шағын ауданында – 25 үй, Бозарықта – 36 үй, Ақжайықта – 5 үй салынды. Бұл жобалар қаланың тұрғын үй қорын молайтып қана қоймай, жаңа шағын аудандардың инфрақұрылымын қалыптастыруға да септігін тигізіп отыр.

Соның ішінде былтыр 34 тұрғын үй пайдалануға беріліп, 2 575 отбасы баспаналы болды. Халықтың игілігіне берілген тұрғын үйлердің  жалпы аумағы 203,9 мың шаршы метрді құрапты. Шағын аудандар бойынша тарқатып айтар болсақ, Бозарық шағын ауданында – 856 пәтерлі, жалпы аумағы 66,3 мың шаршы метрді құрайтын 20 тұрғын үй, Тұран шағын ауданында – 387 пәтерлі, 35,7 мың шаршы метрлік тұрғын үйлер пайдалануға берілді.  Осындай жүйелі жұмыстың арқасында тұрғындар кезең-кезеңімен қолжетімді бағадағы баспаналарды алып жатыр.

Мемлекеттің қазіргі саясатының ең маңызды бағыттарының бірі халықтың әл-ауқатын жақсарту екені аян. Үй-жайы бар, баспана мәселесі шешілген отбасының тұрмысы жылдан жылға түзеле түседі. Сол үшін биыл да Шымкентте халықты қолжетімді, сапалы әрі жайлы баспанамен қамту ісі толастамайтынға ұқсайды. Құрылыс басқармасының жоспарына сәйкес, былтырдан қалған 32 тұрғын үйдің құрылысы биыл аяқталады. Соның нәтижесінде жалпы аумағы 119 мың шаршы метрді құрайтын 1 458 пәтер тұрғын үй кезегінде тұрған отбасыларға үлестіріледі.

Әлеуметтік осал топтағы азаматтарды баспанамен қамту – мемлекет назарындағы маңызды міндеттердің бірі. Осы мақсатта 2025 жылы нарықтан 1 523 пәтер сатып алу жоспарланған. Оның 1 374 пәтері сатып алынып, тұрғындарға үлестірілді. Қалған 149 пәтерді сатып алу бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде. Бұл бастама тұрғын үйге мұқтаж отбасылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға және қоғамдағы әлеуметтік теңгерімді сақтауға бағытталған.

Қаланың тұрақты дамуы тек тұрғын үй құрылысымен өлшенбейтіні белгілі. Халыққа сапалы қызмет көрсету үшін әлеуметтік инфрақұрылымға қатысты мәселелерді шешудің де маңызы зор. Осы мақсатта Шымкентте былтыр 52 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілген. Соның ішінде 33 әлеуметтік нысан сол жылы-ақ ел игілігіне берілсе, 19 нысанның құрылысы биыл әрі қарай жалғасады. Оның ішінде білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт мекемелерінің ғимараттары мен қоғамдық қызмет көрсету нысандары да бар. Яғни, жаңа ғимараттар тұрғындардың өмір сапасын арттыруға оң әсерін тигізері анық.

Қаланың дамуы инженерлік инфрақұрылыммен де тікелей байланысты. Осыған орай, 2025 жылы 11 инженерлік инфрақұрылым нысанының құрылысы жоспарланған. Бозарық шағын ауданында – 8 нысан, Ақжайық шағын ауданында – 1 нысан, Тұран шағын ауданында – 1 нысан, Телман елді мекеніндегі мектепке – 1 нысан. Бүгінде 8 нысанның құрылысы толық аяқталған, ал 3 нысанның құрылысы, 2026 жылға өтпелі жоба ретінде жалғасады.

Қалада тұрғын үй қорының сапасын арттыру, тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы өмір сүруіне жағдай жасау күн тәртібінен түскен емес. Қала аумағындағы көп қабатты тұрғын үйлердің техникалық жағдайын бақылау, кепілдік мерзіміндегі кемшіліктерді жою, сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ескі үйлерді жаңғырту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр.

Қазіргі таңда Шымкент қаласы бойынша 197 көпқабатты тұрғын үй, 10 382 пәтер кепілдік мерзімінде тұр. Атап айтқанда, Тұран-2 шағын ауданында – 91 үй, Ақжайықта – 26 үй, Нұрсат-3 шағын ауданында – 30 үй, Бозарықта – 40 үй.

Былтыр сол үйлерде әртүрлі 466 кемшілік анықталып, барлығы кепілдік мерзім аясында мердігер мекемелер тарапынан толық қалпына келтірілді. Бұл да тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығына тікелей бағытталған жүйелі жұмыс жүріп жатқанының айғағы.

– Басқарма 24 мердігер мекеме, 34 техникалық қадағалаушы, 18 авторлық қадағалаушымен келісімшарт жасаған. Құрылыс сапасына немқұрайлы қараған мердігерлерге заң аясында қатаң шаралар қолданылды. Былтыр келісімшарт талаптарын орындамағаны үшін 12,5 миллион теңге көлемінде айыппұл өндірілді. Атап айтқанда, 10 мердігер мекемеге 8,4 млн теңге айыппұл салынды. Оның ішінде 6 мердігер жұмыс кестесінен кешіккен болса, 4 мердігер жобалық-сметалық құжаттамадан ауытқыған. Ал, 4 техникалық және авторлық қадағалаушыға  келісімшарт талаптарын тиісінше орындамағаны үшін 340 мың теңге айыппұл өндіоілген. Кепілдік мерзімі аясында 2 мердігер мекемеге сот арқылы 3,75 млн теңге айыппұл салынды. Бұл құрылыс саласында тәртіп пен жауапкершіліктің күшейтілгенін көрсетеді.

Қаланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2023 жылы көпқабатты 233 тұрғын үйге техникалық зерттеу жүргізілді. Оның нәтижесінде 68 үй сейсмонығайтуды қажет ететіні, 67 үй апатты жағдайда екені, 98 үйдің техникалық тұрғыда тұрақты екені анықталды. Бұл мәліметтер алдағы жаңғырту және қайта салу жұмыстарына негіз болып отыр, – дейді басқарма басшысы Шымкент қаласының құрылыс басқармасының басшысы Олжас Тәжібаев.

Шымкент қаласында апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлерді жаңарту мақсатындакөп қабатты  66 үйді сүріп, тұрғындарды жаңа баспанамен қамтамасыз ету жөніндегі жол картасы қайта бекітілді. 2025 жылы апатты деп танылған 12 үйдің ішінен 10 үйдің тұрғындары реновация бағдарламасы аясында көшірілді.

Қазіргі уақытта «B like» ЖШС тарапынан, Елшібек батыр көшесінде – 6 қабатты 2 үй, Безделова көшесінде – 7 қабатты 1 үй, Төлеби көшесінде – 9 қабатты 1 үйдің құрылысы қарқынды жүргізілуде.

2025 жылы Шымкент қаласында 11 жаңа білім беру нысанының құрылысы жүргізілді. Бұл қатарда жаңа мектептер мен қосымша ғимараттар бар. Атап айтқанда, №19, №16, №50, №121, №82, №122, №66 мектептерге қосымша ғимараттар, Тельман елді мекеніндегі 1200 орындық мектеп, Тұран шағынауданындағы 500 орындық оқушылар сарайы, С. Рахимов атындағы мектеп, сондай-ақ Сайрам колледжінің жатақханасы салынды. Олардың қазіргі таңда 4 нысан толық пайдалануға берілді. Тұран шағынауданындағы 500 орындық оқушылар сарайы, С. Рахимов атындағы мектеп, Тельман елді мекеніндегі 1200 орындық мектеп, №50 мектепке қосымша корпус. Ал қалған 7 білім нысанының құрылысы 2026 жылға өтпелі. Сонымен қатар, 11 білім беру мекемесі күрделі жөндеуден өтті. Атап айтқанда, №10, №26, №13, №9, №99, №75, №108, №1, №109 мектептер, №97 «Ақмарал» балабақшасы және №19 мектептің жылу жүйесі жаңартылып, 2025 жылдың қыркүйек айында пайдалануға берілді.

Қаланың спорттық әлеуетін арттыру мақсатында №15 спорт мектебінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Ал мәдениет саласында Бәйдібек би көшесі, 115/1 мекенжайындағы ғимарат қайта жаңғыртылып, ел игілігіне тапсырылды. Бұл нысан мәдени өмірдің жандануына серпін бермек.

Шымкент қаласында екі ірі абаттандыру нысанының құрылысы жоспарланған. Олардың бірі – Шымсити шағынауданындағы 20,4 гектарлық саябақ пен 18 гектарлық саябақтың құрылысы. Бұл жобалар қала тұрғындары үшін жайлы демалыс аймақтарын қалыптастыруға бағытталған. Басқарма назарынан әлеуметтік нысандар да қалмады. №6 балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, 2025 жылдың тамыз айында пайдалануға берілді. Ал №1 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының 50 орындық қосымша ғимараты және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған 150 орындық оңалту орталығының құрылысы 2026 жылға өтпелі.

– Қала қауіпсіздігін нығайту мақсатында 6 төтенше жағдай нысанының құрылысы жоспарланған. Таскен, Елтай, Сәуле шағынаудандарындағы жедел қызмет көрсету орталықтары пайдалануға берілгеніне куә. Ал Жаңаталап, Бозарық-3 шағынаудандарындағы орталықтар мен Тұран шағынауданындағы 4 көлікке арналған өрт сөндіру депосының құрылысы 2026 жылға өтпелі. Мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыру мақсатында 4 әкімшілік нысанның құрылысы жоспарланып, әкімшілік-іскерлік орталықтағы ғимарат 2025 жылдың шілде айында пайдалануға берілді, Қазыбек би көшесіндегі екі әкімшілік нысан биыл аяқталды. Ал әкімдік қызметтік көліктеріне арналған гараж бен әкімшілік ғимараттың құрылысы мен №3 қалалық аурухана ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары 2026 жылы аяқталады деп жоспарланған. Бүгінде 22 жоба бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптамадан өтті. Оның ішінде, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, төтенше жағдай, әлеуметтік және әкімшілік нысандар бар. Сонымен қатар 51 жоба әзірлеу сатысында, – дейді Олжас Пердебайұлы.

Шымкент қаласында тұрғын үй қоры тек сан жағынан емес, сапа тұрғысынан да жаңарып келеді. Кепілдік міндеттемелердің орындалуы, сейсмикалық қауіпсіздікке мән берілуі, ескі үйлердің орнына жаңа баспаналардың салынуы – барлығы да қала тұрғындарының қауіпсіз әрі жайлы өмір сүруіне бағытталған нақты қадамдар. Қалада жүзеге асып жатқан бұл ауқымды жұмыстар – ел игілігіне бағытталған жүйелі саясаттың нәтижесі. Білім, мәдениет, қауіпсіздік пен әлеуметтік қолдау салаларындағы бұл бастамалар қала тұрғындарының өмір сапасын арттырып, болашақ ұрпақ үшін берік негіз қалыптастырады. Бұл – бүгінгі күннің ғана емес, ертеңгі ұрпақтың игілігі үшін атқарылып жатқан маңызды жұмыстардың нәтижесі. Алдағы жылдары да Шымкенттің сәулеттік келбеті жаңарып, инфрақұрылымы жетіліп, тұрғындар үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптаса беретіні анық.

 

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

 

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win