Қала спортшылары өткен жылы тарихи жеңістерге қол жеткізіп, жылды табысты қорытындылады. 2025 жылдың 12 айында қала спортшылары республикалық және халықаралық жарыстарда жалпы 2275 жүлделі орынға ие болды. Оның ішінде, Қазақстан Республикасының чемпионаттарында 766 алтын, 726 күміс, 783 қола, Азия чемпионаттарында 103 алтын, 76 күміс, 67 қола, Әлем чемпионаттары мен Кубоктарында 74 алтын, 58 күміс, 55 қола медаль жеңіп алды.
2025 жылдың 12 айында 5 ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, 6 ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, 35 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 125 ҚР спорт шебері, 849 спорт шеберіне үміткер спортшылар дайындалды.
Шымкент қаласының спортшылары 2025 жылы Әлем чемпионаты, Қысқы Азия ойындары, Сурдлимпиада, Дүниежүзілік Универсиада және тағы басқа жауапты жарыстарда жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Атап айтқанда, Токиода өткен Сурдлимпиада ойындарында еркін күрестен 2 спортшы өнер көрсетіп, нәтижесінде Шадияр Пернеш жеңімпаз болса, Сабыржан Рсалы қола жүлдегер атанды. Қытай елінде (Харбин) өткен ІХ қысқы Азия Ойындарында фристайл акробатика спорт түрінен 6 спортшы өнер көрсетті. Нәтижесінде, 1 алтын, 3 күміс, 3 қола медаль жеңіп алды.
Турин қаласында (Италия) өткен ХХХІІ қысқы Дүниежүзілік Универсиадада шорт-трек спорт түрінен Айбек Темірхан командалық сайыста 3-орын жүлдегері атанды.
Рейн Рур қаласында (Германия) өткен ХХХІІ жазғы Дүниежүзілік Универсиадада таеквондо спорт түрінен 1 алтын және 1 қола медальға қол жеткізді.
«Қазақстан Барысы» республикалық турнирінде алғаш рет Шымкент қаласының спортшысы Марат Байқамұмаров «Қазақстан Барысы» атанды. Манама қаласында (Бахрейн) өткен жасөспірімдер ІІІ Азия ойындарына 13 спортшы қатысып, 1 алтын, 5 қола медаль жеңіп алды.
2025 жылы Қазақстан Республикасының VI жастар спорт ойындары өтті. 30 спорт түрі бойынша ұйымдастырылған жарыстар нәтижесінде Шымкент қаласы жалпыкомандалық есепте 3-орынды иеленді.
«Шымкент келбеті»
