Шымкент қаласының дәрігерлері 4 жасар балаға күрделі операция жасап, іш қуысынан үлкен көлемді қатерсіз ісікті алды. Балақай клиникалық балалар ауруханасына іші қатты ауырып, құса берген соң жеткізілген. Дәрігерлер жедел жалпы қан талдауын жасатып, ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) жүргізген.

Диагностика нәтижесінде іш қуысының лимфангиомасы – сирек кездесетін, бірақ, көлемі ұлғайған жағдайда ішкі ағзалардың қызметіне айтарлықтай қауіп төндіретін қатерсіз ісік анықталған. Көлемі мен операцияның күрделілігіне байланысты дәрігерлер лапаротомия әдісімен ота жасап, ісікті толық алып тастады.
Сәтті өткен отадан кейін балақай бөлімшеге ауыстырылып, дәрігерлердің тұрақты бақылауында болды. Қазіргі таңда жағдайы тұрақталған соң, үйіне шығарылған.
Мамандардың айтуынша, мұндай операциялар асқан дәлдікті, кәсіби тәжірибені және заманауи медициналық жабдықтарды талап етеді. Шымкент қаласындағы медициналық ұйымдарда соңғы жылдары хирургиялық көмектің сапасын арттыруға, күрделі оталарды жергілікті деңгейде жасауға ерекше көңіл бөлініп отыр.
Күрделі ота міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында жүргізілді. Балалар ауруханасында науқастарға тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті шеңберінде медициналық қызметтер толық көлемде көрсетіліп келеді.
