Шымкент қаласында алғаш рет балалар арасында грек-рим, еркін күрес, дзюдо, қазақ күресі және таеквондодан «Шымкент фестивалі» іс-шарасы ұйымдастырылды. Жарысқа қатысушылар әр спорт түрінен салмақ дәрежелері бойынша өзара мықтыны анықтады.
Фестиваль жас спортшылардың шеберлігін шыңдап, спорттық рухты көтеруге бағытталған ерекше іс-шара болды. Атап айтқанда, грек рим күресінен (2009-2010), еркін күрестен (2009-2010), қазақ күресінен (2009-2010), дзюдодан (2009-2010) және таеквондодан (2010-2012) үздіктер анықталды.
Спорттық фестивальдің ашылу рәсіміне Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Маратбек Мықтыбеков және белгілі спортшылар қатысты. Сондай-ақ, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев арнайы қонақ болып келді.
Сәрсен Абайұлы осы жастардың арасынан келешекте халықаралық бәсекелерде елдің абыройын асқақтататын дарынды жастардың шығатынын атап өтті. Салауатты өмір салтын, бұқаралық спортты насихаттауды мақсат еткен жарыстың маңызы өте зор. Мұндай ауқымды фестивальде жас таланттардың өздерін танытуына тамаша мүмкіндігі бар.
Командалық жарыстың қорытындысына сәйкес, қазақ күресі бойынша №4 Ләззат Тәжиева атындағы олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, дзюдо және еркін күрес бойынша №10 күрес түрлерінен олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, таеквондо және грек-рим күресі бойынша №15 жекпе-жек түрлерінен олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі жеңімпаз атанды.
Жарыс командалық форматта өтті. Спорттың бес түрінен жеңімпаз атанған командаларға ақшалай сертификаттар табысталды.
Айта кетсек, шаһарда дене шынықтырумен және спортпен айналысатын азаматтардың санын жалпы халықтың 50 % — ына дейін жеткізу назарда тұр. Жыл басынан бері қала тұрғындары арасында салауатты өмір салтын насихаттау, дене шынықтырумен шұғылдануға тарту мақсатында қала аумағында 257 спорттық (Халықаралық, республикалық, қалалық, бұқаралық) іс-шаралар өткізіліп, оған 31 000-ға жуық адам қатысқан.
Ә.АЙТӨРЕ