Редакция таңдауы

Ата заң – елдік мүдденің айнасы

Шымкентте Жаңа Конституция жобасын талқылауға арналған ашық диалог алаңы ұйымдастырылды. Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек шаһардың ардагерлер кеңесінің мүшелерімен кездесіп, ел болашағына тікелей әсер ететін маңызды құжат төңірегінде пікір алмасты. Алқалы жиынға қоғам қайраткерлері, еңбек ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысып, өз ұсыныстарын ортаға салды.

Кездесуді қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев ашып, Жаңа Конституция жобасына қатысты баяндама жасады. Оның айтуынша, мұндай тарихи сәтте әрбір азамат байыппен ой қозғап, елдік мүддені бәрінен жоғары қоюы тиіс.

– Жаңа Конституция жобасын талқылау барысында эмоцияға берілмесек екен. Біз үшін ең маңыздысы – қоғамдағы тыныштық пен ауызбіршілікті сақтау. Жобамен бәріміз таныстық. Мемлекет азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға басымдық беріп отырғанын анық аңғаруға болады. Ең бастысы – талқылауға еркіндік берілді. Әр адам өз ойын ашық айтып, ұсынысын жеткізе алады. Бұл – Ата Заңды халықпен бірге жазып жатқанымыздың айғағы, – деді ол.

Жиында сөз алған қалалық кәсіподақтар кеңесінің төрағасы Бауыржан Әлтеев еңбек адамдарының мүддесі жаңа құжатта нақты көрініс тапқанын айтты. Оның пікірінше, әлеуметтік әділеттілік, жұмысшының құқығын қорғау, қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету нормалары күшейтілген.

Ал мемлекет және қоғам қайраткері Абдулла Ахметов Конституцияның тек құқықтық құжат емес, ұлттың идеологиялық тұғыры екенін атап өтті.

– Конституция – заңдардың жиынтығы ғана емес, ол ұлттың бағытын айқындайтын құндылықтар жүйесі. Сондықтан онда бірлік, жауапкершілік, әділдік секілді ұстанымдар нақты көрініс табуы керек, – деді ол.

Басқосуда Қанжігіт Сыздықов, Алданазар Құрбанбаев, Досыбай Шерімқұлов секілді кеңес мүшелері де өз ойларын білдіріп, жобадағы тың өзгерістерге тоқталып, ұсыныстарын айтты.

Жалпы жиынға қатысушылардың ортақ пікірі – Жаңа Конституция азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтіп, мемлекет пен қоғам арасындағы жауапкершілікті теңестіруге бағытталған. Сонымен қатар, билік тармақтарының тепе-теңдігін сақтай отырып, халық үніне құлақ асатын басқару жүйесін қалыптастыруға негіз қалайды.

Жиын соңында қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек айтылған ұсыныстарға жауап беріп, олардың барлығы назарға алынатынын жеткізді.

– Бүгін көтерілген әрбір пікір, әрбір ұсыныс назарға алынып, арнайы комиссияға жолданады. Бұл құжат – баршамызға ортақ. Сондықтан оны талқылауға әр азаматтың қатысуы маңызды, – деді ол.

Сарапшылардың пайымынша, мұндай ашық кездесулер қоғамдағы сенімді нығайтып, халық пен билік арасындағы байланысты бекемдей түседі. Өйткені Конституция тек заңгерлердің емес, бүкіл елдің тағдырына әсер ететін құжат. Ата Заңды жаңарту – уақыт талабы. Ал оны мазмұнды ету – әрқайсымыздың азаматтық жауапкершілігіміз. Шымкенттегі бұл кездесу соның нақты көрінісіне айналды

 

«Шымкент келбеті»

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win