Асар-2 шағын ауданында қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға кезекті рет пәтер кілттерін салтанатты тапсыру рәсімі өтті. Баспана кезегінде тұрған отбасылар жалға берілетін пәтерлердің кілтін алды.

Шымкент қаласында тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету бағдарламалары жүйелі жүзеге асырылуда. Аталған шағынаудандағы бұл жаңа үйлер қаланың коммуналды тұрғын үй қорынан беріліп отыр. Қоныстанушылардың қатарында көп балалы және толық емес отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар, сондай-ақ, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және жетім балалар бар.
Іс-шарада қала әкімі жалға берілетін үйлер қорын кеңейту және азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету басым бағыттардың бірі екенін атап өтті. Баспанамен қамтамасыз ету белгіленген рәсімдер мен заңнама талаптарын сақтай отырып, жоспарға сәйкес жүзеге асырылады.
Тұрғындарды жаңа қоныстарымен құттықтаған қала әкімі пәтер кілттерін беру рәсімі алдағы уақытта жалғасын табатынын айтты.
Айта кетейік, бұған дейін Асар-2 шағын ауданында әлеуметтік осал санаттағы 46 отбасыға жалдамалы пәтердің кілттері салтанатты түрде табысталған болатын.
Салтанатты рәсімге Шымкент қаласының әкімі Ғабит
Сыздықбеков арнайы қатысып, тұрғындарды қуанышты сәтімен құттықтады. Қала басшысы тұрғын үймен қамту мемлекеттік саясаттағы маңызды басымдықтардың бірі екенін атап өтті.
— Баспаналы болу – әр отбасы үшін тек қоныс тойы ғана емес, тұрақты өмір мен болашаққа деген сенімнің негізі, – деді әкім.
Жалпы, өткен жылы әлеуметтік осал санаттағы азаматтар үшін нарықтан 1 529 пәтер сатып алынған. Қазіргі таңда олардың бір бөлігі қала балансына қабылданып, қалған пәтерлерді тіркеу және «Отбасы банк» АҚ арқылы бөлу жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар Тұран шағын ауданында баспана кезегінде тұрған 24 отбасы көптен күткен қуанышқа кенеліп, жалға берілетін пәтерлердің кілтін қолына алды. Жаңа қоныстанушылардың қатарында көпбалалы және толық емес отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған жандар, сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және жетім балалар бар. Әрбір отбасы үшін бұл – тек баспана ғана емес, болашаққа деген сенім мен тұрақтылық.
Пәтер кілттерін табыстау рәсіміне Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, қоныс иелерін шын жүректен құттықтады. Қала басшысы тұрғын үй қорын жаңарту, халықтың әл-ауқатын арттыру және қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бағытындағы жүйелі жұмыстардың алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.
Коммуналдық тұрғын үй қорынан беріліп жатқан жалға берілетін пәтерлер бекітілген тізімдер мен белгіленген тәртіпке сәйкес кезең-кезеңімен үлестірілуде. Жыл басынан бері қала бойынша бөлінген 235 пәтердің 187-сі баспана кезегінде тұрған азаматтарға табысталған.
Тұрандағы бүгінгі қуаныш – мыңдаған отбасының үмітін оятқан, әлеуметтік қолдаудың нақты көрінісі болды.
Айта кетейік, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Шымкент қаласында 1 381 000 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл көрсеткіш қаладағы тұрғын үй құрылысының қарқынды дамып келе жатқанын және Мемлекет басшысының халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларының нақты жүзеге асырылып жатқанын айқын көрсетеді.
C. ТҰРҒАНТАЙҚЫЗЫ
Т. ҚАСЫМОВ
