Редакция таңдауы

Тазалық пен тәртіпті, әділдік пен жауапкершілікті ұштастырған идеологиялық бағдар

Қазақ үшін тазалық ұғымы ешқашан тек тұрмыстық дағдымен шектелмеген. Тазалық деген халқымыз үшін өмір сүру салты, дүниетаным, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан рухани өлшем болғаны шүбәсіз. Бағзы замандардан-ақ халқымыз табиғатты тек тіршілік көзі емес, өмірдің бір бөлшегіндей қабылдап, оған жанашырлықпен қараған. «Бұлақ көрсең, көзін аш», «Бір тал кессең, он тал ек» деген нақыл сөздер – соның айқын дәлелі. Бұл тәмсілдердің астарында туған жерге деген сүйіспеншілік, келер ұрпақ алдындағы жауапкершілік, табиғатпен үйлесімде өмір сүру философиясы жатыр.

Осы ұлттық болмыспен сабақтас «Таза Қазақстан» бағдарламасы бүгінде ел өміріне тың серпін әкеліп отыр. Бағдарлама жекелеген сенбіліктермен немесе уақытша тазалық акцияларымен шектелмейді. Оның түпкі мақсаты – қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру, адам мен табиғат арасындағы үйлесімді қайта жаңғырту, тазалықты сыртқы тәртіп қана емес, ішкі рухани талап деңгейіне көтеру. Бұл бастама арқылы халқымыз қаланы, көше мен ауланы таза ұстауды ғана емес, өз ойы мен ісіне, ұстанымы мен ниетіне жауапкершілікпен қарауды қайта үйреніп келеді.

«Таза Қазақстан» – тазалық пен тәртіпті, әділдік пен жауапкершілікті ұштастырған тұтас идеологиялық бағдар. Ол мемлекет ұсынған науқандық жоба емес, ұлттық сананы жаңғыртатын, ел болашағына бағытталған ұзақмерзімді міндет. Осы тұрғыдан алғанда, бағдарлама халықтың байырғы ізгі дәстүрін заманауи мазмұнда қайта тірілтіп, тазалықты өмір салтына айналдыруды көздейді. Бұл – ұлттың рухани жаңғыруының нақты көрінісі.

 

«Тазалық – жинаған жерде емес, сақтаған жерде»

Шымкентте «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы жалғасып отыр.  «Таза Қазақстан» — қоршаған ортаны қорғауға бағытталған маңызды бастама. Бұл – қалалар мен ауылдарды таза ұстау, табиғи орта мен мәдени ескерткіштерді күтіп қарау ғана емес, ел ішінде экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған игі шара.

Абай ауданының тұрғындары Жиделі шағын ауданы Шалқар көшесінде тазалық жұмыстарын жүргізді. Акцияға қатысушылар саябақтар, көшелер және қоғамдық орындарды қоқыстан тазартып, айналаны таза ұстауға, табиғатты қорғауға атсалысты.

– Тазалық — тек сыртқы көріністі ғана емес, ішкі тәртіпті де көрсететін маңызды құндылық. Оны өмір салтына айналдыру — денсаулық пен ұзақ өмірдің кепілі. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, біз осындай игі бастамаларға қатысу арқылы өскелең ұрпаққа үлгі көрсетіп, олардың бойында экологиялық мәдениеттің қалыптасуына септігін тигізуіміз керек, – дейді Абай ауданының тұрғыны Орынша Тәжібаева.

Қала тазалығын сақтау – өзіміз тұратын ортаны құрметтеу мен болашақ ұрпаққа деген қамқорлықтың көрінісі. Ендеше, айналамыздың айнадай жарқырап, қоршаған ортаның гүлденуіне сіз бен біз үлес қосайық!

 

Экология саналы әрекеттен басталады

Шымкентте жалпыұлттық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ерікті жастармен кездесу өтті. «Табиғатты аялау — болашаққа салынған инвестиция. Экология — ортақ іс» ұранымен ұйымдастырылған Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығының іс-шарасы қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталды.

Жастар ресурстық орталығында өткен кездесуде «Таза Қазақстан» акциясы аясында өткен жылы атқарылған істің қорытындысы талқыланып, биылға арналған жоспар сараланды. Былтыр  жастардың қатысуымен 301 іс-шара ұйымдастырылып, 46 тонна қоқыс жиналған. Ал, биыл 15 ірі ауқымды іс-шара өткізу мен 70 тоннаға жуық қалдық жинау жоспарланып отыр.

– Қала жастары «Таза Қазақстан» республикалық акциясы басталғалы барлық іс-шараға қатысып, өз үлесімізді қосып келеміз. Себебі, ол біздің замандастарымызға, бізден кейінгі іні-сіңлілерімізге үлгі болса дейміз. Қала тазалығы – қоғам айнасы. Яғни, бұл акция еңбекқорлыққа, тазалыққа ғана тәрбиелеп қоймайды. «Тазалық – жинаған жерде емес, сақтаған жерде» демекші, қала тұрғындарының экологиялық мәдениетін қалыптастыруға да септігін тигізбек. Бүгінгі жастар үшін қоқыс жинаудан бұрын, қоршаған ортаны ластамаудың маңыздылығын түсіну әлдеқайда құнды. Біз ақпараттық жұмыстар арқылы Шымкенттің тазалығы мен жаһандық экологиялық мәселелердің өзектілігін түсіндіргіміз келеді. Сонымен қатар, қалдықтарды сұрыптап өткізуге (қағаз, пластик, шыны) ерекше мән беріп жатырмыз. Бұл қалдықтарды қайта өңдеу зауыттарына жіберуді жеңілдетеді, — дейді Жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Әлжан Аружан.

Айта кетерлігі, биылғы басымдық тек тазалау жұмыстарына емес, халықтың экологиялық сауатын арттыруға, яғни идеологиялық жұмыстарға берілмек.

Кездесуден кейін еріктілер қала көшелеріне шығып, тұрғындарға акцияның мақсаты жазылған үндеу парақшаларын таратты.

 

Студенттер гүл отырғызуды үйренді

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Жол-көлік колледжінде «Таза орта – саналы ұрпақ» атты экологиялық сынып сағаты өтті. Іс-шара барысында студенттер бөлме өсімдіктерін күтіп-баптаудың қыр-сырын меңгеріп, тәжірибелік жұмысқа қатысты.

«Таза Қазақстан» бағдарламасы тек аумақтарды қоқыстан тазарту немесе көшет отырғызумен шектелмейді. Бұл жолы Жол-көлік колледжінің ұжымы шәкірттерге үй гүлдерін баптауды үйретті.

– Колледжде өсімдіктер өте көп. Жастар тек ағаш егуді ғана емес, бөлме гүлдерін күтіп-баптауды да білуі тиіс. Себебі, үйде өсетін өсімдіктердің де түріне қарай күтімі де әртүрлі келеді, — дейді биология пәнінің мұғалімі Эльмира Тілеубаева.

Оқытушының айтуынша, бөлме өсімдіктерін отырғызу үйді безендіріп қана қоймай, студенттердің бойында төзімділік, еңбекқорлық пен жауапкершілік сияқты қасиеттерді дамытады. Бұл процесс жастардың табиғатпен байланысын нығайтып, оның құндылығын сезінуге көмектеседі.

– Біздің колледж әр сенбі сайын тазалық жұмыстарына қатысып, жиі көшет отырғызады. Ал, бүгін біз бөлме өсімдіктерін отырғызуды үйрендік. Бұл менің алғашқы тәжірибем. Енді гүлді қалай егу, қандай сумен суару және қалай тыңайту керектігін білемін. Дәріс өте қызықты өтті,  – дейді колледждің 1-курс студенті, болашақ техник-механик Сағынбек Толқынов өз әсерімен бөлісіп.

Экологиялық сағат студенттердің қоршаған ортаны сақтауға деген жауапкершілігін арттыруға бағытталды. Жастар теориялық білім алып қана қоймай, оны іс жүзінде көрсетіп, өз қолдарымен бөлме гүлдерін отырғызды.

 

***

Қорыта айтқанда, «Таза Қазақстан» бағдарламасы – бүгінгі қоғамның сұранысынан туған, бірақ, тамыры тереңде жатқан ұлттық идея. Ол қоршаған ортаны қорғау арқылы адамның өзін тәрбиелеуді, қоғамдық кеңістікті реттеу арқылы қоғамдық сананы жаңартуды мақсат етеді. Тазалық мұнда тек жер мен көшенің көркі емес, ойдың, ниеттің, әрекеттің тазалығы ретінде қарастырылады. Сондықтан да бұл бастама мемлекеттің әділдік пен жауапкершілікке негізделген идеологиясымен өзектесіп, ел дамуының маңызды тетігіне айналып отыр.

Бағдарламаның тағы бір айрықша қыры – жас ұрпақты отаншылдыққа ұранмен емес, нақты іспен баулуы. Өз ауласын, өз көшесін, өз қаласын таза ұстауға дағдыланған бала ертең еліне де дәл сол жауапкершілікпен қарайды. Осылайша «Таза Қазақстан» арқылы ұлттың жаңа сапасы – табиғатқа жанашыр, ортақ іске немқұрайды қарамайтын, әділдік пен тәртіпті қадірлейтін азамат қалыптасып келеді.

Бұл игі бастаманы Шымкент жұртшылығы да зор қолдап отыр. Қала тұрғындарының белсенділігі, қоғамдық ұйымдар мен жастардың атсалысуы бағдарламаның өміршеңдігін көрсетеді. Шымкенттіктер үшін тазалық – бір күндік науқан емес, күнделікті дағдыға, азаматтық ұстанымға айналып келеді. Бұл – тек қаланың келбетін көріктендіріп қана қоймай, қоғамның рухани деңгейін биіктететін маңызды қадам.

Түптеп келгенде, «Таза Қазақстан» – өткеннің өнегесін бүгінгі күннің талабымен ұштастырып, болашаққа жол салған бағдарлама. Ол әр азаматты өзінен бастауға, айналасына жауапкершілікпен қарауға шақырады. Тазалық бар жерде – тәртіп бар, тәртіп бар жерде – әділдік бар, ал әділдік үстем болған елдің ертеңі әрдайым нұрлы.

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win