ҚР Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, өткен жылы елімізде спортпен және дене шынықтырумен шұғылданатындар саны 8,4 миллионға жеткен. Ол халықтың 41,4 пайызы, ауылдық жерде – 3,1 млн адам. Бұл көрсеткіш Шымкент қаласында 46,9 пайызды құрайды немесе 547 мың адам. Шаһарда мемлекеттік спорттық тапсырысты іске асыру, бұқаралық спортты, спорт инфрақұрылымын дамыту бағыттарында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Өткен жылы мемлекеттік спорттық тапсырысты іске асыру шеңберінде шаһарда спорттың 18 түрі бойынша 16 мыңнан астам бала мен жасөспірім қамтылды (сомасы 3,9 млрд теңге). 2025 жылдың 1 маусымынан бастап бірыңғай ваучерді енгізу бойынша пилоттық жоба іске қосылған еді. Жаңа тетік спорт, шығармашылық және қосымша білім беру салаларын қамтып, мемлекеттік және жеке ұйымдарды бірыңғай цифрлық жүйеде біріктіреді. Пилоттық жоба Шымкент қаласында да жүзеге асып жатыр.
Спорт саласындағы негізгі мақсаттардың бірі – инфрақұрылымды дамыту арқылы халықтың спортқа қолжетімділігін арттыру. Шымкентте дене шынықтыру және спортпен шұғылдану үшін 877 спорт нысаны бар. Жоғары спорт жетістіктері, бұқаралық спортты дамытуда бірқатар жұмыстар жүзеге асырылып жатыр.
Қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, Қаратау ауданында аумағы 26 гектарды құрайтын жаңа футбол стадионының құрылысы басталды. Бұдан басқа, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры есебінен модульді жылдам салынатын екі спорт нысаны салынуда. Еңбекші ауданындағы Бадам және Қарабастау елді мекендерінде тағы 2 модульдік жылдам спорт нысанының құрылысы демеушілер тарапынан жүргізіліп, алдағы уақытта пайдалануға берілмек.
Сонымен қатар, Паралимпиадалық және сурдлимпиадалық спорт кешенінің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірлену үстінде, құрылыс жұмыстары 2026 — 2027 жылдарға жоспарланған.
Былтыр Жапонияның Токио қаласында өткен XXV Жазғы Сурдлимпиада ойындарында Шымкент қаласының спортшылары табысты өнер көрсетіп, ел қоржынына екі жүлде салған болатын. Еркін күрестен Шадияр Пернеш алтын, Сабыржан Рсалы қола жүлдеге ие болды. Ұлттық құрама қоржынына түскен жалғыз алтын медальді Шымкент қаласының спортшысы Шадияр Пернеш жеңіп алды.
Екі балуан да Шымкент қаласының №19 мүгедектігі бар адамдарға арналған спорт мектебінің шәкірттері. Жазғы Сурдлимпиада ойындарында тарихты жазып жатқан қос балуанның орны ерек. Шымкент қаласынан алғашқы Сурдлимпиада жүлдегері атанған да осы жерлестеріміз еді. Араға үш жыл салып, Шадияр Пернеш алтын жүлдемен тарихқа атын жазды.
Шаһарда сурдлимпиадалық спорт түрлерін дамытуда жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Спортшыларға қажетті жағдайлар жасалып жатыр. Мінекей, қала әкімдігі сурдлимпиада және паралимпиадалық спорт түрлерін одан әрі қолдауды көздеп отыр.
Қаланың 2026-2030 жылдарға арналған даму жоспары әзірленді. Онда жалпы 18 ұлттық индикатор, 75 нәтижелік көрсеткіш белгіленген. Бұл – өте ауқымды жоспар. Соның ішінде, инфрақұрылым, әлеуметтік салаларда бірқатар жоспарлар іске аспақ. Сурдлимиада спорт түрлеріндегі жетістіктер ескеріліп, даму жоспарға сәйкес, спортшыларға арнайы ғимарат салынбақ.
Сондай-ақ, қолданыстағы спорт нысандарын сақтау және жаңарту мақсатында бірқатар объектілерде жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде, «Мұз сарайы», «Локомотив» стадионы, жоғары спорт шеберлігі кешенді мектебінің ғимараты бар.
Қажымұқан атындағы орталық стадионда күрделі жөндеу жұмыстары аяқталса, Орталық су спорт кешенінде жөндеу жұмыстары қазіргі таңда жалғасуда.
Сонымен қатар, жеке инвесторлар есебінен 3 спорт нысанын салу көзделген. Олар – №4 спорт мектебінің каноэ және байдаркаға арналған су-жаттығу базасына қосымша құрылыс, Қайтпас шағын ауданындағы №58 ескі мектеп ғимаратының орнында дене шынықтыру-сауықтыру кешені, ипподром аумағында 150 орындық қонақ үй.
Елімізде дене шынықтыру мен спортты дамыту саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіруге бағытталған Заң күшіне енді. Заңнамалық түзетулерде мынадай нормалар көзделген: бюджет қаражаты және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражаты есебінен шетелдік легионерлерді қаржыландыруға тыйым салу, министрлікке спорттың басым түрлерін, сондай-ақ, оларды бюджет қаражаты есебінен қаржыландыру тәртібін айқындау бойынша құзырет беру, ұлттық және жергілікті спорт федерацияларына бөлінетін спорт федерацияларын аккредиттеу талаптарын белгілеу, аккредиттелген спорт федерациясы үшін діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша шаралар қабылдау міндетін белгілеу, «мүгедектігі бар спортшыны сүйемелдеуші» ұғымын енгізу және басқалар.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы спорт резервін әзірлеу ісінде балалар мен жасөспірімдердің спорт мектептері негізгі рөл атқаратынына назар аударып, олардың жұмысын жүйелеу жөнінде тапсырма берген болатын. Қойылған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында министрлік балалар спорт мектептерін жан басына шаққанда қаржыландыруды нормативтеу бойынша жұмыстар жүргізуде.
Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, жаңа жылдан бастап балалар спортын қаржыландыру екі есеге жуық артпақ. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Туризм және спорт министрлігі балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерін (БЖСМ) жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру жүйесін енгізуді және оларды аккредиттеуге қойылатын талаптарды белгілеуді көздейтін Заң жобасын әзірледі. Жан басына шаққандағы қаржыландыруға көшу балалар мен жасөспірімдер спортының материалдық-техникалық қамтамасыз ету деңгейін арттырады. Жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру еліміздегі барлық БЖСМ-де 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілді.
Таяуда ҚР Туризм және спорт министрінің орынбасары Бауыржан Рапиков Шымкент қаласы тұрғындарымен кездесу өткізген болатын. Сала ардагерлері, белгілі жаттықтырушылар, спортшылар, спорт мектебі басшылары қатысқан жиында қалада атқарылған жұмыстар, министрлік тарапынан қолға алынған реформалар сараланып, азаматтар көкейдегі сауалдарын қойды. Бірқатар мәселелер талқыға түсті. Бауыржан Серікбайұлы министрлік тарапынан спорт және туризм саласында жүзеге асырылған жұмыстарды баяндап, Шымкент қаласында бұқаралық спорттың дамуы, спорттық инфрақұрылым, жоғары жетістіктерге оң бағасын берді.
Кездесу барысында қала тұрғындары, спорт мамандары Олимпиада жүлдегерін дайындаған бапкерлерге үстемақы төлеу мәселесі, олимпиадалық емес спорт түрлерін қаржыландыру мәселелер бойыншам сауалдарын қойды.
Вице-министрдің айтуынша, негізгі қаражат көздері олимпиадалық, басым спорт түрлеріне бөлінеді. Олимпиадалық емес спорт түрлері де тоқтамай, дами береді. Көрсеткен нәтижелері бойынша өңірлерде клубтың құрамына кіріп, сол арқылы қаржы бөлініп, спортшылардың жарыстарға қатысуына мүмкіндігі бар.
Жалпы, Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада және Пара Азия ойындарының бағдарламасында бар спорт түрлері жоғары спорт жетістіктері спорты деп саналады. Тек осы спорт түрлері бойынша балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде резерв дайындалады.
Иә, жаңа жылдан бастап дене шынықтыру және спорт саласында да жаңа өзгерістер, талаптар қойылып отыр. Шымкент қаласында да басым спорт түрлері бекітілген. Алдағы уақытта тізімге енбей қалған спорт түрлері жарыс нәтижелерін жақсартып, серпінді даму жолына түссе, ол тізімге қайта ене алады. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің айтуынша, заңнамалық өзгерістер бізге қосымша стимул болу керек. Басымдық берілетін спорт түрлері де жыл сайынғы жеткен жетістіктерге, олимпиадалық кезеңге орай өзгеріп тұрады.
Қалада бұқаралық спортты дамыту, тұрғындарды дене шынықтыруға тарту басым бағыттардың бірі. Жыл сайын спорт мектептерінің ғимараттары жаңартылып, спорт инфрақұрылымы да дамып келеді. Ендігі ретте спорт функционерлері, бапкерлер басым емес спорт түрлерін жаңаша түрде дамытуға, жүйелі реформалар жасауға назар аудару керек. Бұл – уақыт талабы.
