Шымкент қаласының Қалалық балалар клиникалық ауруханасында Белорусь Республикасынан келген жетекші мамандардың қатысуымен балалар кардиохирургиясына арналған халықаралық шеберлік сабақтары өтті.

Аталған іс-шара «Балалар кардиохирургиясындағы өзекті мәселелер» тақырыбында ұйымдастырылды. Шеберлік сабақтары барысында белорусьтік дәрігерлер жүректің ауыр туа біткен ақауы бар балаларға жоғары технологиялы, күрделі хирургиялық оталар жасап, жергілікті дәрігерлерге тәжірибелік және консультациялық қолдау көрсетті.
Алғашқы күндері ауруханада жүректің ауыр туа біткен ақауы бар 10 балаға кеңес беріліп, олардың 3-іне жүректің ашық отасы жасалды. Одан кейін 2 айлықтан 1 жасқа дейінгі тағы 5 балаға күрделі операция жасалды. Барлығы туа біткен жүрек ақауы диагнозымен есепте тұрған науқастар.
– Бұл шеберлік сабақтың негізгі мақсаты – дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арттыру, балалар кардиохирургиясы саласына заманауи технологияларды енгізу және тәжірибе алмасу. Іс-шара аясында жасанды қан айналымы жағдайында қарыншааралық перде ақауын пластикалау, ашық артериялық өзекті байлау, ашық сопақша тесікті тігу, трикуспидальды қақпақшаны қалпына келтіру сынды күрделі оталар жасалуда, – дейді аурухананың бас дәрігері Динара Жұмаділова.
Шеберлік сабағы Белорусь Республикасының «Республикалық балалар хирургиясы ғылыми-практикалық орталығының» білікті мамандарының жетекшілігімен өтіп жатыр. Белгілі хирург Юрий Линник – «Балалар кардиохирургиясы» бөлімшесінің меңгерушісі, Цилько Алексей – анестезиология және реанимация бөлімшесінің меңгерушісі, Вершицкая Анна – «Экстракорпоральды қан айналым» бөлімшесінің меңгерушісі, Сугоняко Алеся – анестезиология және реанимация бөлімшесінің медбикесі сынды жоғары білікті мамандарымен бірге аурухананың кардиохирургтері, анестезиолог-реаниматологтары және анестезиология медбикелері қатысуда.
– 2025 жылдың ақпан айында қалалық балалар клиникалық ауруханасында кардиохирургия бөлімшесі ашылды. Осы бір жылға жуық уақыт ішінде біз белорусьтік әріптестермен тығыз әріптестік орнатып, бірлесіп жұмыс істеп келеміз. Балалар кардиохирургиясы – аса жоғары дәлдік пен тәжірибені талап ететін, ең күрделі медициналық салалардың бірі. Сондықтан мұндай халықаралық деңгейдегі шеберлік сабақтарының маңызы өте зор. Бүгінгі өтіп жатқан шеберлік сабағына Беларусь мемлекетінен келген жетекші 4 маман және ауруханамыздың білікті 6 дәрігері тікелей операцияларға қатысуда. Бұл – тек науқастар үшін ғана емес, сонымен қатар жергілікті дәрігерлердің кәсіби өсуі үшін де үлкен мүмкіндік. Шеберлік сабақтары барысында дәрігерлер күрделі оталарды бірлесіп жасап, заманауи тәсілдер мен жаңа технологияларды тәжірибе жүзінде меңгеруде, – дейді Динара Жұмаділова.
Осындай тәжірибе алмасу арқылы біз өз мамандарымыздың әлеуетін арттырып, болашақта жүректің туа біткен ауыр ақаулары бар балаларға жоғары технологиялық көмекті өз өңірімізде, шетелге шықпай-ақ көрсетуге мүмкіндік аламыз. Бұл – өңірлік медицинаның дамуы үшін маңызды қадам.
Айта кетейік, бұл – Шымкент қаласында өткізіліп отырған екінші шеберлік сабақ. Шеберлік сабағы «BI-GROUP» компаниясының қолдауымен, «BI Жұлдызай» қайырымдылық қорының қаржыландыруы аясында жүзеге асырылып жатыр. «Мүмкіндік» жобасы – 2013 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан менторлық бастама. Жоба балаларға, ата-аналарға және қазақстандық дәрігерлерге жаңа мүмкіндіктер ашып, жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Алғашқысы өткен жылдың ақпан айында ұйымдастырылған болатын. Мұндай іс-шаралар жергілікті мамандардың тәжірибесін арттырып қана қоймай, туа біткен жүрек ақауы бар балалардың шетелге шықпай-ақ, өз өңірінде жоғары технологиялық медициналық көмек алуына мүмкіндік береді.
Жоба аясында осы уақытқа дейін шамамен 1500 операция жасалды. 2025 жылы BI GROUP компаниясының 30 жылдығы аясында жоғары технологиялы 325 операция орындалғанын да айта кеткен жөн. Оның ішінде аяқ-қолдың туа біткен даму ақаулары бар балаларға – 194, жүрек-қан тамырлары аурулары бар балаларға – 81, аноректалдық даму ақаулары бар балаларға – 50 операция жасалған. Аталған операциялардың біразы осы ауруханада жүзеге асырылды.
Салтанат ЖАМАЛДИНОВА
