Редакция таңдауы

Өнеркәсіп – экономиканың басты тірегі

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында өңдеу өнеркәсібінің көлемін 1,5 есеге арттыру жөнінде нақты міндет жүктегені белгілі. Расында, Қазақстанның барлық өңірлерінде, әсіресе, Шымкент секілді ірі қалаларда өнеркәсіп секторы алға баспаса өсу де, өркендеу де болмақ емес. Демек, бұл міндеттің орындалуы отандық экономиканы әртараптандыруға мүмкіндік беріп, халқымыздың әлеуметтік жағдайын жақсарта түспек.

Бүгінде Шымкент қаласында ел Президентінің осы тапсырмасын орындау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Атап айтар болсақ, биылғы 10 айда осы бағытта 12 ірі жоба іске асырылған. Оларға 67,1 млрд теңге инвестиция тартылып, 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар, өнеркәсіп саласын дамыту мақсатында қалада жалпы аумағы 438 гектарды алатын екі жаңа индустриялық аймақ іске қосылды.
Шаһардағы өнеркәсіпті дамытуға бағытталған жұмыстардың нәтижесінде экономикалық өсім көрсеткіші 12 пайызға жетіп отыр. Осындай жоғары нәтиженің арқасында мегаполис республика өңірлері арасында көш бастап тұр. Бұл – Шымкенттің дұрыс бағытта дамып келе жатқанының айқын көрсеткіші.
Ресми деректерге жүгінсек, мегаполистің көшбасшы болуына бірнеше көрсеткіш әсер еткен. Атап айтқанда, тартылған инвестиция көлемі 9 пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі 27 пайызға,пайдалануға берілген тұрғын үй ауданы 42 пайызға, ал, сауда көлемі 19 пайызға көбейуі, көлік қызметтері 26 пайызға, ал, өнеркәсіп өнімі көлемі 2 пайызға артты.
Жалпы, жыл басынан бері Шымкентке 536 млрд теңге инвестиция тартылды. Өңір экономикасын көтеру және ынталандыру үшін инвесторларға қолайлы жағдай жасау маңызды. Сол себепті, биылдан бастап инвестицияларды тиімді тарту жұмыстарын арттыру мақсатында «Shymkent-Invest» фронт-офисі белсенді жұмыс істей бастаған. Бұл кеңсе инвесторларға «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетеді. Бүгінге дейін мұнда инвесторларға шамамен 2 мың қызмет түрі ұсынылған. Олардың ішінде бизнес-жоспар әзірлеуден бастап, жобаны жүзеге асыруға қажетті рұқсат құжаттарын толық сүйемелдеу бар.
Қала әкімдігінің деректері бойынша, Үкіметтің 2028 жылға дейінгі жоспарында Шымкентке 5,6 трлн теңге инвестиция тарту көзделген. Бүгінде 2,7 трлн теңгеге 220 инвестициялық жоба тобы құрылып, 30 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарлануда.

«ШК» — ақпарат

Соңғы жаңалықтар