Редакция таңдауы

Қызметтерді автоматтандыру құқықтық мәдениетті жетілдіруге жол ашады

Халыққа сапалы заңгерлік көмек көрсету және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Бұл бағытта Шымкент қаласында жүйелі жұмыс атқарылып жатыр. Қазіргі таңда мегаполисте 340 нотариус, 513 адвокат және 1 331 заң кеңесшісі қызмет етіп, тұрғындарға түрлі құқықтық мәселелер бойынша көмек көрсетеді. Осындай ақпарат берген Шымкент қаласы Әділет департаментінің басшысы Айнұр Исабекова департементтің 2025 жылы атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарлары жайында Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында баспасөз конференциясында кеңінен баяндады.

Басқарма басшысының айтуынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша Шымкент қаласы Әділет департаменті заң қызметін ұйымдастыру және тегін заң көмегін көрсету саласында бірқатар маңызды нәтижелерге қол жеткізген. Бүгінде заңгер немесе адвокат көмегіне жүгіну бұрынғыдай қиын емес. Азаматтар онлайн форматта да кеңес ала алады. Ол үшін «Е-заң көмегі» мобильді қосымшасы жұмыс істеп тұр. Бұл қызмет «Egov» порталы мен «Заң көмегі» қосымшасында қолжетімді. Сонымен қатар, құқықтық қызметтерді автоматтандыру мақсатында жасанды интеллектке негізделген чат-бот іске қосылып жатыр екен. Виртуалды көмекші тәулік бойы, яғни 24/7 режимінде халықтың құқықтық сұрақтарына жауап береді.

– Чат-ботқа «adilet.zan.kz» сайты мен «Е-заң көмегі» порталы арқылы жүгінуге болады. Қазіргі таңда оның жұмыс істеу механизмі кезең-кезеңімен жетілдіріліп жатыр. Нотариат саласы да цифрландыру үдерісінен шет қалған жоқ. 2025 жылы Шымкент қаласының нотариустары жалпы саны 868 111 қызмет көрсетсе, соның 43 404-і «Е-нотариат» платформасы арқылы онлайн форматта жүзеге асырылды. Бұл көрсеткіш тұрғындардың электронды қызметтерге деген сұранысының артып келе жатқанын айғақтайды. Бұрын азаматтар қарыз өндіруге қатысты атқару жазбасы шыққанын білмей қалып, кейін шағымданатын жағдайлар жиі кездесетін. Осы мәселені шешу мақсатында бүгінде борышкерге атқару жазбасы туралы ақпарат 1414 нөмірі арқылы автоматты түрде жолданады. Егер азамат бұл жазбамен келіспесе, ол өз уәжін онлайн форматта нотариусқа жолдай алады. Ол үшін «Мобильді үкімет» қосымшасына кіріп, «Қарсылық» батырмасын басып, себептерін көрсетіп, ЭЦҚ арқылы растауы жеткілікті. Бұл жүйе қағазбастылықты азайтып, азаматтардың уақытын үнемдеуге мүмкіндік беріп отыр, — дейді Айнұр Ақжігітқызы.

 

Автор мен кәсіпкер құқығын қорғау күшейтілді

Сондай-ақ, елімізде берілген құжаттарды шетелде пайдалану үшін апостиль қою қызметі де онлайн форматқа көшірілген. Қазіргі таңда АХАТ органдарының, нотариустардың және мемлекеттік мекемелердің құжаттарын электронды апостильдеу «Egov» порталы арқылы жүзеге асырылады. Онлайн өтініш беру тәртібі азаматтар үшін айтарлықтай жеңілдетілген. Жалпы, құқықтық қызметтердің цифрландырылуы мен қолжетімді болуы – азаматтардың заңға деген сенімін арттырып, құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңызды қадамы. 2025 жылы Шымкент қаласында апостиль қою бойынша 6 215 өтініш қаралса, заңды тұлғаларды тіркеуге қатысты 588 құжат тіркелген. Бұл көрсеткіштер тұрғындар мен кәсіпкерлер тарапынан құқықтық рәсімдерге деген сұраныстың жоғары екенін аңғартады. Соңғы уақытта азаматтық хал актілеріне қатысты дауларды қарау тәртібі де өзгеріске ұшырапты. Бұрын туу, неке, ажырасу, аты-жөндегі қателіктер секілді мәселелерді жалпы соттар қарайтын болса, енді бұл санаттағы істер мамандандырылған әкімшілік соттардың құзыретіне берілді. Мұндай өзгеріс дауларды жедел әрі нақты шешуге мүмкіндік береді. Егер азамат АХАТ органдары енгізген жазбамен келіспесе немесе қате анықталса, сотқа жүгініп, оны түзетуге не өзгертуге құқылы. Сот шешімі АХАТ органдары үшін міндетті болып табылады. Жаңа тәртіп азаматтардың құқығын қорғауды күшейтіп, мемлекеттік қызмет сапасын арттыруға бағытталған.

– Зияткерлік меншік саласында да маңызды заңнамалық өзгерістер енгізілді. Бұл түзетулер авторлардың, кәсіпкерлердің және жалпы азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуді көздейді. Атап айтқанда, көру қабілеті нашар адамдарға кітапты және өзге де шығармаларды автордың арнайы рұқсатынсыз әрі ақысыз оқуға, тыңдауға және таратуға мүмкіндік берілді. Бұл – білім мен ақпаратқа тең қолжетімділікті қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам болса, авторлық құқық саласында тағы бір маңызды жаңалық – ортақ цифрлық платформаның іске қосылуы. Бұл жүйе арқылы шығармалардың қайда, қалай пайдаланылып жатқанын, сондай-ақ авторларға төленетін сыйақының мөлшерін нақты бақылауға болады. Нәтижесінде авторлық төлемдердің әділ әрі ашық бөлінуі қамтамасыз етілмек. Егер авторлар немесе құқық иелері өз еңбегінің заңсыз пайдаланылғанын анықтаса, әділет органдарына шағым түсіре алады, ал уәж расталған жағдайда тиісті тексеру жүргізіледі. Бұған дейін бірқатар ақпараттық порталдарда авторлық құқыққа қатысты даулы жағдайлар жарияланғаны белгілі. Заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар мұндай келеңсіз жайттардың алдын алуға бағытталған,  – дейді департамент басшысы.

Сонымен қатар, тауар белгісін тіркеу тәртібі жеңілдетілді. Бұрын бұл үдеріс шамамен 7 айға созылса, бүгінде ақылы жедел тіркеу арқылы 4 ай ішінде аяқтауға мүмкіндік бар. Бұл кәсіпкерлерге өз өнімін нарыққа жылдам шығарып, бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жол ашады. Бұдан бөлек, тауар белгісіне қатысты шағым беру мерзімі де ұзартылып, 1 айдан 2 айға дейін жеткізілді. Зияткерлік меншік құқықтарын қорғау саласы бойынша құқық иелерінің арыздары негізінде тауар таңбаларын заңсыз пайдалануға қатысты бірқатар тексерулер өткізілген. Нәтижесінде бөтен брендті рұқсатсыз қолданған тұлғаларға қатысты 50 әкімшілік іс қозғалып, сот шешімімен кінәлілерге жалпы сомасы 5 669 944 теңге айыппұл салынған. Заңсыз айналымнан жалпы құны 35 943 862 теңгені құрайтын 58 062 дана контрафактілі өнім тәркіленді. Бұл көрсеткіш өткен жылдармен салыстырғанда едәуір артқан. Ең алаңдатарлығы – жалған өнімдердің ішінде тұрмыстық химия мен тағам өнімдерінің көптеп кездесуі, яғни адам денсаулығына тікелей қауіп төндіретін тауарлар. Осыған байланысты департамент мамандары тұрғындарды күнделікті тұтынатын өнімдерді сатып алу барысында барынша мұқият болуға шақырады. Заңды күшіне енген сот актілері мен өзге де атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету де – әділет органдары қызметіндегі маңызды бағыттардың бірі.

–Қалада мемлекеттік 7 және 162 жеке сот орындаушы қызмет атқарады. Мыңдаған істердің атқарушылық өндірістің орындалу барысында тұруы, бұл салаға келіп түсетін мәселенің көп екенін көрсетеді. Әрбір атқарушылық істе өндіріп алушы мен борышкер тараптары бар екенін ескерсек, сот орындаушылардың қызметіне қатысты халықтың сауалы аз емес. Осыған байланысты мәселелерді жедел шешу, тараптар арасындағы өзара қарым-қатынасты оңтайландыру мақсатында бұл салада да цифрлы технологияларды қолдану аясы кеңейіп келеді. Жалпы, атқарылып жатқан жұмыстар құқықтық қызметтердің сапасын арттырып қана қоймай, азаматтардың мемлекетке деген сенімін нығайтуға бағытталған. Құқық үстемдігі мен әділеттілік қағидаттары осы нақты істер арқылы жүзеге асуда.

 

Сот актілерін орындауда цифрлық шешімдер басым

Сот актілерін орындау саласында енгізілген тағы бір маңызды жаңашылдық – «робот-сот орындаушы» жүйесі. Бұл тетік туралы бұған дейін де айтылған болатын, дегенмен оның тиімділігін тағы бір нақтылап өткен жөн. Қолданыстағы тәртіпке сәйкес, мемлекет пайдасына 20 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) аспайтын сомаларды өндіру бойынша істер алдымен автоматтандырылған режимде орындалады. Яғни, жүйе борышкерге хабарлама жолдап, оның есепшоттарына тыйым салады, ал шотта қаражат болған жағдайда қарыз сомасы автоматты түрде өндіріліп алынады. Бұл жүйенің басты артықшылығы – халық үшін қаржылық тұрғыдан тиімділігі. Себебі жеке сот орындаушысының қызметіне төленетін шығын үнемделіп, борышкердің қалтасында қалады. 2025 жылы осы автоматтандырылған тәртіппен 31 225 атқарушылық іс аяқталып, мемлекет пайдасына 650 миллион теңге өндірілді, — дейді Айнұр Ақжігітқызы.

Сонымен қатар, атқарушылық өндіріс тараптары үшін сот орындаушымен онлайн форматта байланысу мүмкіндігі де іске қосылды. Енді өндіріп алушы немесе борышкер «aisoip.adilet.gov.kz» сайтына тіркеліп, «Кабинет сторон» сервисі арқылы электронды өтініш жолдай алады. Бұл сервис арқылы азамат тек өтініш беріп қана қоймай, өз ісі бойынша сот орындаушы қандай шаралар қабылдағанын да көре алады. Мұнда атқарылған шаралар жасыл, ал орындалмағандары қызыл түспен белгіленеді. Сот орындаушы өтінішке 5 жұмыс күні ішінде жауап беруге міндетті. Егер белгіленген мерзімде жауап берілмесе, өтініш автоматты түрде Жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына жолданады. Палата арызды 15 жұмыс күні ішінде қарайды. Ал егер арызданушы палата шешімімен келіспесе, шағымды Республикалық палатаға немесе Әділет департаментіне жіберуге құқылы.

Әлеуметтік маңызы зор істердің бірі – алимент өндіру мәселесі. Қазіргі таңда Шымкент қаласында балаларды асырап-бағуға қатысты 13 727 атқарушылық өндіріс тіркелген. Қуантатыны – бұл істердің басым бөлігінде алимент төлемдері уақытылы жүргізілуде екен. Дегенмен, проблемалық алимент саны да жоқ емес көрінеді. 603 іс проблемалық іске жатады. Алимент төлеуден қасақана жалтарғандарға заңнамада қатаң жауапкершілік көзделген. 2025 жылы алимент төлеу жөніндегі міндеттемесін орындамаған 98 азаматқа қатысты соттың айыптау үкімдері шығарылған. Бұдан бөлек, алимент санатындағы істер бойынша 412 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оның шінде 373-і борышкер болса, 39-ы борышкердің жұмыс берушілері. Нәтижесінде 256 борышкер әкімшілік қамаққа алынып, 156 азаматқа айыппұл салынған.

–Бұл көрсеткіштер алимент мәселесіне мемлекет тарапынан ерекше назар аударылып отырғанын көрсетеді. Баланың құқығы – қоғамның басты құндылығы. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да күшейтіліп, заң талаптарын орындамаған тұлғаларға қатысты шаралар қатаңдатылмақ, — дейді Айнұр Исабекова.

Алимент өндіру мәселесінде тек жазалау шараларымен шектелмей, борышкерлерді әлеуметтік тұрғыдан қолдау тетіктері де кеңінен қолданылып жатыр екен. Осы мақсатта Шымкент қаласында борышкерлерді жұмыспен қамтуға бағытталған 13 жәрмеңке ұйымдастырылып, нәтижесінде 306 борышкер тұрақты жұмысқа орналастырылған. Бұл – алимент қарызын азайтудың және әлеуметтік шиеленісті төмендетудің тиімді жолы. Мамандардың айтуынша, борышкерге әкімшілік немесе қылмыстық шара қолданылмай тұрып, түсіндіру жұмыстарын жүргізудің өзі оң нәтиже беріп отыр. Сот отырысына шақырылған борышкерлерге заң талаптары егжей-тегжейлі түсіндіріліп, алимент төлемеудің салдары айтылған. Соның нәтижесінде қарызды өз еркімен толық өтеу жағдайлары жиі кездеседі екен. Мәселен, алимент бойынша 207 839 теңге берешегі бар борышкер сот отырысынан кейін қарызын толық өтеген. Тағы бір жағдайда алимент бойынша 1 220 756 теңге көлеміндегі берешек өз еркімен толық жабылып, жеке сот орындаушысының ұсынысы кері қайтарылған. Бұдан бөлек, әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын білген бірқатар борышкерлер алимент төлемеу салдарының ауыр екенін түсініп, жалпы сомасы 1 713 595 теңгеден астам берешекті толық өтеген.

–Алимент мәселесінде басты мақсат жазалау емес, баланың заңды құқығын қорғау. Түсіндіру, алдын алу және борышкерді жұмыспен қамту арқылы біз нақты нәтижеге қол жеткізіп отырмыз. Көп жағдайда азаматтар заң талаптарын толық түсінген соң, берешегін өз еркімен өтейді, – дейді департамент басшысы.

Әділет департаменті заңдылықты сақтау мәселесіне де қатаң бақылау жүргізіп отыр. 2025 жылы нотариат саласы бойынша жоспардан тыс және профилактикалық бағытта 10 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде заң талаптарын бұзған 2 нотариустың лицензиялары тоқтатылған. Сонымен қатар, есепті кезеңде 2 адвокаттың лицензиясының күші тоқтатылып, 1 адвокат лицензиясынан толық айырылған. Жеке сот орындаушыларына қатысты да шаралар қабылданған. Әділет министрлігінің сенімхаттары негізінде 16 жеке сот орындаушының лицензиясын қолданудан айыру туралы сотқа талап арыздар енгізіліп, соның 13-і қанағаттандырылған. Қалған 2 талап арыз қаралу сатысында тұр. Бұдан бөлек, 2 жеке сот орындаушысының лицензиясының қолданылуы тоқтатылған. Саладағы тағы бір маңызды жаңашылдық – адвокаттар, нотариустар және сот орындаушыларын аттестаттаудан өткізу процесінің толық автоматтандырылуы. Бұрын үміткерлер Әділет департаментіне тікелей келіп өтінім тапсыратын болса, бүгінде аттестаттау «Мемлекеттік қызмет персоналын басқару жөніндегі ұлттық орталық» АҚ-ның тестілеу операторлары арқылы, арнайы компьютерлік орталықтарда жүргізілуде. Бұл жүйе аттестаттау үдерісінің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Қорыта айтқанда, Шымкент қаласында құқықтық қызметтерді жетілдіру, цифрлық шешімдерді енгізу және азаматтардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Мемлекет ұсынып отырған электронды қызметтерді тиімді пайдалану – уақытты үнемдеп қана қоймай, құқықтық мәселелерді жылдам әрі әділ шешуге мүмкіндік береді.

 

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

 

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win