Шымкент қаласында инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Қазіргі таңда қаладағы 81 елді мекеннің 80-і орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған.
Құрсай елді мекеніне су құбыры толық тартылып, бүгінде абаттандыру және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Осы жұмыстар аяқталған соң, аталған елді мекен де толықтай ауыз сумен қамтылады. Соның нәтижесінде қаладағы ауыз сумен қамту деңгейі 99,5 пайызға жетті.
2025 жылы қала аумағында төрт елді мекенде ауыз су жүйелерінің құрылысы жүргізілді. Жаңа құрылыс аумақтары саналатын Қызылжар-2, Ақжайық және Тұран (Қайтпас-1 аумағы) елді мекендерін ауыз су жүйесіне қосу жұмыстары аяқталу сатысында тұр.
Сонымен қатар демеушілердің қолдауымен Текесу елді мекеніне 14 шақырым су құбыры тартылып, тұрғындар орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілді.
Бұдан бөлек, Айкөл елді мекенінде 18 шақырым су желісінің құрылысы аяқталып, желтоқсан айынан бастап сапалы ауыз су беріліп отыр.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2025 жылы 11 мыңға жуық тұрғын сапалы ауыз сумен қамтылып, көрсеткіш 99,9 пайызға жетеді деп күтілуде.
Қаланың аумағы ұлғайып келе жатқанын ескере отырып, алдағы кезеңде су жүйесінің қуаттылығын арттыру мақсатында 6 су жинақтағыш қондырғы салу, сондай-ақ Таскен, Оңтүстік, Ақжайық, Қазығұрт станциясы, Жиделі, Исфиджаб, Гидрогеолог және Орманшы елді мекендеріндегі жаңа құрылыс аумақтарында жұмыстарды кезең-кезеңімен жүргізу жоспарланған.
«Шымкент келбеті»
