
Бүгінгі Құрылтайда Мемлекет басшысы айтқан бастамалар, соның ішінде Құрылтай институтын жаңғырту және бір палаталы Парламентке көшу мәселесі қоғамда қолдау тауып отырғанын атап өткен жөн. Қоғамдық пікірді анықтау үшін тұрақты түрде жүргізілген сауалнамалар мен жұмыс тобының қорытындылары да бұл реформаларға қатысты қоғамдық келісім бар екенін көрсетеді.
Жуырда депутаттар мен партия фракцияларының жетекшілері өңірлерді аралап, сайлаушылармен кездесіп қайтты. Сол кездесулер барысында халықтың ұсынылып отырған өзгерістерден хабардар екені және олардың басым бөлігі реформаларды қолдайтыны айтылды. Бұл тұрғыда қоғамда елеулі пікір қайшылығы жоқ, ал жалпы бағыт-бағдар айқын деп айтуға болады.
Президент өз сөзінде мемлекет басшысының өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтаған жағдайда биліктің заңды түрде берілуі мәселесіне ерекше тоқталды. «Қалған мерзім» ұғымына нақты шектеу қойып, екі ай ішінде кезектен тыс президент сайлауын өткізу нормасын Конституцияда бекіту туралы ұсыныс – биліктің легитимділігін қамтамасыз ететін және кез келген даулы жағдайдың алдын алатын маңызды қадам. Бұл ұстаным халықаралық демократиялық тәжірибеге сай келеді және ел басшысының тек сайлау арқылы келуі тиіс деген принципті айқын көрсетеді.
Негізгі қоғамдық пікірталас «Жаңа Парламент қандай болуы керек, оның құрылымы қандай және қалай жұмыс істейді?» деген сұрақтардың төңірегінде өрбіді. Бұл заңды сұрақтар. Себебі басты мақсат – депутаттар санын өзгерту емес, заң шығару органының сапасын арттыру. Бір палаталы Парламент заң қабылдау процесін жеделдетіп қана қоймай, оны барынша ашық әрі түсінікті етуі тиіс. Ең бастысы – жаңа Парламент халықпен тығыз байланыста болып, қабылданған шешімдер үшін нақты саяси жауапкершілік алуы қажет.
Президент көтерген Қазақстанның халық кеңесін жоғары консультациялық орган ретінде құру бастамасы да азаматтық қоғам үшін жаңа мүмкіндік ашады. Бұл орган формалды құрылымға айналмай, қоғамның әртүрлі тобының үнін билікке жеткізетін тиімді алаң болуы тиіс. Ашықтық пен есептілік – оның негізгі өлшемі болуы қажет.
Мемлекет басшысының ұлттық бірлік, тарихи жарақаттан арылу және болашаққа бағдар алу туралы ойлары қазіргі қоғам үшін аса өзекті. Өткенге байланып қалмай, өзгермелі әлем жағдайында жаңа сапалы даму кезеңіне өту – баршамызға ортақ жауапкершілік.
Қоғам белсендісі ретінде айтарым: президент айтқан бастамалар нақты іске асқанда ғана қоғам сенімі нығаяды. Азаматтар реформаларды сөз жүзінде емес, өмірде сезінуі тиіс. Сонда ғана тәуелсіз, әділетті және қуатты Қазақстанды бірге құра аламыз.
Бекет Тұрғараев, қоғам қайраткері
