Редакция таңдауы

АРДАГЕРЛЕРДІҢ БЕЛСЕНДІЛІГІ БӘСЕҢДЕМЕЙДІ

Кешегі апта соңында Шымкент қалалық Ардагерлер кеңесінің пленумы болды. Онда бірнеше мәселе қаралды. Жиынға қалалық, аудандық ардагерлер ұйымының мүшелері, зиялы қауым өкілдері қатысты. Пленум жұмысын қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев жүргізіп отырды.

Күн тәртібіндегі алғашқы тақырып – Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың 2026 жылғы 5 қаңтар күнгі «Turkistan» газетінде жарияланған «ҚАЗАҚСТАН ЖАҢҒЫРУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІНЕ ҚАДАМ БАСТЫ» атты сұхбаты бойынша қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек баяндама жасады.

–Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы бұған дейін «Егемен Қазақстан», «Ана тілі» газеттеріне сұхбат берді. Енді міне, сол үрдісті жалғастырып «Turkistan» газетіне берген сұхбаты кең көлемде жарияланды. Бұл Президенттің ұлт басылымдарына, оның оқырмандарына деген айрықша құрметі. Мемлекет басшысынан үлгі алып, әрқайсымыз қазақтілді басылымдарды қолдауымыз қажет. Бұл орайда көштің басында өздеріңіз сияқты ел ағалары, қоғамның белсенді мүшелері, жастарға өнеге болар қариялар жүргені абзал.

Сұхбатқа келетін болсақ, Президент әлеуметтік көмек пен иммиграцияға қатысты көзқарасын айтты.

«Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, ғылым және мәдениет саласына қатысты барлық міндеттеме толық орындалады. «Сырт көз – сыншы» деген сөз бар. Шетелдіктер, әсіресе, көрші мемлекеттердің тұрғындары біздің елдегі әлеуметтік қызметтің соншалықты дамығанына қызыға да, қызғана да қарайды. Соның ішінде кепілдік берілген тегін медициналық көмек және азаматтарға арналған көптеген жеңілдік бар. Тіпті, Қазақстанды «коммунизм орнаған» ел деп атай бастады.

Мысал ретінде, жекеменшік мектептердің иелері де ауқымды мемлекеттік субсидия алатын орта білім жүйесін айтуға болады. Барлық аймаққа жекеменшік мектептердің, балабақшалардың, оқу орталықтары мен үйірмелердің жұмысын қамтамасыз ету үшін «жан басына сәйкес қаржыландыру» қағидаты бойынша қомақты қаражат бөлу міндеті жүктелген. Бұған қоса, ауқатты кәсіпкерлердің меншігіндегі және ата-аналары балалардың оқу ақысына көп ақша төлеп отырған элиталық мектептерге де бюджеттен қаржы бөлінеді.

Бұл саланы мемлекеттен қаржыландыру жүйесінің өзін реформалау керек. Министрліктің бұрынғы басшылары енгізген бүгінгі бұрмаланған тәртіп бей-берекеттікке әкеп соқтырады, себебі, қазірдің өзінде қаражат жетпей жатыр» – деп ашығын айтты.

Осылайша Президент ел экономикасының өскенін айта келе, тоқмейілсуге болмайтынын, дәйім ізденісте болуды ескертті.

Елімізде орта білім беру міндеттелген. Бұл орайда мектептердің жетіспеушілігі, жыл сайын мектеп жасындағы оқушылар санының артуын негізге ала отырып, білім беру ісінде бәсекелстікті, білім сапасын арттыруды мақсат еткендіктен де жекеменшік мектептерді ашуға рұқсат етілгені белгілі. Бірақ, бүгінгі тәжірибе көрсетіп отырғандай жекеменшік мектептердің барлығы бірдей негізгі үмітті ақтай алмай отыр, – деді Сәрсен Құранбек.

Бюджет қаржысын тиімсіз пайдалану ісі әлеуметтік қорғау саласында да байқалады. Мемлекет нағыз мұқтаж жандарды қолдауға дайын. Бірақ, солай екен деп масылдыққа бой алдырмау қажет. Ал, ондайлар әлі де аз емес екен.

–Мысалы осыдан 2-3 жыл бұрын Шымкентте мемлекеттік әлеуметтік көмекті 12800 адам алып келген болса, қазір олардың саны 1800 адам. Себебі, көбі тұрмыстық жағдайы жақсы бола тұра жалған құжат дайындап әлеуметтік көмекке мұқтаж жандар санатына еніп кеткені анықталды,- дейді Сәрсен Құранбек.

Осылайша мемлекеттен бөлінетін әр тиынның есебі барын ескеріп, оны қадағалап, бақылауда ұстайтын болсақ, ортақ қазынаның қаржысын тиімді пайдалансақ, Мемлекет басшысы айтқандай қоғамда заң мен тәртіп орнаса Қазақстанның даму көкжиегі кеңейе түсері анық.

Қала әкімінің орынбасарының айтуынша, мектеп асханаларында сабаққа келмеген балаларды да «ыстық тамақ берілді» деп жалған құжат толтыру белең алған. Қаладағы 40 мың оқушының көп бөлігі қосымша сабақтармен қамтылмағаны анықталған. Мектептегі 7600 бейнебақылау камерасының көбі полицияның жедел бақылау орталығына тіркелмегені белгілі болған.

–Былтырғы жыл қорытындысында мәлім болғанындай, Шымкенттің бюджеті 857 млрд теңгеге артық орындалды. Қалада шағын кәсіпкерлікті қолдау мақсатында ұсақ сауда жасаушыларға салынатын салық 4 пайыздан 2 пайызға төмендетілген, – деді Сәрсен Құранбек.

Негізгі баяндамадан соң жарыссөзге шыққан Пленум мүшелері Созақбай Әбдіқұлов, Дархан Қаюпов, Әбила Көздібаева Мемлекет басшысының сұхбатында айтылған инвестиция, энергиетика, тағы басқа мәселелер бойынша өз ойларын ортаға салды.

Президент өз сұхбатында баяндағандай, Қазақстанда барлық азаматтың құқығы бірдей, ешкімге ешқандай артықшылық немесе басымдық берілмейді. «Біз өркениетті, әділетті мемлекет құрып жатырмыз. Заң үстемдігін қамтамасыз ету, білімнің сапасын арттыру, мәдениетті болу, аянбай еңбек ету, тәртіпке бас ию және мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарау арқылы ғана осы мақсатқа жетеміз. Еліміздің болашағы дарынды, бастамашыл әрі отаншыл жастардың қолында.

Мен мұны үнемі айтып жүремін. Себебі, Мемлекет басшысы ретінде өскелең ұрпақтың жасампаз қуатына сенемін», – деді Президент.

Жарыссөзге шыққандар осы қағидатты мықтап ұстансақ, ардагерлер әрбір игі бастаманың қолдаушысы бола білсе қоғамда тәртіп орнайтынына сенім білдірді.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе – қалалық Ардагерлер кеңесінің 2025 жылы атқарған жұмыстары бойынша кеңес төрағасының орынбасары Асылбек Асқар баяндама жасады.

Пленумда биылғы жылы ардагерлер кеңесі тарапынан атқарылар шаруалардың да жай-жапсары кеңінен талқыланып бекітілді.

 

Ж. ЖАЙЛАУБЕКҚЫЗЫ

 

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win