МӘМС – денсаулық сақтау саласындағы мүдделерді әлеуметтік қорғаудың мемлекеттік жүйесі. Жыл сайын жұмыс сапасын арттырып, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында соны өзгерістер орын алып отыр. МӘМС жүйесіндегі жаңа қадамдар, Шымкенттегі қолжетімділік жайлы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Шымкент қаласы филиалының директоры Дүйсенбаева Сәуле Сансызбайқызымен сұхбатта сұраған едік.

– Сәуле Сансызбайқызы, 2026 жылдан бастап МӘМС жүйесінде қандай басты өзгерістер орын алып отыр?
– Мемлекет басшысының тапсырмасымен медициналық көмектің пакеттері қайта қаралды және қызметтердің қайталануын болдырмау мақсатында жаңартылды. Енді ТМККК (тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі) пакетіне әлеуметтік мәні бар 11 ауру түрінің профилактикасы мен диагностикасы енді. Бұған дейін АИТВ мен туберкулезге күдік болған жағдайда ғана қызмет көрсетілсе, қазір қатерлі ісіктер, созылмалы вирустық гепатиттер, бауыр цирозы, психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстар, орфандық аурулар, жүйке жүйесінің дегенеративті аурулары, демиелинизациялайтын аурулар, эпилепсия, жедел миокард инфарктісі (алғашқы 6 ай) және инсульт (1 жыл ішінде) толықты. Сонымен қатар, артериялық гипертония, ишемиялық жүрек ауруы, глаукома, қант диабеті, В және С вирустық гепатиттерін ерте анықтауға арналған скринингтер енгізілді. Бұл шаралар ауруларды дер кезінде анықтауға және ем нәтижесін жақсартуға мүмкіндік береді.
– МӘМС туралы заңға енгізілген өзгерістер халыққа қаншалықты тиімді және Шымкенттегі қамтылу деңгейі қандай?
– Заңдағы жаңалықтар медициналық көмекті халыққа қолжетімді етуге бағытталған. Енді әлеуметтік әл-ауқаты төмен D және E санатындағы азаматтардың МӘМС жарналарын жергілікті атқарушы органдар төлейтін болады. Сонымен қатар, ресми жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар да сақтандыру жүйесінде бюджет есебінен қамтылады. Бүгінде Шымкентте 1 285 539 адам тұрады. Оның ішінде 800 мыңнан астам жеңілдік санатындағы азаматтың жарнасын мемлекет төлейді. Ал, 300 мыңға жуық қала тұрғыны міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде еңбек қызметі аясында, яғни жұмыс беруші төлейтін және жалақыдан ұсталатын жарналар есебінен сақтандырылған. 181 811 мың адам әлі сақтандырылмаған. Алайда, заңдағы өзгерістер осал топтағы азаматтарды қамтуға бағытталған. Шымкентте бүгінгі таңда әл-ауқаты төмен D және E санатында 13 мыңнан астам адам тіркелген.
– Шымкент қаласында МӘМС жүйесі арқылы қанша медициналық ұйым қызмет көрсетеді және олардың қаржыландырылуы қалай ұйымдастырылған?
– Қалада МӘМС шеңберінде 170 медициналық ұйым жұмыс істейді: 34 мемлекеттік және қалғаны жекеменшік клиника. Қор МӘМС-ке келіп түскен қаражатты ай сайын медициналық ұйымдарға көрсеткен қызметтері үшін төлеп отырады. Жылдан жылға қаржыландыру көлемі өсіп келеді. Негізгі мақсат – денсаулық сақтау саласын қаржылық тұрғыдан тұрақтандыру, қызмет сапасын арттыру және медицинаны халыққа қолжетімді ету.
– Жоғары технологиялық медициналық көмек қаншалықты қолжетімді?
– МӘМС енгізілгеннен бері жоғары технологиялық медициналық көмекке қолжетімділік артты. Шымкентте өткен жылы 1000-нан астам жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетілді. Айтарлықтай қаржыландыру кардиохирургиялық және нейрохирургиялық күрделі операцияларға бағытталады. Мысалы, 1 жүрек және 17 бүйрек трансплантациясы жасалған, соңғы бес жылда 23 науқасқа жасанды жүрек орнатылды. Мұндай операциялардың құны 10 млн теңгеден 77 млн теңгеге дейін жетеді, қор арқылы қаржыландыру пациенттерге үлкен қолдау болып отыр.
– Медициналық оңалту қызметтері қалай жүзеге асырылады және қаншалықты қолжетімді?
– Медициналық оңалту – МӘМС пакетіндегі ең сұранысқа ие және қымбат қызметтердің бірі. Былтыр қалада 300 мыңнан астам оңалту қызметі көрсетілді. Оңалту инсульт, жарақат, кардиохирургиялық операциялар немесе созылмалы аурулардан кейін тағайындалады. Балаларға, оның ішінде туа бітті тірек-қимыл аппараты аурулары, сал ауруы және басқа аурулармен ауыратындарға да кең мүмкіндіктер ұсынылады. Оңалтудан өту үшін науқас өз емханасына жүгінуі керек, ал оңалту емін реабилитолог немесе көпсалалы комиссия тағайындайды.
– Консультациялық-диагностикалық қызметтер қолжетімді ме және бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?
– Қымбат диагностика түрлері, бейінді мамандардың консультациялары және зертханалық талдаулар консультациялық-диагностикалық қызметтер құрамына кіреді. Пациенттерге КТ/МРТ, сандық рентгенография, колоноскопия, бейне-ЭЭГ және ультрадыбыстық зерттеулерге қолжетімділік артты. Былтыр МӘМС есебінен 7 миллионға жуық консультациялық-диагностикалық қызмет көрсетілді. Қалада 41 медициналық мекеме КТ/МРТ, 36 мекеме сандық рентгенография қызметін ұсынады. Бұл шаралар ауруларды ерте анықтауға мүмкіндік береді.
Салтанат ЖАМАЛДИНОВА
