Ғалымжан ЕСБОЛАЕВ,
ҚР Ішкі істер министрлігі Б.Момышұлы атындағы оқу орталығының бастығы, полиция полковнигі:
ҚР Ішкі істер министрлігі Б.Момышұлы атындағы оқу орталығының құрылғанына биыл елу жыл толды. Мерейлі жыл. Тарихы тереңде жатқан, іргелі білім ордасы Ішкі істер министрлігі жүйесіндегі ертеден келе жатқан оқу орындарының бірі саналады. Әріден айтсақ, 1974 жылы тамыз айында Шымкент орта арнаулы басшы кадрлар даярлау мектебі болып құрылған. Сол кезеңдерде КСРО-ның бес одақтас республикасына мамандар дайындалды. 1991 жылы Шымкент орта арнаулы басшы кадрлар даярлайтын милиция мектебі болып қайта құрылған.
1995 жылы ҚР Үкіметінің қаулысымен ҚР Ішкі істер министрлігінің Шымкент заң колледжі болып қайта құрылып, ҚР Үкіметінің қаулысымен 2000 жылы Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының есімі берілді.
Ал 2011 жылы ҚР Үкіметінің Қаулысымен ҚР Ішкі істер министрлігі Б.Момышұлы атындағы оқу орталығы болып қайта жаңғырды. Оқу ордасының түлектері Қазақстан, Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан, Түркіменстан мемлекеттерінің Ішкі істер және Әділет органдарында басқарушы қызметтерде елеулі еңбек етуде.
Бүгінде оқу орталығына полиция полковнигі Ғалымжан Есболаев басшылық етеді. Ғалымжан Молдабекұлы бүгінгі білім ордасының тыныс-тіршілігі, елу жылдық мерейтой қарсаңындағы іс-шаралары жөнінде бізге кеңірек әңгімелеп берді. Оқу орталығында ІІМ-нің бекітілген жоспар кестесіне сәйкес, жыл бойы орта басшы құрам мен қатардағы және кіші басшы құрам лауазымдарына үміткер тыңдаушылар оқуға қабылданады.
– Ғалымжан Молдабекұлы, биылғы елу жылдық мерейтойға орай оқу ордасында қандай іс-шаралар өткізілді?
– Бауыржан Момышұлы атындағы оқу орталығы тарихы тереңде жатқан білім ордасы. Елу жылдық мерейтойға орай бірқатар тағылымды, тәрбиелік мәні зор және спорттық іс-шаралар өткіздік. Оқу орталығы өзінің қалыптасу кезеңінде ішкі істер саласындағы реформаларға сәйкес, бірқатар жаңғыртудан өтті. Қазіргі біздің басты мақсатымыз – Оңтүстік өңірде Ішкі істер министрлігінің кадрларын әзірлейтін үлкен жоғары оқу орнын құру. Осы бағытта жұмыстар қолға алынуда.
Мерейтой аясында бірнеше ғылыми-конференциялар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, алаяқтықтың алдын алу, адам құқықтарына қатысты, есірткі қылмысының алдын алу бағытында алқалы басқосулар өтті. 25 қазан – Республика күніне орайластырылған негізгі іс-шараға Ішкі қызмет ардагерлері, ҚР Ведомстволық оқу орындарының басшылары мен қоғам қайраткерлері, қала әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов, генерал-майор Талап Қабденов, генерал-майор Жеңісбай Сұлтанов, Полиция департаментінің басшылары қатысты. Бауыржан Момышұлының келіні, белгілі этнограф Зейнеп Ахметова да арнайы келді.
Одан бөлек, идеология бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің нұсқаулығы бойынша биыл салада кадр әлеуетін көтеру жылы деп жарияланған. Шәкірттеріміз Жаңа Қазақстанның жаңа полицейлері ретінде адал және батыл ғана емес, сонымен қатар, өз тарихын білетін, руханияты мол полицей боп шығу керек. Олар ант берген күннен бастап, елге, халыққа қызмет етудің негізін санасына сезіне білуі тиіс. Осы бағытта тағылымды іс-шаралардың бірі – ішкі істер саласында қызмет бабында қайтыс болған азаматтарды еске алып, тағзым ете білу. Оның жаңа полицейлерді тәрбиелеуде маңызы өте жоғары. Сондықтан, біз оқу орталығы аумағында монумент аштық. Ескерткіш гүл шоқтары қойылып, сол жерде іс-шараларды өткіздік.
– Елу жыл деген аз уақыт емес. Осы белеске қандай жетістіктермен жеттіңіздер?
– «Елу жылда ел жаңа» деген сөз бар. Жарты ғасырлық тарихы бар оқу орталығы көптеген жетістіктерге қол жеткізіп отыр. Өз тарихында отыз мыңға жуық кадрлар даярлап, шығарды. Олар қазіргі кезде ТМД, Орта Азияның барлық елдерінде, еліміздің аумағында қызмет етіп жатыр. Олардың арасында генерал-майор, генерал-лейтенант шеніне жеткендер бар. Кейінгілері де біраз жетістікке жетуде. Оңтүстік өңірінде басшылық қызметті атқарып жүрген түлектеріміз де жетерлік.
Маңызды жағдайлардың бірі – оқу орталығына Бауыржан Момышұлының есімін беру де зор мәртебе. Ол кісі аты аңызға айналған әйгілі батырымыз. Біз үшін өте маңызы зор жағдай. Әрқашан біздің түлектеріміз, оқып жатқан тыңдаушыларымыз ол кісінің есімінен арқаланып, рухтанып жүруі керек. Есімінің берілгеніне де 24 жыл болыпты. Оқу орталығы Б.Момышұлы атында екенін біз әрдайым мақтан тұтамыз. Ендігі кезекте оқу орны Шымкент академиясы болып жатса, ол да керемет болар еді.
– Биыл Ішкі істер министрлігі тарапынан кадр әлеуетін көтеру жылы деп жарияланыпты. Осы бағытта қандай жұмыстар атқарылды?
– «Заманына қарай заңы, тауына қарай аңы» деген жақсы мақал бар. Қазір техниканың, жаңа технологияның дамып жатқан кезеңі. Қылмыс түрлері де түрленіп, әдіс-тәсілдері де күрделене түсуде. Заман ағымына сай қызметкерлерді де жаңа өзгерістерге бейімдеу – уақыт талабы. Құқық бұзушылықтың алдын алу, тергеудің әдіс-тәсілдерін жетілдіруге назар аударып отырмыз. Әрине, біздің оқытушыларымыз да соған дайын болуы керек. Оқытушы құрамымыз да әрдайым біліктілігін арттырып отырады. Сырттан тәжіриебелі мамандарды шақырып, дәріс өткіземіз. Кадр әлеуетін көтеруде біріншіден идеология дұрыс бағытта жүргізіліп, екіншіден, заманауи білім беруіміз керек. Осы бағытта жұмыс жоспарлары жасалған.
Оқу ордасында заң үстемдігі мен құқықтық мәдениетті қалыптастыруда қаланың бүкіл оқу орындарымен, мектептерімен келісімдер жасалып, жұмыс жүргізілуде. Мыңға жуық бітіруші сынып оқушыларын осында жинап, бес күндік ашық есік күнін өткіздік. Тағылымды іс-шарада оқушыларға оқу орталығымыздың тарихын, мәдениетін көрсетіп, тыныс-тіршілігімен таныстырдық. Ішкі істер министрлігіне қарасты қаншама оқу орталықтары, академиялар бар. 11-сыныптың оқушыларын осындай білім орындарымен кеңірек таныстыруды мақсат етіп, мол мағлұматтар беруге тырыстық.
Қазіргі таңда руханиятқа да көп көңіл бөлінуде. Біз болашақ полицейлер рухани бай, отансүйгіш азамат болып шығу керек дегенді жиі айтамыз. Осы бағытта қаладағы кітапханалармен меморандум түздік. Курсанттарымыз сол жерде кітап оқуға жағдайлар жасалды. Өзімізде де кітап оқу үйірмесін аштық. Тыңдаушылар, офицерлер кітап оқуға бет бұрып жатқан жайы бар. Одан бөлек, Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрымен де меморандум жасадық. Біздің шәкіртеріміз рухани азық болатын театрлардағы қойылымдарға әрдайым қатысады. Өзіміз де әрдайым баруға тырысамыз. Оңтүстік өңірінде киелі орындар көп. Осындай тарихи орындарға саяхат жасап тұрамыз.
– Материалдық-техникалық базаны жаңғыртуда қандай өзгерістерді айтар едіңіз?
– Материалдық-техникалық базаны нығайтуда бізде былтыр «Жол картасы» бекітілген. Соған сәйкес, компьютерлер, басқа да техникаларымыз жаңартылды. Жаңа компьютерлер, интеративті тақталар, LED экрандар алынды. Бәрі де осы «Жол картасына» сәйкес жүзеге асырылуда. Біздің дәріс бөлмелеріміз де қажетті техникалармен жабдықталған. Оқу орталығында 8 дәрісхана, 28 оқу аудиториясы, арнайы және пәндік кабинеттер, 450 орындық акт залы, асхана, спорт залдары бар.
– Алда қандай мақсаттарыңыз бар?
– Алдымызда тұрған негізгі мақсат – оқу орнының мәртебесін жоғары оқу орны статусына көтеру. Бұл бағытта атқарылатын жұмыс көп. Атап айтқанда, қызметкерлердің біліктілігін арттыру, ғылыми дәрежелік жағдайын көтеру, тағы басқа бірқатар мәселелер бар. Жалпы, ендігі ретте осы мақсатта тиісті жұмыстарды атқарамыз. Келесі жылға да бірқатар жоспарларымыз бар. 2025 жылы Ұлы жеңістің 80 жылдығын атап өтеміз. Батыр Бауыржанның есімін иеленген оқу орны одан тыс қалмауы керек. Сол бойынша жоспар құрылуда. Ал күнделікті өзіміздің негізгі мақсаттарымыздың бірі – бір қадам артта қалмай, алға жылжып отыру. Әсіресе, негізгі бағыт – білім мен тәрбиені жандандыру. Әрбір курсант осы жерден жаңа оймен, жаңа көзқараспен шығуы тиіс қой. Басты міндет – елге қызмет ету. Біз осыны қызметкерлердің, түлектердің санасына мүмкіндігінше сіңіруіміз керек.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Т.ҚАСЫМОВ