Редакция таңдауы

Өнер мен өнегені үйлестірген

Сурет өнері – адамзат өркениетінің ең көне әрі ең терең рухани құндылықтарының бірі. Ол адамның ішкі жан дүниесін, дүниетанымын, сезімін және қоғаммен қарым-қатынасын бейнелейтін әмбебап тіл іспетті. Тарихтың әр кезеңінде сурет өнері тек эстетикалық ләззат сыйлайтын құрал ғана емес, сонымен қатар белгілі бір дәуірдің рухани, әлеуметтік және мәдени ахуалын айқын көрсететін айна қызметін атқарды. Үңгір қабырғаларына салынған алғашқы бейнелерден бастап, бүгінгі заманауи абстракциялық және цифрлық өнерге дейінгі аралықта сурет өнері адам ойының, талғамының және шығармашылық еркіндігінің даму жолын көрсетіп келеді.

Сурет арқылы адам қоршаған ортаны танып қана қоймай, оны қайта пайымдайды, өз көзқарасын, қуанышы мен күйінішін, арман-тілегін бейнелейді. Әрбір туынды – суретшінің ішкі әлемінің көрінісі, ал көрермен үшін – ойға жетелейтін, сезімді оятатын ерекше құбылыс. Осы тұрғыдан алғанда, сурет өнері сөзбен жеткізу қиын ұғымдар мен эмоцияларды бейнелеу арқылы адам санасына тікелей әсер етеді. Ол ұлттың мәдени болмысын сақтап, тарихи жадыны ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін маңызды құралдардың бірі болып табылады.

Бүгінгі таңда сурет өнері дәстүр мен жаңашылдықты қатар ұштастыра отырып, қоғамдағы өзгерістерге үн қатуда. Классикалық бағыттармен қатар жаңа стильдер мен ағымдардың пайда болуы өнердің өміршеңдігін, оның уақытпен бірге дамып отыратынын дәлелдейді. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз осынау өнердің асқар биігіне көтерілген көрнекті тұлға.

Иә, Медеубек Жұматайұлы – өнер мен өнегені үйлестірген азамат, өз ісінің нағыз майталман маманы, өз ісінің хас шебері, ұлағатты ұстаз-ғалым. Биік белестерді бағындырып, өнерді өрге тартып, өнегесін елге танытқан игі істері, атқарған ерен еңбектері жетерлік.

Педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Педагогика ғылымдары Академиясының академигі, Қазақстан Көркем Академиясы Түркістан ұйымының академигі, Қазақстан Дизайнерлер одағының мүшесі Медеубек Тәңірбергенов өмірден де, өнерден де өз орнын тапқан азамат. Ол бүгінде асқарлы 60 жасқа толып отыр.

Өмірде өз орнын тауып, өнердің өр жолын таңдаған Медеубек Жұматайұлы өнер адамдарының ортасында «менің тегім – «өнер», ал руым – «худграф»», — деп, көңілімізді көкке көтеріп, жүзімізге жылулық сыйлайтын. Бұл оның өнердегі өр рухының биіктігін, өмірдегі дара тұлғасының өнегесін көрсететін.

Медеубек Жұматайұлы –  өмірінде төрт бағытты ұстанып, өнер саласында үлкен іс атқарған ғалым. Біріншіден, ұлағатты ұстаздық жолы, екіншіден, өнер саласындағы ғылыми-зерттеу еңбектері, үшіншіден, университеттегі абыройлы қызметтері, төртіншіден, өнер ғылымындағы ғалым шәкірттері.

Медеубек Жұматайұлы ұстаздық жолын таңдап, 1983-1990 жылдары Шымкент педагогикалық институтында «Көркем сурет және графика» факультетінде «Сурет, сызу және еңбек мамандығының мұғалімі» біліктілігін алды. Еңбек жолын 1990-1991 жылы Келес ауданына қарасты «Большевик» орта мектебінде сурет, сызу және еңбек пәні мұғалімі болып бастады. Одан кейін 1991-1995 жылдар аралығында
Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Шымкент педагогикалық институтында «Көркем сурет және графика» факультетінің «Сурет» кафедрасында оқытушы болып еңбет етті. 1995-2005 жылдары М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің «Сурет және кескіндеме» кафедрасының аға оқытушысы, кейінірек доцент атанып, 2005-2012 жылдары «Бейнелеу өнері және сызу» кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды.

Бейнелеу өнерінің мақтанышы өзінің өнегелі де өміршең еңбектерімен өнер саласындағы жаңа ұрпаққа рухани азық беріп, 2012-2013 оқу жылдары Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының шақыртуымен «Академиялық ұтқырлық және ХБ орталығының» басшысы, 2014 жылы «Кәсіптік оқыту және бейнелеу өнері» кафедрасының меңгерушісі, 2015 жылы «Жаңа технология және өнер» ғылыми мектебінің директоры, 2017 жылдан «Кәсіптік-Шығармашылық» факультетінің деканы қызметтерін абыроймен атқарып, ел еншісіне көптеген еңбектерін сіңіріп, тер төккен азамат.

Суретші-ұстаз жас буынға өнердің өзіндік мәні мен маңызын терең түсіндіру жолында әрбір суретке – тіл бітіріп, үн қатқызып, «қылқалам шеберінің салған суреті әлдебір образды ашып, шынайы бейнені көрсете білуі тиіс» — деп, өзінің өмірлік ұстанымын, көрген-білгенін, ойға түйгенін шәкірттеріне суреттерді сөйлету арқылы жеткізген азамат. Міне, ұстаздық шеберлік деп осыны айтуға болады! Ол 2020-2021 оқу жылдары Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры атағын алып, 2021 жылдан бері М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде «Мәдениет және өнер» факультетінің деканы қызметін абыроймен атқарып келеді.

Сурет өнері түсіндіруді қажет етпейтін, тек «көзбен көріп, ішпен білетін» өнердің бір түрі екені белгілі. Қылқалам шеберлерінің өнерін әр адам өзінің дүниетанымымен қабылдап, ой-пайымдарымен түсінуі тиіс. Медеубек Жұматайұлының ғылым саласындағы ең сәтті жылдары 2004-2010 жылдар болды. Қазақстанның кәсіби сурет әлемі мен бейнелеу өнерінде өзіндік қолтаңбасымен қарыштай қадам басып, ғылыми еңбектерінде бейнелеу өнерінің негізгі қағидаларын, халық даналығын, салт-дәстүр мен әдеп-ғұрыптарын жан-жақты қарастырып, диссертациялық еңбектерін сәтті қорғап педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алды. 2006 жылдан педагогика саласы бойынша доцент (қауымдастырылған профессор) атағына ие болды.

Медеубек Жұматайұлының шығармашылығы, бір қарағанда, қарапайым болып көрінуі мүмкін, ал, тереңіне бойлап, әрбір салған портреттерінің бояуына мән берсеңіз, нағыз қылқалам шебері екенін іштей мойындайсыз. Сурет өнерінің ғажайып үлгісін, дара болмысын танытқан Медеубек Жұматайұлы шеберліктің шыңына шығып, талмай ізденіп, бейнелеу өнерінің дизайн саласындағы орнын айқындап, 2006 жылы Қазақстан Дизайнерлер одағының мүшесі атанды және «Өнер» мамандығы бойынша профессор атағын да алды. 2007-2014 жылдары «ЖОО-ның үздік оқытушысы мемлекеттік грант иегері» атанды.

Медеубек Жұматайұлының өнердің кескін-келбеттерін қыл қалам нысанасына алған 160-тан астам ғылыми-зерттеу еңбектері бүгінде өнер саласының өрістеуіне жол ашқан тың жаңалық. Атап айтқанда, 4 монографиясы, 2 оқулығы, 20 оқу құралы, 15 әдістемелік құралы жарық көрді. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің грант иегері атануына 3 оқу құралы жоғары бағаланып, бүгінде жоғары оқу орындарындағы өнер мамандығында оқытылып келеді. Ғылым саласында қазақ бейнелеу өнері мен сурет өнерінің сырын кеңінен танытуда жоғары аттестациялық комиссиясының тізіміндегі алыс-жақын шет елдердің халықаралық инпакфоктор, СКОПУС ғылыми журналында 100-ге жуық зерттеу мақалалары жарияланды. Қазақстанның ғылыми журналдарында, халықаралық, республикалық, ғылыми практикалық конференцияларының жинақ еңбектерінде танылғанын айтсақ болады.

Ғалым-зерттеуші Медеубек Жұматайұлы ғылымның дара жолында қазақ өнер саласының өрістеуіне қосқан үлесімен 2015 жылы «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, 2016 жылы «Білімге сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, 2016 жылы «Білім ісінің үздігі» төсбелгісімен, 2017 жылы «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталып, 2017 жылы Қазақстан Педагогика Ғылымдар Академиясының академигі болып сайланды.  Ғалымның кәсіби суретшіліктің қыры мен сырын шебер меңгерген майталман маман екенін 2020 жылы Қазақстан Республикасы «Bilim-orkenieti» Ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығының Білімге және ғылым саласының дамуына қосқан айрықша еңбегі үшін Қазақстан Республикасы педагогтарының «Алтын төсбелгісі» марапаты айғақтап берді.

Өнер профессоры Медеубек Жұматайұлының университетте атқарған абыройлы қызметтерін ерекше атап өтуге тұрарлық. Қызметте жүрген уақытында қазақ өнерін терең зерттеп, оны ғылыми айналымға енгізді. Ғылыми-зерттеу еңбектерінде сурет өнерінің негізгі қағидаларын анықтап, суретші шеберлігін саралап, қылқалам шеберлерінің образды ашып, шынайы бейнені бояумен көрсете білген ой-толғамдарын жан-жақты қарастырды. Қазақ бейнелеу өнерінің өрістеуіне жол ашып, қызмет жолында сурет өнерін оқу-тәрбие процесіне енгізудің ғылыми жолдарын ұсынды. Монография, оқулық, оқу құралы, әдістемелік құралдары еңбектерінде сурет өнерінің сырын анықтап, өнер ғылымында қайта жаңғыртып, суретші шеберлігінің маңызын ғылыми негізде дәлелдеді. Бейнелеу өнері дүниені байқау, бақылау, көру нәтижесінде оның көркем бейнесін өнер адамдары жасайтынын
Медеубек Жұматайұлы қазақ бейнелеу өнерінің сыры да, сыны да кетпеген асыл мұраларын ұрпаққа кеңінен насихаттап келеді.

Бейнелеу өнерінде Медеубек Жұматайұлының есімі баршаға танымал десек артық айтпағанымыз. Себебі, оның сан түспен әрленген туындылары түрлі деңгейдегі көрмелердің төрінде қойылып, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде 2021 жылы 24-26 қарашада өткен «Халықаралық педагог-суретші симпозиумы» атты жобаның авторы атанды. Алыс-жақын елдерге қазақ өнер туындыларын таныту жолында ол 2021 жылы елімізде және әлемде фестиваль мәдениеті мен өнерін дамытқаны үшін Americas TALENTS VII халықаралық өнер фестивалінде Алғыс хатпен марапатталды.

Сондай-ақ, сол жылы халықаралық ретроспективті көрмеде жоғары деңгейдегі шығармашылық жұмыстары үшін Еуразиялық Дизайнерлер одағының жоғары дәрежелі дипломымен марапатталған.

Бұл Медеубек Жұматайұлының жоғары оқу орындарында атқарған қызметтеріндегі қазақ өнерінің өрістеуіне жол ашып, қызмет жолында сурет өнерін оқу-тәрбие процесіне енгізу жолдарын ұсынып, қол жеткізген қомақты жетістіктері мен ел еншісіне берген еңбектері еді.

Абай Құнанбаев: «Ұстазсыз шәкірт– тұл, шәкіртсіз ұстаз – тұл» — деп, адам баласының кісі болып қалыптасуы көбінесе ұстазға байланысты екенін ерекше айтады. Медеубек Жұматайұлы өнерді өзі ғана игермей, соңына ізбасарларын ілестіріп, дәстүр жалғастығымен өнер саласында шәкірттерін дайындап, қазақ өнерінің өрістеуіне жол ашқан азамат. Медеубек Жұматайұлының суреткерлік қиялы ұшқыр, қоршаған ортаны көре білу қасиеті зерек. Өнер ғылымына қандай тақырыпты арқау етсе де, байыбына барып, реңін кіргізіп, өңін ашқан кандидаттық, докторлық диссертациялардағы ғылыми жетекшілігі жоғары жетістіктерімен дараланады. Атап айтқанда, п.ғ. д, профессор Медеубек Жұматайұлының ғылыми жетекшілігімен З.Айдарова «Мектептің бастауыш сатысында бейнелеу өнерін оқытуды қазақтың сәндік қолданбалы шығармашылығы арқылы оңтайландырудың дидактикалық негіздері», П.Абашова «Қазақ сәндік-қолданбалы өнері арқылы мектеп оқушыларын отбасы тәрбиесіне мұғалімдерді дайындаудың әдістемесі», Б.Айдарбек «Методика развития творческой активности учащихся средствами декоративно-прикладного искусства в процессе внеклассной работы», С.Түрікпенова «Болшақ бейнелеу өнері мұғалімдерін өнер пәнін оқытуға дайындау әдістемесі», Г.Нуржанова «Педагогические условия внедрения в учебный процесс инновационных технологий обучения на уроках изобразительного искусства» тақырыптарында педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін жазылған диссертацияларын сәтті қорғады. Бұл өнер кеңістігіндегі ұрпақтан-ұрпаққа мирас болған дәстүр жалғастығы. Медеубек Жұматайұлының өнерге сіңірген еселі еңбектерін бүгінде «Бейнелеу өнері және сызу», «Дизайн», «Педагогика және психология» мамандықтары бойынша 25-тен астам ғылыми ізденушілер мен докторлық, магистрлік диссертацияларға ғылыми жетекшілік жасаған абыройлы азаматтық парызы айғақтап береді.

Қырғыз халқының біртуар перзенті, суретшісі әрі атақты актері Сүйменқұл Чокморовтың әкесі Чокмор ұста: «Адам болмай тұрып, суретші болу қиын» деген екен. Сол сияқты Медеубек Жұматайұлының алдымен адамға деген азаматтық парызын, аға буынға деген сыйлы құрметін, орта буынға деген әріптестік ізетін, кіші буынға деген ақылгөй-кеңесшілігін ерекше атап өту қажет. Өмір жолы мен өнер жолында ең алдымен адамдық қасиетті ардақтаған тұлға. Адами асыл қасиетімен өнер саласында шәкірттерін биік белестерге өрістеткен ұлағатты ғалым-ұстаз.

Қорыта айтқанда, Медеубек Жұматайұлы – өнер мен ғылымды, шеберлік пен адамгершілікті бір арнаға тоғыстыра білген бірегей тұлға. Оның саналы ғұмыры тынымсыз ізденіске, шығармашылық ізгілікке және өскелең ұрпаққа сапалы білім мен рухани тәрбие беруге арналды. Ұстаз ретінде де, өнер майталманы ретінде де ол өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарап, ұлттық өнердің дамуына өлшеусіз үлес қосты.

Медеубек Жұматайұлының еңбектері мен тағылымды жолы – кейінгі буын үшін сарқылмас рухани мұра, өнеге мектебі. Ол тәрбиелеген шәкірттер мен қалдырған ғылыми-шығармашылық мұрасы арқылы ел мәдениетінің өркендеуіне қызмет етіп келеді. Осындай азаматтардың еңбегін дәріптеу – ұлттық құндылықтарды қадірлеу мен болашаққа сенімді қадам басудың айқын көрінісі. Сондықтан Медеубек Жұматайұлының өнегелі өмірі мен жасампаз еңбегі халқымыздың рухани қазынасынан мәңгілік орын алатыны сөзсіз.

 

Баймұрат ОСПАНОВ,
педагогика ғылымдарының кандидаты,
өнертану доценті, профессор,
ҚР Мәдениет саласының үздігі

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win