Редакция таңдауы

Тауға ғашық азамат

Отандық туризмнің дамуына үлес қосып жүр

«Шымкентте тау бар ма?» дейтіндер көп. Әсіресе, Алатаудың баурайынан, Алматы, Астана жақтан келетіндер осы сұрақты жиі қоятыны бар. Шымкентте тау бар. Мегаполистен бар жоғы 60-70 шақырым жерде тұр. Демалыс күндері қаланың шуынан бірауық демалып, тауға қарап еңсені тіктеп қайтатындар қатары күн өткен сайын көбейіп келеді. Оларға жол нұсқайтын Ержігіттей сайға салсаң төске озған, жан-жақты білімді гидтер көп емес.

Ержігіттің демалыс күндеріне сай келетін тауға жорық сапарына біз де алдын ала жазылдық. Тауды бетке алғандар тұман тұмшалаған қаланы артқа қалдырып, таң бозарып атпастан жолға шықтық. Шымкенттің шетіне жеткеніміз сол алдымыздан мұнартып тау көрінді.

Жолбасшы – Ержігітті тауға жиі баратындар жақсы таниды. Ол 2018 жылы «National Tourism Awards» байқауында «Қазақстанның үздік гид-экскурсия жетекшісі» аталымына, 2024 жылы «Түркістан облысының үздік тау гиді» аталымына ие болған – Ержігіт Жұмаділов бұл.

Аптасына ең кемі үш күн тауға шығып келетін Ержігітті нағыз тау адамы дерсіз. Қысы-жазы тауда жүретін ол әр тастың, әр талдың тарихын біледі. Әр шыршаны таниды, әр қайыңды түгелдеп жүргені. Гүрілдеген тау өзенінің тілін түсінетіндей.

– Мен үшін ең сұлу табиғат – тау. Оның әдемілігін сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Өкініштісі сол, тауға шығатындардың 80-90 пайызы осынау сұлулықты көрмейді. Сезіне алмайды,- дейді тауға ғашық жігіт.

Шымкентте туып өсіп, асфальтта жетілген Ержігіт тауға бірден ғашық болған жоқ. Археолог болуды армандаған бозбала талмай тарихи кітаптарды көп оқыды. «Қазақтың арғы бергі тарихынан бөлек әлем халықтарының, дүние жүзінің тарихына қатысты 700 дей кітап оқыппын. Арасында әдеби шығармалар да бар» дейді өзі.

Шымкенттегі ол кезде «Циолковский  атындағы №18 мектеп» деп аталатын білім ұясында Ержігітті бәрі де «тарихшы бала» деп танитын. Енді ше, қалалық, облыстық пән олимпиадасына мектептің намысын тек Ержігіт барып қорғап қайтатын. Ұстаздары талабы биік оқушының болашақта өз арманына қол жеткізіп археолог боларына сенімді еді.

Әлі есінде, 5 сыныпта оқып жүргенінде сынып жетекшісі «Біркөлікке» табиғат аясына саяхатқа алып барады. Ержігіт Шымкенттен 70 шақырым ғана жерде осындай тау барына сол жолы қатты таңданады. Таудың сұлу көрінісі әсершіл баланы баурап алды.

– Ал, Сайрам су туралы ақпаратты мен 2014 жылы білдім. Фейсбук әлеуметтік желісіне танысым Сайрам суға барған саяхатынан әдемі суреттерімен жариялаған екен. Қатты қызықтым. Бізде осындай тау-шыңдары барын білген сайын тауға деген құмарлығым артты,- дейді Ержігіт.

Осылайша «Мирас» университетін қаржыгер мамандығы бойынша бітірген жас маман тауға ғашық болды да қалды.

Оның айтуынша Алматыдағы таулар саяхатшыларға ыңғайлы сүрлеуі көп, табиғат аясында демалушыларға қолайлы белдеулерге бай болғанымен, нағыз тауқұмар, альпинистер қызығатын шыңдар бізде – Сайрам суда екен.

– Көбі біле бермейді, бізде 40 шың бар. Нағыз альпинизмнің Отаны. 40 шыңның 11-інің биіктігі 4 мың метрден асады. 29 шыңның биіктігі 3 мыңнан көп. Сайрам судағы тау шыңдарына апаратын 86 бағыт барын білесіз бе? КСРО кезіндегі талап бойынша таудың бұл соқпақтарының күрделілігі  6-шы дәрежелі. Яғни оңай еңсеретіндей емес. Мысалы, биіктігі 4238 метр «Сайрам» шыңы Қазақстандағы ең күрделі  шыңның бірі. Ол күрделілігі жағынан 5Б дәрежесіндегі шың,- дейді Ержігіт.

Ержігіт тау туралы қызықты талай мәлімет береді. Оның екінші мамандығы – туризм. Ержігіттің тобына жазылып, тауға саяхатқа барғандар еш жалықпайды. Жоғарыда айтқанымдай әр аршаға, әр тасқа қатысты баяндар қызықты оқиғасы бар. Саяхатшыларды апта бойына, әсіресе, сенбі жексенбі күндері міндетті түрде тауға апарып қайтатын ол өз ісінен ләззат алатын жан. Кейде шағын топ үшін арнайы бағыт әзірлеп саяхат ұйымдастыратыны да бар. Ең бастысы Ержігітте «қолайсыз ауа райы» деген сылтау жоқ. Жылдың төрт мезгілінде де саяхатшылар үшін түрлі локациялар дайындап, әсерлі демалыс ұйымдастыра алады. Тау десеңіз тауға, бау десеңіз бауға апарады. Өңірдегі киелі, тарихи орындарға саяхат ұйымдастырып, дүниетанымыңызды кеңейтеді.

Шымкенттіктерді және қала қонақтарын «Балықты» көліне, Тұттыбұлақ сарқырамасына, Ақсу шатқалына, Боралдай мен Өгем тауларының табиғаты әсем мекендеріне алып барудан да еш жалықпайтын жан.

Саяхаттан бөлек альпинизмге де уақыт табатын ол осы кезге дейін альпинистік бағыттағы 6 шыңды бағындарған.

– Ең биігі «Тәуелсіздік» шыңы, 4100 метр биіктікке көтерілгенім әлі есімде. Мен бағындарғандардың сапында «Сарыайғыр» (3400 м), «Альтус» (3350 м), «Кергел» (3787 м), «Салауат Юлаев» (3474м), «Түркістан» (3889 м) шыңдары бар. Сайрамсудағы шыңдар техникалық жағынан өте күрделі, биіктігімен ерекшеленеді,- дейді Ержігіт.

Біздің топты бұл жолы ол Сарыайғыр, Мыңжылқы шатқалдарына апарды. Биік таудың шатқалы да терең болатыны рас. Бірде өзен жағалап, енді бірде жотаға көтеріліп шаршау дегенді білмедік. Ержігіт айтқандай қай кезде барсаңыз да тау әдемі екені рас. «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркінің аумағы саяхатшыларға әрдайым құшағы ашық. Алайда табиғатты ластап, бей берекет қоқыс тастап кететіндер де жоқ емес.

– Біздің халық әлі де болса тауға шығу мәдениетін меңгермеген. Әсіресе, жазда келгенде етекте, өзен жағалауында шашылып жатқан қоқыстарды көріп қынжыламын. Өз басым саяхатқа ертіп келген қонақтарға тазалықты сақтауды міндеттеймін. Қоқыс тастамауды, аялдап жеңіл желпі тамақ ішкен орнымызды тазартып кетуді талап етемін, — дейді Е. Жұмаділов.

Он жылдан бері тау саяхатын ұйымдастырып жүрген оның жинаған тәжірибесі мол. Әр саяхатшының қадамын қалт жібермей бақылап жүреді. Қай кезде қай соқпақпен барған ыңғайлы екенін алдын ала бағамдап қояды. «Тау қателікті кешірмейді. Жүр деген жолмен жүрмейтін шәлкес саяхатшылар да кездеседі. Тәртіпке бағынбаса опық жеп қалуы мүмкін екенін ескертемін. Өз тобыма жиналған саяхатшылардың бәріне алдымен тауда жүру ережесін жақсылап түсіндіремін. Қолдарына арнайы трекинг таяқша ұстатамын» деген Ержігіт-гидтің жол бойы баяндайтын әңгімесі де саналуан.  «Мына жерде түген жылы қар көшкіні болған… ал мынау пәлен жылы болған өрттің салдары…» дей жүріп тау шатқалдарына тамаша саяхат жасайды. Қазақтың тарихы, мәдениеті, өнері жайлы өте көп мағлұмат береді. Шатқалды кезіп жүріп шаршауды білмейсің.

Бұл жолы Ержігіттің тобына тау-таста өзін ортекедей сезінетін кілең мықтылар да жазылыпты. Таудағы біздің саяхаттың көңілді өтуіне септескендердің арасында жасы үлкені Ольга Крушенитская. Жасы 70-те.  Бұрын бөлме гүлдерін сататын дүкенде сатушы болған. «Өзіме өзім демалыс жарияғалы 10 жыл болды» дейді ол. Шымкентте гүл сататын дүкенде сатушы болған Ольга апай «Тауға бір жылда 47-48 рет шығамын» дейді. Жақында Маңғыстауға Бозжыраға барып келіпті. Қатты ұнағанын айтты. Қаратау, Өгем, Қазығұрт биігі, Қаржантау түгін қоймаған 70 жастағы Ольга апай Қырғызстан, Түркияның да тауларына арнайы турлармен барып келген екен.

– Дегенмен Ержігіттің тобымен саяхаттау көңілдірек,- дейді ол. – Тау туралы небір қызықты деректерге қанығасың. Топтағы саяхатшылардың барлығының көңілін тауып қана қоймай, қауіпсіздігіне де ерекше мән беретіні, таудың шипалы шөптерінен жасалған шәй ұсынатыны ұнайды.

Дәл осындай жылы лебізді сапарлас болған Ақмарал Мұсаева ханымнан да естідік.

– Сенбі, жексенбіде үйде қарап жата алмаймын. Инстаграмнан Ержігіт сияқты тауға апаратын турларды қарап отырамын да қайсысы маған қолайлы сол турға қосылып кете беремін. Мен бұған дейін Түркияның тауларына 3 рет бардым. Ол жақтың тауларының ерекшелігі  тау бөктері теңізбен кезектесіп ұшырасады.Тауға шығамыз, теңізге түсеміз, тауға шығамыз теңізге түсеміз, — деген Ақмарал 5326 метрлі «Эверестің» базалық лагеріне де саяхат жасап қайтқанын айтты. «Альпинистермен бірге белгілі бір биіктікке дейін 9 күн шығып, 3 күн дегенде етекке түстік. Топта тек Ресей, Беларусь елінен келгендер. Қазақстаннан жалғыз өзім болдым» дейді ол.

Жалпы Ақмаралдың да шықпаған тауы аз. Фудзиямаға да барып қайтыпты. Біз барған Сарыайғыр, Мыңжылқы шатқалы  Оля апай мен Ақмарал сынды тауқұмар жандар үшін жәй денені суытып алмау үшін, бос күнді таусыз өткізбеудің амалындай көрінгені де рас.

Шымкентте тауға ғашық осындай жандардың көбейіп келе жатқаны қуантады.

– Оңтүстіктің шыңдарына шығып жүрген белсенді 20-30 ғана адам бар. Бұл Шымкент қаласы мен Түркістан облысын қоса есептегенде 3,5 миллион халқы бар өңір үшін әлі де болса аз. Менің тауға апаратын турларыма батыс өңірлерден – Ақтау, Атырау, Ақтөбе облыстарынан саяхатшылар көп келеді. Әр келген сайын олар «шымкенттіктер не деген бақыттысыңдар, тау десе тауларың бар, өзен-көл десе ол да бар, бізде құм ғана» деп тамсанып кетеді. Сонау жақтан солар келіп тауға шығып жатқанда, Шымкентте тұрып тауға қызықпау, тауға саяхат жасамау ұят емес пе?! — дейді Ержігіт намысты жанып.

Сарыайғырдан асып, Мыңжылқы шатқалына жеткенімізде биатлоншы жасөспірім спортшыларды кездестірдік. Ұстаздары тау бөктерінде жаттығу жасатып жүр екен. Арасында қаракөз, қарадомалақтар көп. Қуандық. танысын танымасын, тау басында біздей сааяхатшылармен шұрқыраса амандасып жатыр. Ілтипатты. Ізетті.

Өзен бойында өзекті талдырмай арқалап келген ас-суымызды ортаға қойып дастархан жая бастағанымызда Ержігіт «Мына қайың өткенде ғана өсіп тұрған еді. Қай оңбағандар шапты екен…»,-деп күйінді.

–Не үшін шапқан?

–1500 теңгелерін қиып отын сатып алуға қиналғандардың ісі ғой. «Қызыл кітапқа» енген, қорғаудағы қайынды аяусыз шауыпты…

Табиғатқа қатысты Ержігітті қамықтыратын мұндай келеңсіздіктер көп. Әр тур сайын алатын стрессі де аз емес. Топта түрлі адам болады. Біріне тау ұнайды, бірі жалығады, шаршағанда қыңырлана қалатыны да жоқ емес. Гидке бағынбай тау соқпағынан шығып, өз бетіме қыдырып кететіндері де бар.

–Қайбір жылы топта тәртіпке бағынғысы келмей, бір-екі бойжеткен айтқанға көнбей бетімен кетті. Жүр деген жолмен жүрмей, ақыры тау тастарына сүрініп құлап, аяғын сындырып алды. Өзі ет-жеңді бойжеткен екен. Етекке арқалап түсу мүмкін емес. Амал жоқ құтқарушыларды шақыруға тура келді. Оларға саяхатшылармен бірге, жабылып жүріп көмектесіп, кезекпен көтеріп етекке әзер түсірдік,- дейді Ержігіт.

Біз таудан түнде қайттық. Ержігіт гид әрқайсымызға шахтерлар киетіндей фонары бар баскиім кигізіп қойған-ды. Соның жарығына аспандағы ай сәулесі қосылып әдемі әсермен аман-есен топтағы барлық саяхатшы Шымкентке оралдық.

Ержігіт бастаған топ ертең де, арғы күні де тауға барады. Соңғы күндері шымкенттіктер арасында қар жамылған таудағы сырғанаққа құмартқандар көп. Ержігіт оларды қауіпсіз орынға апарып сырғанатады. Түскі асын ұйымдастырып,  «Тау самалы» демалыс аймағындағы аспалы жолмен биікке көтерілуге жол бастайды. Қыс қойнындағы таудың сұлулығын тамашалатады. Суретке түсіреді, «Доңызтауға» қарай тау соқпақтарымен саяхатқа апарып қайтады.

Себебі ол тауға ғашық. Өзгелердің де осы бір сұлулыққа ғашық болуын қалайды. «Құдайдың құдіретін көргің келсе тауға бар» деген тәмсіл рас-ау…

 

Жәмила Мамырәлі

 

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win