Шымкент қаласы бүгінде солтүстік бағытқа қарай кеңейіп, жаңа, заманауи шағын аудандар бой түзеп келе жатқаны белгілі. Халық көбейген соң бұл шағын аудандарға даңғыраған жолдар төселіп, инфрақұрылым жүргізіліп, мектеп пен балабақшалар көбейіп, өзге де әлеуметтік, кәсіпкерлік нысандар салынып, аллеялар мен саябақтар пайда болды.

Дегенмен, халықтың осы жаққа көптеп қоныс аударуы кептелісті көбейткені рас. Қаланың солтүстік бөлігін орталықпен жалғастырып жатқан Бәйбібек би даңғылы арқылы жүру қиындады. Әкімдік оған балама жолдар салып, кептелісті азайтуға ұмтылып жатыр. Бірақ, Бәйдібек би даңғылы мен Қ.Төлеметов көшесінің қиылысына жолайрықтың керек екені көзге ұрып тұрғандай.
Бәйдібек би даңғылы Шымкент қаласының негізгі артериялық көшелерінің бірі саналады. Бұл бағытта тәулігіне ондаған мың көлік қатынайды. Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының деректеріне сүйенсек, Бәйдібек би даңғылы мен Қ.Төлеметов көшесі қиылысында көлік жолайрығын салу жобасы бірнеше жыл бұрын қарастырылған. Аталған нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы 2023 жылы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алған. Бірақ, даңғылға баламалы жолдардың болмауына байланысты 2023 жылы жолайрық құрылысы уақытша кейінге шегерілген.
Осыған орай 2023–2025 жылдар аралығында басқарма тарапынан көлік жүктемесін азайту және қозғалысты әртараптандыру мақсатында бірқатар инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, Т.Өтегенов, Қ.Қазиев, Ы.Алтынсарин көшелерінің жалғасы салынды, сондай-ақ, Шұбаркөл көшесінің құрылысы мен Таңбалытас көшесіне асфальт қабатын төсеу жұмыстары жүргізілді. Бұл шаралар Бәйдібек би даңғылындағы көлік ағынын біршама жеңілдетуге мүмкіндік берді. Қалада автокөліктің жыл сайын көбейіп келе жатқанын ескере отырып, Бәйдібек би даңғылы мен Қ.Төлеметов көшесінің қиылысында жолайрық салу жобасын іске асыру 2025 жылдың желтоқсан айында басталды. Құрылыс жұмыстарын жауапты мердігер мекеме — «BCN GROUP» жүзеге асыруда.
Жоба аясында құрылыс кезеңінде көлік қозғалысы толықтай тоқтатылмайды. Қауіпсіздік пен қозғалыс тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында жол қозғалысына кезең-кезеңімен жартылай шектеулер енгізіледі. Аталған жолайрықты пайдалануға беру арқылы қаладағы көлік кептелісін азайтып, қозғалыс қауіпсіздігін арттыру, сондай-ақ, негізгі магистралды көшелердің өткізу қабілетін жақсарту көзделіп отыр. Нысан жыл соңына дейін толық аяқталып, көлік қозғалысына ашылады деп жоспарланған.
Гүлжауһар БАЖАҚАЙ
