Бұл сурет 1988 жылдың наурызында түсірілген. Луговой (қазіргі Тұрар Рысқұлов) ауданының 50 жылдық мерейтойына қазақтың ардақты ақыны Қадыр Мырза Әлі, қырғыз журналисі– аудармашы және баспа ісінің маманы Тургунбек Суванбердиев пен айтыскер ақын Эстебес Турсуналиев арнайы шақырылады.
Тургунбек Суванбердиев менің атам Бектанбайдың біраздан бері аралас-құралас болып жүрген достарының бірі еді. Атамыз ол кісіге «бірге келсеңіздер екен» деп қолқа салды.
Атамның тілегін қабыл алған қадірлі қонақтар Көкдөнең (Калинин) ауылына келеді. Ауыл тұрғындары айтулы азаматтарды құшақ жая қарсы алады. Ол кезде ұжымшар (колхоз) төрағасы болатын. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Тұрсынбек Мүсірәлиевпен бірге атамыз қонақтардың тұрғындармен кездесуін де ұйымдастырады. Қонақтардың құрметіне Құлан сазы деген жерде (қазір айналмалы тасжол) ат жарыс, бәйге ұйымдастырылады.
Ертесіне қонақтар Чалдобар қаласына жол тартады. Үйлеріне қайтқан қадірлі меймандарға Бектенбай атамыз ұлдарының бірі Маратты қосып беріп, «шекараға дейін шығарып сал» деп тапсырады. Қырғыз ағайындармен бірге Чалдобар қаласына дейін Қадыр атамыз да бірге барыпты. Қырғыз достарымен қоштасқан соң айтулы ақын Алматыға қайтады.
Көрші отырған екі елдің ақын-жазушыларының бір-біріне деген құрметі, ілтипаты бұл. «Қонақ келді» деп екі-үш күн оларды қарсы алып, кездесулер ұйымдастырып, елдің рухын көтеретіндей мәдени, әдеби іс-шаралар ұйымдастыратын сол кезеңнің ел басқарған азаматтары да мықты болса керек-ті. Мұндай кездесулер, мерекелік кештер халыққа рухани нәр беретінін, жастарға тәлім тәрбие, өсиет айтар өнегелі іс-шара болары анық еді.
Назарыңызға ұсынып отырған сурет Қадыр Мырза Әлінің Көкдөнен өңіріне келген сол бір кезедсуден естелік. Бір суреттің қысқаша тарихы осындай…
Бекжан БЕКТЕНБАЙ,
М.Әуезов атындағы ОҚЗУ-нің 2-курс студенті.
