М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында студент жастардың қатысуымен маңызды кездесу ұйымдастырылды. Іс-шара Шымкент қаласы Әділет департаменті мен Полиция департаментінің бірлесуімен өтті. Басқосудың негізгі мақсаты – киберқылмыс, интернет-алаяқтық пен есірткіге байланысты құқықбұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру.

Жиында университеттің әлеуметтік және тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Ғани Бесбаев «Заң мен тәртіп» ұғымының қоғамдағы және білім беру жүйесіндегі маңызына тоқталды. Оның айтуынша, заңды сақтау мен тәртіпке бағыну – мемлекеттің тұрақты дамуының, ал университет үшін сапалы білім мен саналы ұрпақ тәрбиелеудің негізгі алғышарты.
– Заң – мемлекеттің тірегі, ал тәртіп сол заңның өмірде жүзеге асуы. Университет қабырғасында ішкі тәртіпті сақтау әрбір студент пен қызметкердің азаматтық жауапкершілігі. Білім ордасы тек білім беріп қана қоймай, болашақ маманның құқықтық мәдениетін қалыптастыруы тиіс, – деді проректор.
Кездесу барысында құқық қорғау органдарының өкілдері студенттерге өзекті әрі пайдалы ақпараттар ұсынды. Шымкент қаласы Әділет департаментінің бөлім басшысы Дина Ботан жастардың құқықтық мәдениетін арттыру мен заң нормаларын білудің маңыздылығын атап өтті.
Ал Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Бауыржан Қарбеков есірткі қылмысының қоғамға төндіретін қауіп-қатері туралы нақты мысалдар келтірді. Ол есірткі заттарын сақтау, тасымалдау, сату және қолданудың ауыр қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертіп, жастарды мұндай әрекеттерден аулақ болуға шақырды. Сондай-ақ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Мақсат Шегірбай интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлеріне тоқталып, киберқауіпсіздіктің негізгі ережелерін түсіндірді. Ол жеке деректерді қорғау, SMS-кодтар мен банк картасына қатысты ақпараттарды бөгде адамдарға бермеу, күмәнді сілтемелерден аулақ болу қажеттігін баса айтты.
Жастар ресурстық орталығының инспекторы Меруерт Құттыбай жастарды қоғамдық өмірге белсене араласуға, еріктілік пен пайдалы бастамаларға қатысуға үндеді. Оның айтуынша, бос уақытты тиімді өткізу мен өзін-өзі дамыту – теріс әрекеттердің алдын алудың ең тиімді жолы. Кездесу барысында студенттер белсенділік танытып, өздерін толғандырған сұрақтарға нақты жауап алды. Ашық форматта өткен басқосу жастар мен мамандар арасында еркін пікір алмасуға мүмкіндік берді.
«Шымкент келбеті»
