Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың қатысуымен бірқатар әлеуметтік нысандардың капсуласын салу рәсімі өтті. Мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, Қоғамдық кеңес мүшелері және спортшылар алдымен әлеуметтік маңызы зор ірі жоба – паралимпиада және сурдлимпиадалық спорт түрлеріне арналған заманауи спорт кешені құрылысының басталуына куә болды.

Іс-шара барысында қала әкімі инклюзивті спорт инфрақұрылымын дамытудың және қала тұрғындары үшін тең мүмкіндіктер қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.
– Бұл кешен спорт нысаны ғана емес, ерекше қажеттіліктері бар жандар үшін мүмкіндіктер кеңістігіне айналады. Біздің міндетіміз – қолжетімді орта қалыптастырып, белсенді өмір салтын ұстануды қолдау және Шымкент пен еліміздің атын халықаралық аренада абыроймен қорғайтын спортшыларды даярлауға жағдай жасау, – деді қала әкімі.
Нысан аумағында футбол алаңы, екі әмбебап спорт залы, жекпе-жек спорт түрлеріне, спорттық билерге, үстел ойындарына, армрестлинг пен пауэрлифтингке арналған арнайы залдар, сондай-ақ, жүзу бассейні мен автотұрақ қарастырылған.
Сонымен қатар, жоба аясында воркаут алаңы, жүгіру және велосипед жолақтары болады. Бұл кешен аумағын жаттығулар мен белсенді демалысқа арналған көпфункционалды кеңістік ретінде пайдалануға мүмкіндік береді.
Шымкент қаласында спорттық инфрақұрылымды дамыту – тұрғындардың спортпен жүйелі айналысуына жағдай жасаудың негізгі тетігі. Қала аумағында қазіргі уақытта 877 спорттық нысан бар. Спорт нысандарының құрылысы жоспарға сәйкес жүргізілуде.
Тағабай ҚАСЫМОВ
