«Мирас» колледжінде республикалық «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында «Қоқысты сұрыптау – таза болашақ кепілі» атты экологиялық іс-шара өтті. Студенттерге қоршаған ортаны қорғаудың маңызы мен қалдықтарды өңдеудің пайдасы түсіндірілді.
Эко-сабақты колледждің «Экология және еңбек» студенттік фракциясының министрі, 1-курс студенті Еркебұлан Әшірәлиев жүргізді. Шара барысында жастарға қоқыс сұрыптау мәдениетін қалыптастыру, оның қоршаған ортаға тигізер септігі туралы жан-жақты мәлімет берілді. Сондай-ақ, бейберекет тасталған қоқыстың жан-жануарлар мен құстардың тіршілігіне қауіп төндіріп, жергілікті экожүйені бұзатыны айтылды.
Эко-сабаққа колледждің барлық 1-курс студенттері қатысты. Ақпаратты ұғынықты жеткізу мақсатында шара рөлдік ойындар мен тәжірибелік тапсырмалар түрінде ұйымдастырылды.
– Қазіргі таңда дамыған елдердің барлығы дерлік қоқысты өңдеп, оған «екінші өмір» сыйлауға басымдық береді. Бұл экологияны сақтауға көмектеседі. Қайталама ресурстарды пайдалану жаңа шикізат өндіруден әлдеқайда арзанға түседі. Сонымен қатар, бұл полигондардағы қоқыс көлемін азайтып, топырақ пен суға улы заттардың таралуын тежейді. Біз студенттерге Қазақстан таза әрі жайлы болуы үшін қоқысты міндетті түрде сұрыптау қажет екенін айтамыз. Оқу орнында әр сәрсенбі сайын санитарлық күн өтіп, аудиториялар мен ауланы тазалаймыз. «Таза Қазақстан» – өте маңызды бағдарлама. Тұрғындардың да, студенттердің де сенбіліктерге белсене қатысып жатқаны қуантады, – дейді колледж директоры Нұргүл Әбуова.
Іс-шараның негізгі бөлігі қоқысты сұрыптау процесіне арналды. Студенттер пластик, қағаз, металл, шыны және органикалық қалдықтарды қалай бөлу керек екенін іс жүзінде үйренді.
Студенттерге қоқысты дұрыс сұрыптау бойынша пайдалы кеңестер айтылды.
– Қоқысты сұрыптау – бұл пайдалы материалдарды өндірістік циклге қайтару тәжірибесі. Бұл қоршаған ортаның ластануын азайтудың бірден-бір жолы. Мәселен, қоқысқа шығарар алдында құтылар мен шөлмектерді тамақ қалдықтарынан тазартып, шаю қажет. Ал, шыны ыдыс, банкілердің қақпақтары басқа материалдан болғандықтан, бөлек жинаған абзал. Пластик бөтелкелер мен алюминий банкаларды қысымдап, мыжу керек. Ол көп орын алмай, тасымалдауды жеңілдетеді. Ескеретін жәйт, батареялар, шамдар мен электрониканы жалпы жәшікке тастамай, арнайы қабылдау пункттеріне өткізген дұрыс, – деп атап өтті Еркебұлан Әшірәлиев.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай тәжірибелік сабақтардан кейін студенттер экологиялық жауапкершілікті сезініп, күнделікті өмірде қоқысты дұрыс сұрыптауды әдетке айналдырады.
«Шымкент келбеті»
