Шымкент қаласында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласы азаматтардың әлеуметтік қажеттіліктерін толық қамтуға бағытталған кешенді жұмыстардан тұрады. Бұл қызметтер психоневрологиялық ауытқуы бар балаларға, тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектігі бар жандарға, 18 жастан асқан психоневрологиялық ауруы бар азаматтарға, сондай-ақ өзіне-өзі қызмет көрсете алмайтын І–ІІ топтағы мүгедектер мен жалғызілікті қарттарға көрсетіледі. 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша қалада 3 857 адам арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылып отыр. Қызметтер стационар, жартылай стационар, үйде қызмет көрсету және уақытша болу форматтарында ұсынылады. Соңғы жылдары жартылай стационарлық және үйде қызмет көрсету үлесінің артуы – қызметтің қолжетімді әрі икемді бола түскенінің айғағы.
Бұл бағытта басқармаға қарасты 13 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы жұмыс істеп, онда 1 600-ден астам маман қызмет көрсетуде.
Биыл арнаулы әлеуметтік қызметтер саласында бірқатар ірі жобаларды іске асыру жоспарлануда. Соның ішінде, №1 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының қосымша 50 орындық жаңа ғимараты пайдалануға беріледі. Құрылыс жұмыстары аяқталған соң орталықтың сыйымдылығы едәуір артып, қызмет алушыларға қолайлы жағдай жасалады. Сонымен қатар, орталықтың ескі ғимаратына күрделі жөндеу жүргізу көзделіп отыр. №4 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында жүргізілген абаттандыру және көркем безендіру жұмыстары нәтижесінде орталықтың әлеуметтік ортаға бейімделуі жақсарды. «Аялы алақан» №5 орталығында инфрақұрылым кеңейтіліп, балалардың қауіпсіз әрі жайлы ортада қызмет алуына мүмкіндік жасалды. №6 балалар арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталып, жаңартылған ғимарат толық қуатында қызмет көрсетеді.
Қалада «Белсенді ұзақ өмір орталығы» да табысты жұмыс істеп келеді. Орталықтың 4 бөлімінде егде жастағы азаматтарға жартылай стационарлық жағдайда қызмет көрсетіледі.
Шымкент қаласында 150 орындық мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған оңалту орталығының құрылысы – арнаулы әлеуметтік саладағы ең ірі жобалардың бірі. Құрылыс жұмыстары 2024 жылы басталып, 2026 жылдың желтоқсан айында толық аяқталады деп жоспарлануда. Орталық іске қосылған соң мүгедектігі бар азаматтарды кешенді оңалту, бейімдеу және әлеуметтік ортаға тарту мүмкіндігі айтарлықтай кеңейеді.
