
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Шымкент қаласындағы әуежайды бәсекеге қабілетті, логистикалық қызметтердің толық спектрін ұсынатын заманауи мультимодальдық орталыққа айналдыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылуда.
Осы тапсырманы орындау мақсатында жеке инвестор — «SCAT» әуе компаниясының қаражаты есебінен жаңа жолаушылар терминалы салынды. Терминал 2024 жылғы желтоқсан айында пайдалануға берілді. Бұрынғы терминалдың өткізу қабілеті сағатына 200 жолаушыны құраса, жаңа терминал іске қосылғаннан кейін бұл көрсеткіш 2000 жолаушыға дейін артты. Нәтижесінде әуежайдың жылдық өткізу мүмкіндігі 10–12 миллион жолаушыға жетіп отыр.
Жолаушылар ағынының айтарлықтай өсуі тіркелді. 2024 жылдың 11 айында Шымкент әуежайы арқылы 1,1 миллион жолаушы тасымалданса, ағымдағы жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 1,9 миллион жолаушыға жетіп, 75 пайыздық өсім көрсетті.
Шымкент халықаралық әуежайы жүк тасымалы саласында да белсенді дамуда. Қазіргі уақытта әуежай 9 логистикалық компаниямен ынтымақтастық орнатқан. Атап айтқанда, «Avis Logistics» ЖШС, «Глобалинк Транспортэйшн» ЖШС, «Рика» ЖШС, «Asia Freight» ЖШС, «Юникс» ЖШС, «ПетроКазахстан Ойл Продактс» ЖШС, «Spark Логистика» ЖШС, «World Agro Trade» ЖШС және «Via Logistics» ЖШС қызмет көрсетуде. 2024 жылдың 11 айында жүк айналымы 1,5 мың тоннаны құраса, ағымдағы жылдың осы кезеңінде 1,7 мың тоннаға жетіп, 15 пайызға артты.
Бүгінде Шымкент халықаралық әуежайы Қазақстандағы үшінші ірі әуежай саналады. Жыл басында әуежай 10 халықаралық бағытқа қызмет көрсетсе, қазіргі таңда халықаралық әуе бағыттарының саны 18-ге дейін ұлғайды. Олардың қатарында Стамбул, Мәскеу, Анталья, Дубай, Доха, Медина, Джидда, Шарм-эль-Шейх, сондай-ақ жаңадан ашылған Мюнхен, Будапешт, Шанхай, Сиань, Кутаиси, Урумчи, Каир, Сеул, Бангкок және Красноярск бағыттары бар.
Ішкі әуе қатынастары да кеңейтілді. Бұрын 7 бағыт бойынша рейстер орындалса, қазіргі таңда олардың саны 12-ге жетті. Қолданыстағы бағыттарға Астана, Алматы, Ақтау, Атырау, Жезқазған, Петропавл және Көкшетау кірсе, жаңадан Қарағанды, Қостанай, Ақтөбе, Өскемен және Орал қалалары қосылды.
Қазіргі уақытта Шымкент халықаралық әуежайы 7 әуе компаниясымен тұрақты негізде жұмыс жүргізуде. Атап айтқанда, Air Astana, FlyArystan, Pegasus Airlines, FlyDubai, SCAT, Aeroflot және Turkish Airlines компаниялары рейстер орындайды.
Сонымен қатар Мемлекет Басшысының әуежайды халықаралық деңгейдегі заманауи мультимодальды хабқа айналдыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес жаңа ұшу-қону жолағын салу жұмыстары басталды. Ұзындығы 3300 метр, ені 75 метр болатын бұл ұшу-қону жолағы Халықаралық азаматтық авиация ұйымының үшінші санаттағы стандарттарына сай келеді. Жоба ұшақтарды ауа райы жағдайына қарамастан қабылдауға және жөнелтуге мүмкіндік беріп, әуежайдың транзиттік әлеуетін едәуір арттырады.
Аталған ұшу-қону жолағының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, 2025 жылғы 31 наурызда мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алынған. Құрылыс жұмыстары қазан айынан бастап жүргізілуде.
Шымкент халықаралық әуежайында жүзеге асырылып жатқан бұл жобалар өңірдің көлік-логистикалық инфрақұрылымын дамытуға, халықаралық байланыстарды кеңейтуге және жаңа экономикалық мүмкіндіктер қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
