Шымкент қаласының Ақжайық шағын ауданында 200 төсек-орынға арналған жаңа №2 перинаталдық орталықтың құрылысы ресми түрде басталды. Болашақ нысанның құрылыс алаңында капсула салу рәсіміне Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері, ардагерлер, қала тұрғындары қатысты.

Қала әкімі құрылыстың басталуына сәттілік тілеп, жобаның әлеуметтік маңыздылығын және қаланың денсаулық сақтау жүйесін дамытудағы рөлін атап өтті.
– Заманауи перинаталдық орталықтың құрылысы – болашақ ұрпақтың денсаулығына салынған инвестиция. Біздің басты міндетіміз – аналар мен жаңа туған нәрестелер үшін қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасап, сапалы және жоғары технологиялық медициналық көмекке қолжетімділікті қамтамасыз ету, – деді қала әкімі.
Аталған жоба Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында жүзеге асырылып, ана мен баланы қорғау жүйесін нығайтуға бағытталған. Жаңа медициналық нысан салу қажеттілігі қала халқы санының тұрақты өсуімен байланысты.
Қазіргі уақытта қалада жалпы 508 акушерлік төсек-орны бар төрт профильді медициналық мекеме шамадан тыс жүктемемен жұмыс істеуде. Орташа жүктеме нормативтік көрсеткіштен асып, 106 пайызды құрайды.
Халықтың демографиялық өсімі ескеріле отырып, халықаралық стандарттарға сай медициналық көмек көрсететін III деңгейлі перинатальдық орталық салу туралы шешім қабылданды. Жаңа орталық заманауи жоғары технологиялық медициналық жабдықтармен қамтамасыз етіліп, жүкті әйелдерге, жаңа туған нәрестелерге мамандандырылған көмектің мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтпек.
