Біздің бүгінгі қолданыстағы Конституция 1995 жылы қабылданған еді. Содан бері елімізде бірталай өзгерістер орын алды. Қазақстан Республикасы талай тарихи кезеңді артта қалдырып, саяси бағытта да, экономикалық бағытта да едәуір өсу байқалды.
Бұдан 31 жыл бұрын біздің қоғамда жұмыссыздық ең үлкен мәселе болса, қазір шағын кәсібін дөңгелеткен отандастарымыз көп. Шетелге шығу өте қиын кезеңнен кез келген қазақстандықтың шекара асып саяхаттауына, білім алуына, тіпті, еліміз шетелдіктерге жоғары білім беретін жағдайға жетіп отыр. Яғни, қоғам талабы өзгерді, жауапкершілігі артты, адами құдылықтар алға шықты.

Жаңартылған Ата Заңда еңбек құқығы туралы ереже нақтыланды. Қазақстан Республикасының аумағындағы білім беру ұйымдарындағы білім беру және тәрбиелеу жүйесі зайырлы сипатта болатыны нақтыланды.
Діни білім беру ұйымдарын қоспағанда. Бұл мемлекеттің зайырлы сипаты мен ар-ождан бостандығы арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етеді.
Әлемде жоғары мәнге ие құндылықтардың бірі экология болса, Қазақстан Республикасы азаматтарының табиғатты сақтау және табиғи байлыққа ұқыпты қарау міндеті де белгіленген.
Қоғам талқысына ұсынылған жаңа Конституцияда көптеген бағыттарға басымдық берілген.
Мен бұл талқылауға тек депутат ретінде емес, әртүрлі елдердің басқару моделін өз көзіммен көрген азамат ретінде қатысып отырмын.
Конституцияны өзгерту емес, оның қалай қабылданып, қалай іске асқаны маңызды.
Қазақстанда бұл реформа қоғамның есейген кезеңінде өтіп жатыр. Халық бұрынғыдай емес, салыстырады, сұрақ қояды. Қоғамдық талқылауға да зор белсенділікпен қатысуда.
Шымкент – жас қала, еңбекке жақын, нарықты жақсы түсінетін қала. Жаңа Конституция әрбір адамның нақты мүмкіндіктерін арттырады. Жергілікті билік қолжетімді болады, жұмыс табу, кәсіп ашу, сот жүйесінде әділдікке қол жеткізуге маңыз беріліп, адами құндылықтар мен жауапкершілікті арттыруға баса мән беріліп отыр.
Талғат Ысқақов, кәсіпкер.
Шымкент қалалық мәслихатының депутаты.
