Редакция таңдауы

«Шешуші сөз – халықтың өзінде»

Шымкент қалалық Қоғамдық кеңес мүшелері «Бұған дейін қолданыста болып келген Қазақстан Республикасының Конституциясының 84 пайызы жаңарып, өзгерістер енгізіліп отырғандықтан Мемлекеттің басты заңдық құжаты –Ата Заңымызды Жаңа Конституция деуге толық негіз бар» десті. Көптің талқысына түсіп отырған басты құжаттың жобасына қатысты өз пікірлерін ортаға салды.

Жиынды Қоғамдық кеңес төрағасы Бұхарбай Парманов жүргізіп отырды. Қалалық мәслихаттың төрағасы, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі
Бахадыр Нарымбетов жобада қамтылған мәселелерге жан-жақты тоқталды.

–Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі ретінде Астанадағы Конституциялық сот ғимаратында әріптестерімізбен бірге жеті күн бойы талқылауға қатыстық. Өздеріңізге мәлім, бұл жұмыс Мемлекет басшысының тапсырмасымен жарты жыл көлемінде мемлекеттік хатшы Е.Қарин бастаған арнайы комиссия тарапынан егжей-тегжейлі қаралған болатын. Нәтижесінде қазақстандықтардан түскен 2 мыңнан астам пікір-ұсыныс қаралып, бүгінгі заман талаптарына және озық халықаралық тәжірибелерге сүйеніп, Ата заңның 84 пайызына өзгерістер мен толықтырулар енді.

Осы жағдайды ескере отырып, комиссия мүшелерінің толық қолдауымен, бүгінгі Конституцияға өзгерістер еңгізу емес, Жаңа Конституцияның жобасын келісу туралы шешім қабылданды.

Көзіқарақты адамға Жаңа Конституцияның кіріспесі мен 3 бапты оқығаннан-ақ барлық мәселе түсінікті деп ойлаймын.Саяси мәні жоғары жаңа Ата заңымызда мемлекеттік мүдде, тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы үшін барлық мәселе жан-жақты қамтылып отыр. Елдің пікірі, қоғамдық ұйымдар мен партия белсенділерінің ұсыныстары толық қамтылған,-деді Бахадыр Нарымбетов.

Мәслихат хатшысы сондай-ақ, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия отырысында талқыланған мәселелердің барлығын қоғамдық кеңес мүшелеріне түсіндіріп берді.

Конституцияның жаңа жобасында адам құқығын қорғаудың жаңа деңгейге көтерілгені, бір палаталы Парламентте заңдар тез қабылданатыны, Парламенттің, Үкіметтің жұмысын тиімді ететінін де атап өткен жөн. Ол жайында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек те пікір білдірді.

– ҚР жаңа Конституциясының жобасы – ел болашағына арналған берік қадам.  Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы – бұл тек құқықтық мәтін емес, бұл халқымыздың тарихи жолын, бүгінгі болмысын және болашаққа деген айқын бағдарын айқындайтын іргелі құжат деп білемін.

2025 жылдың күзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында елдің саяси жүйесін жаңғырту және заманауи сын-қатерлерге жауап беру қажеттігін атап өтті. Осы мақсатта бір палаталы Парламентті қалыптастыру арқылы мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру жөнінде маңызды бастама көтерілді.

Аталған ұсыныс қоғам тарапынан кең қолдау тауып, Парламенттік реформа бойынша арнайы жұмыс тобы құрылды. Алты айға жуық уақыт ішінде еліміздің барлық өңірлерінен түскен екі мыңнан астам ұсыныс қаралды. 2026 жылдың қаңтар айында өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысынан кейін Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құрылып, оның құрамына қоғамның барлық саласынан 130 өкіл енді.

Комиссия жұмысы ашық түрде жүргізіліп, нәтижесінде ұсынылған өзгерістер Конституция мәтінінің 84 пайызын қамтыған, — деді Сәрсен Абайұлы.

Мемлекеттік басқару жүйесі жаңғыртылып, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты нақты бекітілген. Президенттік институт ашықтық пен жауапкершілікке негізделіп, билік сабақтастығын қамтамасыз ету үшін Вице-президент институты енгізілді. Вице-президент Президенттің ұсынысымен Құрылтайдың келісімі арқылы тағайындалып, Мемлекет басшысының ел ішінде де, халықаралық деңгейде де өкілдігін жүзеге асырады. Бұл басқару жүйесінің тұрақтылығын арттырады.

–Құрылтай (Парламент) толық жаңартылып, кәсіби әрі ықпалды өкілді орган ретінде айқындалды. Ол заң шығару сапасын арттырумен қатар, Вице-президентті, Конституциялық сот судьяларын және бірқатар жоғары лауазымды тұлғаларды тағайындауға келісім беру арқылы билік тармақтарының теңгерімін қамтамасыз етеді. Заң жобаларын үш оқылымда қарау тәртібі енгізіліп, Парламент жұмысының ашықтығы мен жауапкершілігі күшейтілді.

Конституциялық соттың, адвокатура институтының және Қазақстан Халық Кеңесінің конституциялық деңгейде бекітілуі азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтіп, халық пен билік арасындағы тұрақты диалогты қамтамасыз етеді. Енді Конституцияға өзгерістер тек жалпыхалықтық референдум арқылы енгізіледі, яғни, шешуші сөз – халықтың өзінде,- деді С.Құранбек.

Ел дамуына берік негіз қалағалы отырған Жаңа Конституцияда айтылған мәселелерді Қоғамдық кеңес мүшелері де құптап отыр.

Айта кетейік, Жаңа Конституция жобасы толықтырулар мен өзертулерден соң алдағы Референдумда қабылданатын болады.

 

Ж.ШАЛАБАЕВА

 

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win