Редакция таңдауы

Журналист мемлекетшіл болуы керек

Әбдез РАХМАНҰЛЫ, Түркістан облысының Құрметті азаматы:

Қазақ журналистикасында өзіндік өшпес із, өлмес қолтаңбасын қалыптастырған әйгілі Әбдез Рахманұлы биыл асқаралы алпыс жасқа толып отыр. Отандық БАҚ саласының нағыз брендіне айналған Әбдез Иманқұлов биыл Қазақстан Журналистер одағының шешімімен «Қазақстанның құрметті журналисі» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ, мерейтой иесі Түркістан облысының Құрметті азаматы атанды. Бұл атақтың берілуі тек Әбекеңнің еңбегін бағалау деп қана емес, оңтүстік өңіріндегі, яғни шымкенттік һәм түркістандық барша журналистер қауымына көрсетілген құрмет деп білеміз. Өйткені Әбекеңнің бұл атаққа әбден лайықты екенін айтып ұсыныс жасаған еншісі бөлінбейтін екі өңір – Түркістан облысы мен Шымкент қаласында шоғырланған өзара бірлігі бекем, ынтымағы мығым, ауызбіршілігі жарасқан тілшілер қауымы еді.

Журналистика саласындағы еңбек өтілі 40 жылға жуықтаған, қоғамда өзіндік орны, әріптестерінің арасында жоғары беделі бар Ә.Рахманұлы бүгінгі таңда AMANAT партиясы Қаратау аудандық филиалының Атқарушы хатшысы қызметін абыроймен атқаруда. Отандық журналистиканың дамуына қосқан үлесі, ақпарат саласындағы адал еңбегі елеусіз қалмай, көптеген марапаттарға ие бола білді. 2008-2011 жылдар аралығында Қазақстан Журналистер одағы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалына, 2011-13 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық «Редакторлар клубына» төрағалық жасады. Осының өзі Әбдез Рахманұлының журналистика саласындағы өзіндік орны бар, кәсіби ортада абырой-беделі жоғары азамат екенін аңғартады.
Журналистика саласындағы зор жетістіктерімен, көпшілікті мойындатқан талантымен ерекшеленген Әбдез Рахманұлы – Қазығұрт ауданының тумасы. Қасиетті өлкеде кіндік қаны тамған Иманқұлов Әбдез Рахманұлы туған өлкесіне жанашырлық танытып, дамуына сүбелі үлес қосқан, қуанышын бөлісіп, аудандағы көптеген өзекті мәселелердің оңтайлы шешілуіне тікелей атсалысты.
«Хабар» телеарнасында ұзақ жыл абыройлы жұмыс істеген, республикалық және халықаралық деңгейдегі тәжірибесі мол ардагер журналистпен жолығып, отандық журналистиканың, жергілікті БАҚ-тардың жай-күйі турасында аз-кем пікірлесудің сәті түсті.
– Біздің жас кезімізде ауданда «Ленин өсиеті» деген газет шығатын, «Қазығұрт тынысы» ғой. Сол газетке ауылдағы судың жоқтығы, көшелердің жылдап жөнделмей жатқандығы туралы өлеңім жарияланған. Сол аудандық газетке шыққан өлеңдерім мен мақалаларым журналист болуыма сеп болды. Туған жердің жағдайын айтып жүріп, журналист боп кеттік. Бұрын аудан әкімдігі бұқаралық ақпарат құралдарына қаржы бөліп, біршама қолдау көрсететін. Қазір жүйе басқаша. Оның үстіне, әлеуметтік желі дамып жатқан заманда қағазға басылып шығатын газеттің, журналдың таралымы қиындап жатқан кезеңде әр ауданның өзінің бір газеті болу керек деп айта алмаймын. Бұл газет-журнал керек емес деген сөз емес. Тек қаржылық тұрғыдан қаншалықты тиімді екенін ескеру керек. Егер мықты кәсіпорындар болып, олар өзін газет арқылы жарнамалап әрі газеттің ары қарай шығып тұруына себепкер болса жақсы. Ал, «малым жоғалып кетті», «бидайымды сатамын» деген сынды жарнамалармен газетті өміршең ету қиындау болады. Қазығұрттан мықты журналистер шыққан. Соның бірі – өзім бірге оқыған, бір бөлмеде жатқан, баяғының тілімен айтқанда «бір совхоздан шыққан» жерлесім Жарылқап Қалыбай. «Аңыз адам» мен «Жұлдыздар отбасы» журналдарын білмейтіндер кемде-кем. Жарылқап жерлесімнің бастамасымен, басшылығымен шыққан екі журналдың таралымына елдегі ешқандай журнал әлі тең келе қоймады-ау. Үздік, мықты жоба болды. Өзіміздің Жаңабазардан шыққан жерлесім, осы екі журналдың құрылтайшысы Жарылқап Қалыбайды мақтан тұтамын, – дейді Әбдез Рахманұлы.
Одан әрі әңгімеміз аудан шеңберінен шығып, облыстағы журналистикаға ойысты. Жалпы, басқа өңірлерге қарағанда еліміздің оңтүстігінде бұқаралық ақпарат құралдары көбірек тіркелген. Әбдез Рахманұлының сөзімен сабақтасақ, біздің журналистикада бәсеке бар. Өңіріміздегі бұқаралық ақпарат құралдары оқырманның сұранысына қарай ізденіп, зерттеп, сапалы ақпарат беріп жатады. Дегенмен, халық көретін тақырыпты іздеймін деп көбіне зерттемей, білмей жатып бәлеқорлық жасайтын немесе тек арызданған материалды беруге тырысатын журналистер көбейіп барады. Әрине, журналист сол арқылы билік пен бұқараның ортасындағы көпір екенін көрсеткісі келеді. Бірақ, кейде журналистке шеберлік, ақпаратты тереңірек зерттеу жетіспей жатады. Әр журналистің өзінің ішкі редакторы болу керек. Егер бір ақпараттың растығына күмәні болса, оны халыққа ұсынудың қажеті жоқ.
– Мен «Хабар» агенттігінде жиырма жыл істедім. Сол уақыттың көбісінде жаңалықтарда жүрдім. Сондықтан да болар, жаңалық қандай болу керек, оны халыққа қалай беру керек, осы мәселелер туралы көбірек ойланамын. Журналистің жұмысы мемлекеттік арнада ма, жекеменшік арнада ма маңызды емес. Оның мемлекетшілдігі азаматтығына, адамдығына байланысты. Яғни, журналистің ішкі редакторы болу керек. Оны ар дейсіз бе, ұят дейсіз бе, азаматтық ұстаным дейсіз бе, әйтеуір журналстің әрбір туындысы, өнімі сол жүректегі редактордың сүзгісінен өтуі шарт. Мәселен, менің екі редакторым бар. Оның біреуі жүрегімде. Ақпаратты әбден сүзгіден өткіземін. Жүрегімдегі редакторым сол ақпараттың растығына күдікпен қараса, мен оны халыққа ұсынбаймын. Сосын тәжірибелі редакторым да қарайды. Сол екеуі әрдайым қатар жүреді. Қазір газетте де, телеарналарда да ақпаратты тезірек беру керек деген үрдіс қалыптасып кетті. Жаңалықтың сапасына емес, бәрінен алғашқы болып бергені маңызды деп түсінеді. Бұл да заманның талабы шығар. Өкінішке қарай, қазіргі журналистердің көбісінің бір редакторы, яғни, жүректегі редакторы сәл нашарлау жұмыс істейді. Ал, екінші редакторына тәжірибе керек. Тәжірибелі редактор журналисті жақсылап қадағалайтын болса, ол өзінің жауапкершілігін сезінеді. Екі редакторы барлар нағыз мемлекетшіл журналист болады. Жалпы, заманың қанша түлкі болғанымен, жүрегіңнің түкпірінде мемлекетшілдік болу керек. Заманың түлкі болса, тазы боп шал дейміз ғой. Алайда, заманға сай боламын деп, оқырман тарту үшін кез келген ақпаратты жариялай беруге болмайды. Журналистің сөзінде салмақ болу керек. Сондықтан, хабарды тез беремін деп сапасыз, асығыс беріп қоюдан сақтану қажет. Оқырманның саны үшін «хайп» қуып, әбес дүниелерді жариялаудан аулақ болған абзал. Әлі де айтамын, жас журналистің екі редакторы болу керек. Сырттағы редакторы тәжірибелі болып, қатесін ашық айтатын болса, журналист те қайталамауға тырысар еді. Сондықтан, көп нәрсе редакторға байланысты, – дейді журналистикадағы тәжірибесімен бөліскен Әбдез Рахманұлы.
Басқа телеарналарды көріп отырғанда да осыған мән беретінін айтқан журналист Оңтүстік өңірдегі телеарналардың жаңашылдығы туралы жылы пікір білдірді. Әсіресе, ауылдың тыныс-тіршілігін көрсететін тележобалардың көрерменге жақсы әсер береді. Жалпы, отандық журналистика саласына көңілі толса да әрдайым алға ұмтылу, іздену, даму керектігін тілге тиек етті. Себебі, журналистика ізденісті талап ететін сала.
– Әр телеарнаның өзіндік бағыты болады. Мен отандық телеарналардан «Атамекен», «Жібек жолы» арналарын көбірек көремін. «Атамекен» бизнесті, экономиканы талдайды. Ондағы журналистер сол саланың білікті журналистері деп айта аламын. Айтқан сөздеріне, берген ақпаратына көңілім толады. Мен «Хабар» агенттігіне дейін «Гала тв» студиясында жұмыс істедім. 1995 жылдар еді. Сол жерде «НЭТ» деген бағдарлама болды. «20-30» бағдарламасы қабылданғаннан кейін де, «НЭТ»-тің жалғасы жүріп, жұмысымыз қыза түсті. Мен әдебиетке, өнерге қарағанда экономикаға жақынмын. Сондықтан бұл бағдарлама менің бағытыма, қызығушылығыма сәйкес келетін. Елдегі экономикалық бағыт қандай болу керек, ол ертең не береді, мұнайды кімге сатып жатырмыз деген сауалдар аясында жалаң аяқ, жалаң бас жүріп материал әзірлейтінбіз. Бұл бағытта менің арнайы білімім болған жоқ. Алайда, экономистермен, ғалымдармен, мұнайшылармен сөйлесе жүріп өзіміздің білімімізді де көтердік. Маған сол уақыттар, сол кезде жүзеге асқан жұмыстар әлі күнге дейін қымбат. Сағынып еске аламын. Бастысы, сол салада біліміміз жоқ болса да, білуге деген ұмтылысымыз бар еді. Әйтеуір, жақсы дүние шығарғымыз келіп тұратын, – дейді кәсіпке адалдық танытып, талантымен көпшілікті мойындатқан білікті журналист ағамыз.

А.ЖҰМАХАНҚЫЗЫ

Соңғы жаңалықтар