Екіжақты келіссөздерден кейін Мемлекет басшысы мен Гвинея-Бисау Президенті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасады.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Умару Сисоку Эмбалоның Қазақстанға ресми сапары алыс жатқан елдерді байланыстырып, халықтарымыздың тілегі мен ниеті бір екенін көрсетеді.
– Екіжақты кездесудің нәтижесінде тиімді уағдаластықтарға қол жеткіздік. Бұл сапар саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және басқа да салалардағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді. Мысалы, көлік-логистика саласының әлеуетін толық пайдалануға екі ел де мүдделі. Осы ретте Батыс Африкадағы Бисау порты мен Транскаспий көлік дәлізін ұштастыру жолдарын зерделеуге келістік. Әлемдегі геосаяси ахуал мен азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі ушығып тұрған қазіргі кезде мұның мән-маңызы айрықша, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы саласындағы серіктестік келіссөздердегі басты тақырыптың бірі болғанын айтты. Тараптар Қазақстанның Гвинея-Бисауға дәнді дақылды экспорттауға қатысты мүмкіндігі мол екеніне назар аударған.
– Бұл ретте еліміздің бастамасымен құрылған Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының әлеуетін толық пайдалануға болады. Сонымен қатар тау-кен және табиғи ресурстарды игеру ісіндегі ынтымақтастық мәселесін талқыладық. Атап айтқанда, темір, фосфат, боксит және басқа да сирек кездесетін минерал кеніштерін барлау және игеру үшін бірлесе жұмыс істеуге зор мүмкіндік бар, – деді Мемлекет басшысы.
Президент еліміздің цифрландыру, киберқауіпсіздік және финтех бағытындағы жетістіктеріне тоқталып, цифрлық қызмет саласындағы ықпалдастықты арттыруды ұсынғанын жеткізді. Сонымен қатар Гвинея-Бисау делегациясын келесі жылы өтетін Астана халықаралық форумына шақырғанын айтты.
Тараптар халықаралық мәселелер жөнінде пікір алмасып, ой бөліскен. Қазақстан Президенті қос мемлекеттің көптеген өзекті тақырыптар бойынша ұстанымдары ұқсас екенін мәлімдеді.
Өз кезегінде Умару Сисоку Эмбало Қазақстан мен Гвинея-Бисау арасындағы ынтымақтастықты нығайту перспективасына назар аударды.
– Елдерімізде табиғи ресурстарды барлау, білім беру салалары мен көмірсутегін экспорттау бойынша ықпалдастықты жандандыруға қажетті механизм бар. Сонымен қатар Сіздермен түрлі халықаралық алаңдарда қарым-қатынас жасап, көпқырлы байланысымызды ілгерілетуге мүдделіміз, – деді Гвинея-Бисау Президенті.