Тілге қатысты кез келген қатаң шешім сыртқы күштерге ақпараттық және саяси манипуляция жасауға дайын аргумент болмақ. Бұл туралы бүгін Мәжілістің жалпы отырысында жаңа Конституция жобасын талқылау барысында депутат Қазыбек Иса айтты.
— Парламентте мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау жайлы депутаттық сауал жасағанымда бір ауыз қолдау жасай алмай, қайта қазақ тіліне қарсы шыққандар қазір аяқ астынан тіл жайлы «ақыл» айтқыштарға айналыпты. Қазір Парламент 90 пайыз қазақша сөйлейді, құдайға шүкір. Өзге этнос өкілдері, әріптестеріміз де бізбен жарысып, мемлекеттік тілде сөйлеп отыр. 2024 жылы талай көтеріп жүріп, Заңға «Қазақстан азаматтығын алу үшін Мемлекеттік тілден емтихан тапсыру керек» деген бапты енгіздік. Бұл елімізге сырттан емін-еркін ешкім кіре бермейді деген сөз. Мемлекеттік қызметке тұру үшін мемлекеттік тілді білу керек, тест тапсырылады. Осы тестті қайта қарап, толықтыру қажет, — деді депутат.
Қазыбек Иса Парламентте Мемлекеттік тіл заңнамасын жетілдіруді бірнеше рет ұсынғанын еске салды.
— Бұл маңызды мәселе. Мемлекеттік тіл заңнамасын жетілдіру қажет екенін тағы да қайталап айтамын. Қазіргі геосаяси ахуалдың күрделігі сондай: тіл мәселесі қауіпсіздік факторына айналды. Бүгінгі әлемде ол ішкі саясаттан шығып, геосаяси құрал мен ықпал болып тұр. Сондықтан, өкінішке орай тілге қатысты кез келген қатаң шешім сыртқы күштерге ақпараттық және саяси манипуляция жасауға дайын аргумент болмақ. Тіл мәселесінің байыптылығы тұрақтылықты сақтайтын механизм қызметін атқарып келеді. «Тәуелсіздікті алу қандай қиын болса, тәуелсіздікті сақтап қалу да сондай қиын» дейді данышпандар. Сондықтан бұл мәселеге біз байсалды байыппен, салмақты сабырмен қарауымыз керек. Қорыта айтарымыз, мемлекеттік тіліміз ұлтымызды ұйыстыратын мәртебесі айқын тілге айналуы қажет. Тәуелсіз елдің тағдыры сіз бен біздің қолымызда. Жаңа заман талабына сай жаңа Конституция жобасын қолдаймыз, — деді Қазыбек Иса.
Айта кетейік, жаңа Конституция жобасын талқылау барысында депутат Еркін Әбіл «Ұлы дала» ұғымының Конституцияда көрініс табуы – тарихи сабақтастықты құқықтық деңгейде бекітудің нақты дәлелі екенін айтқан еді.
