Қаланың даму қарқыны ең әуелі тұрғын үй құрылысы мен сауда-саттықтағы белсенділіктен аңғарылады. Бұл екі бағыт – халықтың тұрмыс деңгейін және экономиканың «тірі» күйін айқындайтын басты индикаторлар. Шымкентте соңғы жылы осы салалар бірін-бірі толықтырып, өзара ықпалдаса дамығаны байқалады.

Жыл қорытындысымен қалада пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 1 млн 382 мың шаршы метрді құрады. Бұл – мегаполистегі тұрғын үйге деген жоғары сұраныстың нақты көрінісі. Әсіресе, әлеуметтік бағыттағы құрылысқа басымдық беріліп, бюджет есебінен 66 әлеуметтік тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді. Оның ішінде 34 тұрғын үй жыл соңына дейін пайдалануға беріліп, жүздеген отбасы баспаналы болды.
Аталған жұмыстардың нәтижесінде құрылыс саласындағы іскерлік белсенділік айтарлықтай артты. 2025 жылдың қорытындысымен құрылыс жұмыстарының көлемі 20,3 пайызға ұлғайып, 388,2 млрд теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш құрылыс индустриясының қала экономикасындағы жетекші салалардың біріне айналғанын көрсетеді.
Өндіріс көлемінің өсуі мен кәсіпкерлік саласының тұрақты дамуы сауда секторына да тікелей әсер етті. Ішкі нарықтағы сұраныстың артуы бөлшек және көтерме сауда көлемінің кеңеюіне жол ашты. Нәтижесінде жалпы сауда көлемі 25,8 пайызға өсіп, 4 231,7 млрд теңгені құрады.
Бұл – Шымкенттің өңірлік сауда хабы ретіндегі рөлін күшейтіп келе жатқанын аңғартатын маңызды көрсеткіш.
Қаланың көлік-логистикалық әлеуетін арттыру бағытында да нақты қадамдар жасалды. Әуе инфрақұрылымын дамыту аясында әуежайдың жаңа терминалы арқылы Шымкенттен 6 елдің 8 қаласына тікелей халықаралық рейстер ашылды. Бұл өз кезегінде жолаушылар ағыны мен логистикалық мүмкіндіктерді кеңейтіп, көлік қызметі көлемінің 318,9 млрд теңгеге дейін өсуіне ықпал етті.
Сонымен қатар цифрлық инфрақұрылымды дамыту да назардан тыс қалған жоқ. Қала аумағындағы шағын аудандар мен тұрғын алаптардың тұрғындары интернет желісіне қосылу мүмкіндігіне ие болды. Нәтижесінде байланыс қызметінің көлемі 14,7 млрд теңгені құрап, 17,7 пайызға артты. Бұл – қала экономикасының жаңа технологиялар мен цифрлық қызметтерге бейімделіп келе жатқанын көрсететін маңызды үрдіс.
Жалпы алғанда, құрылыс, сауда, көлік және байланыс салаларындағы өсім Шымкенттің экономикасы тек сандық емес, сапалық тұрғыдан да жаңа деңгейге көтерілгенін дәлелдейді. Бұл – қаланың бүгінгі әлеуеті ғана емес, болашақ даму бағытының да айқын көрінісі.
