Редакция таңдауы

Ұлттық құрылтайда байыпты бастамалар көтерілді

Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтай еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі болды деуге негіз бар. Тарихи өңірде өткен бұл жиын ел дамуының стратегиялық бағыттарын айқындап қана қоймай, қоғам мен билік арасындағы ашық диалогтың жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетті. Бесінші шақырылған Ұлттық құрылтайдың Қызылордада ұйымдастырылуы кездейсоқ таңдау емес. Бұл
өңір – қазақ мемлекеттілігінің қалыптасу кезеңінде айрықша рөл атқарған, ел астанасы болған, ұлт руханияты мен зиялы қауымының ордасы саналған қасиетті мекен. Сондықтан құрылтайдың дәл осы өңірде өтуі тарихи сабақтастық пен жаңғыру идеясының терең үндестігін білдіреді.

«Халықтың сана-сезімі өзгеріп келеді»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құрылтай отырысында ел дамуына қатысты маңызды бастамалар мен нақты міндеттерді атап өтті. Саяси реформаларды жүйелі түрде жалғастыру, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету, ұлттық бірегейлікті нығайту – жиынның негізгі өзегіне айналды. Бұл ұсыныстар қоғам тарапынан кең қолдау тауып, құрылтайдың шын мәнінде халықтық сипатқа ие екенін дәлелдеп отыр.

Расы керек, Ұлттық құрылтайдың басты ерекшелігі – онда айтылған ой-пікірлер мен ұсыныстардың формалды сипатта қалмай, нақты іске бағытталуында. Қоғам өкілдері, сарапшылар, азаматтық сектор мен билік арасындағы ашық пікір алмасу мемлекеттік шешімдердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл – жаңа Қазақстанды құру жолындағы маңызды қадам.

Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына оң баға берген Мемлекет басшысы бір ел, бір халық болып жұмыла білгеннің арқасында өткен жылды мол табыспен аяқтағанымызға тоқталды.

– Былтыр экономикамыз 6,5 пайызға өсті. Еліміздің ішкі жалпы өнімі 300 миллиард доллардан асты, ал жан басына шаққандағы үлесі тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет 15 мың доллар болды. Бұл – бүкіл Орталық Азия аймағы бойынша рекордтық көрсеткіш. Ұлттық қордың валюталық активтері 5 миллиард долларға ұлғайды. Алтын-валюта қорымыз ең жоғары деңгейге жетіп, 65 миллиард доллардан асты. Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 40 пайызға жақындады. Халық саны 20,5 миллионға жуықтады. Азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 75,4 жасқа жетті.

Ең бастысы, қоғам өзгерді, реформаларымыз тұрақты сипатқа ие болды, халықтың сана-сезімінде үлкен бетбұрыс жасалды. Осы ретте, Ұлттық құрылтай айрықша рөл атқарғаны сөзсіз. Төрт жылда Құрылтай мүшелері ел өміріне ықпал ететін көптеген маңызды бастама көтерді. Ұлттық құрылтайда айтылған ұсыныстардың негізінде 26 заң қабылданды. Осының өзі Құрылтай ауқымды реформалардың негізгі қозғаушы күші болғанын айқын көрсетеді, – деді Президент.

 

Жастар тәрбиесіне оң көзқарас

Жалпы, ұлттық құрылтай – еліміздің мемлекеттік-саяси жүйесін жаңғырту мен қоғаммен келісімді нығайту бағытындағы маңызды мемлекеттік институт екенін дәләлдеді. Құрылтайдың бесінші отырысы да елдегі диалог мәдениетін дамытуға, құқықтық реформаларды қоғам тарапынан жан-жақты қолдауға, сондай-ақ, стратегиялық жоспарларды жүзеге асыруға арналған нақты қадамдарға бастама жасады.

Президент атап өткендей, құрылтай мүшелері өткен жылғы жиында ішкі саясат саласын ретке келтіру туралы бастама көтерді. Былтыр еліміздің ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары бекітілді. Енді осы құжатты басымдық ретінде қарап, белсенді түрде іске асыру міндеті тұр.

«Мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағдарының бірі – мәдениет пен өнер. Себебі қоғамның санасы жаңғырмаса, реформалар ойдағыдай нәтиже бермейді. Бұл – ақиқат. Сондықтан біз руханият мәселелеріне айрықша мән береміз. Бұл салада бұрын-соңды болмаған ауқымды шаруалар қолға алынады. Атап айтқанда, Алматы облысында қазақ драма театры, Абай, Ақтөбе облыстарында театрлар бой көтереді. Шымкентте де Опера және балет театрының құрылысы басталмақ. Биыл Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының ашылғанына 100 жыл толды. Осыған орай, театр ғимаратына жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмысы аяқталмақ», – деген Мемлекет басшысы музей ісін дамыту, заманауи кітапхана салу мәселелелеріне жан-жақты тоқталды. Аталған іс-шаралар еліміздің руханият пен өнер салаларына оң бетбұрыс жасамақ.

Мемлекет басшысы жастардың әлеуетін пайдалану керек екенін, қазіргі таңда жас буын өкілдері жаңа қоғамдық этиканы, креативті индустрияны дамытуға зор үлес қосып жатқанын айтты. Жастардың күш-қуаты, ынта-жігері, жаңашылдығы мен жасампаздығы кез келген салаға зор серпін беретіні рас. Сондықтан да өскелең ұрпаққа әрдайым жан-жақты қолдау көрсетіліп, олардың ұлттық құндылықтармен қатар жаңа заманның жақсы қасиеттерін бойына сіңіруіне барынша жағдай жасалмақ. Өйткені, жастар – елдің болашағы. Келешек елдің тұтқасын ұстайтын жас өскіндерді тәрбиелеп, олардың әлеуетін пайдалануымыз керек.

Ұлттық құрылтайда еліміздің рухани-мәдени мұрасын әлемге таныту туралы бастамалар көтеріліп, соған сәйкес жоспарлы жұмыстар іске асырылуда. Бүгінде еліміз материалдық емес мәдени мұралар тізіміне өз нысандарын белсенді түрде енгізіп жатқан әлемдегі 25 елдің қатарына кіреді екен. Президент мұнымен тоқтап қалуға болмайтынын, төл тарихымызды зерделеу, өнеріміз бен мәдениетімізді өркендету үшін әлі де көп жұмыс істелуге тиіс екенін мәлімдеді. Бұл шаралар алдағы уақытта да жалғаса бермек.

Елімізде танымдық әрі тағылымдық мәні зор тарихи орындар мен құнды жәдігерлер аз емес. Осы орайда соңғы жылдары туристік әлеуеті қарқынды дамып келе жатқан Шымкентте де ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын айта кеткен жөн. Қаланың инфрақұрылымын жаңғырту, сервистік қызмет сапасын арттыру, инвестициялық жобаларды іске асыру және бірегей туристік бренд қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мәдени-тарихи мұралар мен сакралды нысандарды жаңғырту, гастрономиялық туризмді дамыту және халықаралық деңгейде ілгерілетуге басымдық беріліп отыр. Мәселен, 2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Шымкент қаласына келген туристер саны 400 мыңнан асқан. Бұл көрсеткіш – тек қонақ үйлерге орналастырылып, турист ретінде ресми тіркелген азаматтардың саны. Ал, қалаға жеке мақсатпен, іссапармен немесе туыстық қатынастар арқылы келетін қонақтарды есептегенде, туристік ағын бұдан да жоғары екенін анық.

Республикалық маңызға ие «Ибрагим ата» және «Қарашаш ана» кесенелерінің аумақтары абаттандырылды. Кесенелерге апаратын жолдар салынды, санитариялық-гигиеналық тораптар орнатылды. Сонымен қатар, Хызыр мұнарасының аумағы жеке кәсіпкер есебінен абаттандырылып, жарықтандыру жүйелері орнатылды, орындықтар қойылып, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Алдағы кезеңге жоспарланған маңызды жобалардың бірі – 2026 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, Сайрам тұрғын алабында орналасқан алты сакралды нысанды реконструкциялау. Бұл жұмыстар тарихи-мәдени мұраларды сақтау және туристерге қолайлы жағдай жасауға бағытталып отыр.

Мемлекет басшысының бес жыл бұрын «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында қазіргі заманғы ғылыми тәсілдер негізінде төл тарихымызға арналған жаңа академиялық еңбек жазу туралы тапсырма берілген еді. Ұлттық құрылтайда осы ауқымды әрі іргелі зерттеу жұмысы жыл соңына қарай аяқталатыны айтылды. Қазақстанның академиялық тарихының көлемді жеті томдығы жарыққа шықпақ. Бұл еңбек мемлекеттігімізді нығайтуға және ұлтымыздың біртұтас тарихи сана-сезімін қалыптастыруға қосқан қомақты үлес болмақ. Қасым-Жомарт Кемелұлы осы маңызды ғылыми жинақ Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығына орай шығатынын, мұның зор символдық мәні бар екеніне назар аударды. Әрине, елдігімізді танытатын, мұндай маңызды датаны дәл осындай нақты істермен, жастарға зор серпін беретін тағылымды іс-шаралармен атап өтуіміз қажет. Бұл тарихи белесте жастардың отаншылдық сезімін оятуға, өз тарихын танып-білуге зор мүмкіндік жасалмақ.

– «Таза Қазақстан» – ұлттық идеологиямыздың ажырамас бөлігіне айналды. Тазалық халқымыздың адал ниеті мен таза пейілінен басталады. Бұл – ең алдымен көшелерді, үйлерді таза, ұқыпты ұстау деген сөз. Таза Қазақстан – әдемі ұран да, науқан да емес, бұл – күнделікті қажырлы еңбектің нәтижесі. Тазалық тәртіпті күшейтеді, ал тәртіп жауапкершілікті арттырады. Осы маңызды тұжырымды ұрпақтың санасына сіңіру өте маңызды. Біз сонда ғана нағыз өркениетті және ілгері қадам басушы озық ел боламыз, – деген Президенттің сөзі көпшілікке ой салғаны анық.

Үшінші мегаполисте де бұл бағытта тиісті жұмыстар жүзеге асып жатқаны көпшілікке мәлім. Қала әкімдігінің құрылымдық бөлімдері, AMANAT партиясының Шымкент қалалық филиалы, қала тұрғындары, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, жалынды жастар ұйымдаса қалада қоршаған ортаны қорғауға, экосананы қалыптастыру бағытында тұрақты тазалық іс-шаралары өткізіліп келеді. Қазіргі уақытта шаһардың тазалығы біршама ретке келтіріліп, тұрғындар да осынау іске жұмыла атсалысып жатыр. Бұл – әрине, қуантарлық жағдай. Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда айтқан сөз бізге зор серпін берді. Біз бұл жұмыстарды одан әрі жалғастырамыз. Сондай-ақ, бүгінде шаһарда аулалар абаттандырылып, жаңа гүлзарлар құрылысы қарқын алған. Қалада тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған кешенді іс-шаралар жүзеге асып жатыр.

 

Жасанды интеллект дәуіріндегі игілікті істер

«Жасанды интеллект заманына бейімделе білген, соған қарап тіршілігін түзген, тіпті, жаңа үдерістерге нақты әрі белсене қатысқан елдер ғана табысқа жетпек. Сондықтан Қазақстан цифрландыру ісін қарқынды дамытып, жеке және қоғамдық өмірдің барлық саласына жасанды интеллектіні енгізе бастады.

Біз білім, ғылым және жоғары технология саласына қомақты инвестиция салатын болдық. Себебі адам капиталының сапасын арттыру – айрықша маңызды міндет. Бұл, әсіресе, ел дамуының қазіргідей тарихи, бетбұрысты кезеңінде халқымыздың болашағына тікелей әсерін тигізеді. Ең бастысы – бұл жоспарлар жұртты құр уәдемен жарылқайтын тұсаукесер рәсімдері мен форумдардың көлеңкесінде қалып қоймауы керек. Біз пиар-акциялар мен көз алдайтын жалған ілгерілеуге емес, нақты жетістікке ұмтылуымыз қажет.

Цифрландыру және жасанды интеллект жылын сән қуып, ұрандату үшін жариялаған жоқпыз. Бұл шешім бүкіл мемлекеттік аппаратқа нақты міндет жүктеп отыр. Бұл – стратегиялық міндет. Сондықтан мемлекет үшін айрықша маңызды осы міндетті орындауға қатысты талап та өте жоғары болмақ. Бұл бағыттағы жұмыстың нәтижесі нақты әрі көзге көрінетін көрсеткіштермен өлшенуге тиіс».

Иә, Мемлекет басшысы ұлттық құрылтайда жасанды интеллект дәуірінде бәсекеге қабілетті болу, ғылымды игеру, цифрлық технологияларға бет бұруымыз керектігін тағы да еске салды. Бұл – уақыттың талабы. Цифрлық үдерістерді, жаңа инновацияларды өндіріске, энергетика, ауылшаруашылығы, көлік-логистика саласы, тағы бда басқа маңызды салаларға енгізу күн тәртібінде тұрған мәселе. Бұл ретте нақты істерге ұмтылып, айқын міндеттемелерді іске асыру талабы қойылып отыр.

Сондай-ақ, жаңа қуат көздерін іске қосу, қуат көздерінің жеткілікті болуын қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың аса маңызды бөлігі ретінде қарастырылмақ. Мінекей, Президент энергетика секторын жаңғырту, көлік-логистика кешенін жүйелі түрде дамыту керектігін айқындап берді. Расында, еліміздің орасан зор транзиттік әлеуеті бар. Көлік-логистика кешенін дұрыс дамытпай, ел экономикасын тұрақты өсіру мүмкін емес. Осы әлеуетті толық пайдалану үшін қыруар шаруа атқару басты назарда тұр.

«Елімізде қызу жұмыс қолға алынды. Мыңдаған шақырымдық автокөлік жолдары мен темір жолдар салынып, жөнделіп жатыр. Басты бағыттардың талапқа сай емес тұстары ретке келтірілуде. Вокзалдар, теңіз және әуе порттары, сондай-ақ құрғақ порттар жаңғыртылып, кей жерде жаңадан салынып жатыр. Мультимодальды тасымал түрі де дамып келеді.

Автокөлік тасымалы саласы да аса маңызды. Елдегі автокөлік жолдарын халықаралық стандарттарға сай жаңғырту – айрықша маңызды міндет. Бұл, біріншіден, Қазақстанның батыс пен шығыс арасындағы транзит дәлізі ретіндегі рөлін арттыра түседі. Екіншіден, облыстар арасындағы көлік байланысын барынша жақсартады.

Ең бастысы, биыл елімізде бұрын-соңды болмаған ауқымды инфрақұрылымдық жобалар басталады».

Осы орайда Шымкент қаласында ауқымды жұмыстар қолға алынып, кешенді жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, қалаға кіреберісте айналма жолдар, магистраль көшелер, жолайрықтар, темір жол өткелдері салынып, автомобиль жолдарының сапасы айтарлықтай жақсара түсті. Мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері, қалалық ардагерлер кеңесі өкілдерімен бірлесе бұл бағыттағы жұмыстармен танысып, жұмыстың сапасын бақылап келеміз. Жалпы, бұл саладағы жұмыстардың көлемі ауқымды. Қонаев даңғылы жалғасы құрылысы биыл аяқталмақ. Момынов көшесі бойындағы теміржол өткелі құрылысы 90 пайызға аяқталса, Тіленшин көшесіндегі теміржол өткелі құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Өткен жылы Шымкентте 1 059 шақырымнан астам автокөлік жолына асфальт төселіп, көшелерді жарықтандыру көрсеткіші 100 пайыз орындалған.

 

Саяси жаңғырудың ауқымды кезеңі

Қазіргі таңда еліміз ауқымды саяси жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басқалы тұр. Мемлекет басшысы ұлттық құрылтайда биыл Қазақстанның келешегіне тікелей ықпал ететін аса маңызды жыл болатынын атап өтті.

Президенттің бір палаталы Парламент құру туралы бастамасы қоғамда кеңінен талқыланды. Өткен жылы Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы құрылып, оның құрамына белгілі заңгерлер, сарапшылар, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері кіргені белгілі. Саяси реформаларға бей-жай қарамайтын басқа да азаматтар бұл талқылауға қатысуға жағдай жасалды. e-Otinish платформасы мен Egov порталында «Парламенттік реформа» деген арнайы бөлім ашылып, жұмыс істеуде.

Құрылтай отырысында Қасым-Жомарт Кемелұлы жұмыс тобында талқыланған негізгі ұсыныстармен таныстырып, болашақ Парламентке Құрылтай деген атауды беруді ұсынды. Бұл ұсыныс – тарихи сабақтастықты жаңғыртуға бағытталған терең мағыналы қадам. Құрылтай ұғымы қазақ қоғамында елдік мәселелер кеңінен талқыланатын, ортақ шешім қабылданатын институт ретінде қалыптасқан. Осы тұрғыдан алғанда, аталған бастама заң шығару органының халыққа жақындай түсуіне ықпал етеді.

Мемлекет басшысы еліміздің саяси жүйесінде Құрылтай атауын аса маңызды мемлекеттік институттың символы ретінде сақтап қалуымыз керек екенін де атап өтті.

Мінекей, саяси реформалар қоғамның қажеттілігі мен мемлекеттің даму жоспарына сәйкес үздіксіз жалғаса бермек. Таяуда ғана Президент жарлығымен Конституциялық комиссия құрылып, жұмысын бастады. Оның құрамына 100-ден астам азамат кіреді. Комиссия барлық ұсынысты сараптап, қорытып, нақты өзгерістердің жобасын әзірлейді. Содан соң жалпыхалықтық референдум өтетін уақыт белгіленбек. Конституциялық комиссияның құрамына өзім де мүше болдым. Қазіргі уақытта кең талқылаулар жүріп жатқан комисиядан оң өзгерістер күтілуде. Конституциялық реформа бойынша ұсыныстар сарапталып, еліміздің  алдағы дамуына оң серпін беретін өзгерістер жасалмақ.

Жалпы, ұлттық құрылтай қоғамдағы жауапкершілік мәдениетін де күшейтті. Мемлекет дамуы тек орталық деңгейдегі шешімдерге ғана емес, әр азаматтың, әрбір жергілікті органның белсенділігіне байланысты екені айтылды. Бұл – бірлескен жауапкершілік қағидатына негізделген жаңа қоғамдық келісімнің көрінісі. Өз жұмысын табысты аяқтаған құрылтай еліміздің бірлігі мен тұтастығын нығайтуға, ұлттық мүддені айқындауға бағытталған маңызды алаң болды. Мұнда айтылған бастамалар мен ұсыныстар Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуына қызмет етеді деп сенеміз. Ал жергілікті өкілді органдар сол идеялардың нақты өмірде жүзеге асуына атсалысуы қажет.

 

Бахадыр НАРЫМБЕТОВ,
Шымкент қаласы мәслихатының төрағасыbv

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win