Шымкент қалалық Қоғамдық кеңесі мен Ардагерлер кеңесі бірлесе қала аумағында жүргізіліп жатқан бірқатар инфрақұрылымдық нысандарды аралап, жұмыс барысымен танысты. Бұл жолғы іс-шарада көпшілік Момынов көшесі және Тіленшин көшесінің бойындағы теміржол өткелі құрылысына куә болды.

Шаһарда 2024 жылдың желтоқсан айында Момынов және Тіленшин көшелерінде теміржолдың үстінен автокөлік өткелін салу жұмысы басталған еді. Жаңа нысандар қаланың шығыс бөлігін орталық аудандармен байланыстырады. Ол теміржол желісінен қауіпсіз өтуді қамтамасыз етіп қана қоймай, көлік инфрақұрылымын арттырып, жолға кететін уақытты қысқартады.
Қазіргі уақытта Момынов көшесіндегі жаңа өткелдің құрылыс жұмыстары 90 пайызға бітті. Сондай-ақ, Тіленшин көшесі бойындағы теміржол өткелі құрылысының 15 пайыз жұмыстары орындалды. 2024 жылдың соңында басталған нысан құрылысын 2026 жылдың желтоқсан айында аяқтау жоспарда тұр. Бұл нысанда 18 жер телімі мемлекет мұқтаждығына алынбақ.
Іс-шара барысында ардагерлер, Қоғамдық кеңес мүшелері бірқатар ұсыныстарын айтты. Айта кетсек, қазіргі таңда мегаполисте қала әкімінің тапсырмасымен кешенді бағдарлама қарқынды жүзеге асырылуда. Жол-көлік саласында қаладағы аудандардың өзара байланысын жақсарту және орталық көшелердегі қозғалысты оңтайландыру арқылы көлік жүктемесін азайту көзделіп отыр.
