Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі, Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Мәди Мырзағараев Қазақстанда сот санкциясынсыз ұстау мерзімін 72 сағаттан 48 сағатқа дейін қысқартуды ұсынды.
Бұл туралы ол Конституциялық комиссияның алғашқы отырысында мәлімдеді.
Оның айтуынша, адам құқығының түпкі негізі — жеке бас бостандығы, ал қамауға алу тек сот шешімімен ғана қолданылуға тиіс ең ауыр шара. Уақытша ұстау тергеудің бастапқы кезеңіндегі мәжбүрлі әрі айрықша шара болғанымен, оның мерзімі барынша қысқа болуы қажет.
Мәди Мырзағараев қазіргі технологиялық мүмкіндіктер сотқа материалдарды жедел ұсынуға жол ашатынын атап өтті. Негізгі тергеу әрекеттері алғашқы тәулікте-ақ жүргізіледі, ал сот бақылауын ертерек іске қосу азамат үшін де, мемлекет үшін де тиімді. Сот санкциясы — тергеу заңдылығының басты кепілі және қоғам сенімінің тірегі. Осыған байланысты ол халықаралық тәжірибені ескере отырып, Конституцияда сот санкциясынсыз ұстау мерзімін 48 сағатпен шектеуді ұсынды.
