Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Белсенді ұзақ өмір» орталығы – аға буын өкілдерінің өмір сапасын арттыруға, шығармашылықпен айналысып, тәжірибе мен тағылым ұштастыруына арналған мекеме.

Орталықтың жұмысы ардагерлердің денсаулығын нығайтып, көңіл-күйін көтеруге, өмірге құштарлығын арттыруға бағытталған. Мұнда жұмыс күндері
4 сағатқа дейін арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіліп, зейнеткерлердің әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыс жүргізіледі. Бүгінде қала аумағында орталықтың 4 бөлімшесі жұмыс істеп, күн сайын 800-ге жуық зейнеткер, еңбек ардагеріне қызмет көрсетіліп келеді. Жалпы, 2025 жылы 9595 зейнеткерге 36 түрлі әлеуметтік, мәдени және сауықтыру қызметі көрсетілген.
Орталыққа келген ардагерлер, алдымен, дәрігерлік тексеруден өтіп, содан кейін өз қалауына сай қызмет алады. Таңғы сергіту жаттығулары, фитобар, физиотерапия кабинеті, психолог кеңесі, тренажер залы, массаж, емдік дене шынықтыру, хореография, йога, бассейн, тұзды кеніш секілді сауықтыру қызметтерімен қатар, бейнелеу және қыш өнері де ардагерлердің бос уақытын мәнді өткізуіне ықпал етеді.
Орталықтың өнерлі зейнеткерлері түрлі халықаралық байқауларда жүлделі орындардан көрініп жүр. «Жібек» әжелер би тобы Алматы қаласында өткен I халықаралық «GOLDEN GRACE 60+» би конкурсы-фестивалінде жүлделі III орынды иеленген. Ал, Ташкент қаласында өткен «Азия өрнектері» халықаралық фестиваль-байқауында «Қазына» би тобы I орын мен гран-при жүлдесін жеңіп алып, еліміздің мәдени әлеуетін айқын көрсетті.
Шымкентте орталықтың 4 бөлімшесі бар. Олар Дулати көшесі, №64; Дулати көшесі, №160; Жібек жолы көшесі, №22/1; Нұрсәт шағын ауданы, №107 үй мекен-жайларында орналасқан.
З.АЛДАБЕРГЕНОВА
