Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тарихи-мәдени байланыстарды нығайту мақсатында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы ұйымдастырған ерекше туристік тур екінші сапарын сәтті аяқтады. Алматыдан шыққан туристік сапарға бұл жолы да 115 турист Алматы – Түркістан – Ташкент – Самарқанд – Шымкент – Алматы бағытында жүріп, Шымкентке келіп жетті. Жолаушыларды Шымкент қалалық туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының басшысы, «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығы мамандары күтіп алып, қаланың қонақжайлылығын көрсетті.
– Жоба Мемлекет басшысының туризмді дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының ұйымдастыруымен жүзеге асырылды. Жобаны дамытуға ҚР Көлік министрлігі, Туризм және спорт министрлігі, Алматы қаласы, Шымкент қаласы, Түркістан облысының әкімдіктері, сондай-ақ, «Өзбекстан темір жолдары» компаниясы серіктес ретінде үлес қосты — дейді басқарма басшысы Бексұлтан Әділханов.
Бұл туризм саласындағы маңызды қадам екі ел арасындағы серіктестікті нығайту мен аймақтың туристік әлеуетін әлемге паш етуге бағытталған. Турға қатысушыларға Қазақстан мен Өзбекстанның көрікті жерлерімен танысу, екі елдің мәдениеті мен салт-дәстүрлерін сезіну мүмкіндігі берілді.
Шымкент және Түркістан облыстарының әкімдіктері бұл бастаманы қолдай отырып, туризмнің дамуына тың серпін беруге атсалысты. Аймақтағы көне тарихи орындар мен заманауи көрікті жерлер қонақтарға көрсетіледі. Бұл жоба екі ел арасындағы достықты нығайтып қана қоймай, туризм саласының жаңа деңгейге көтерілуіне ықпал етпек.
С.ТҰРҒАНТАЙҚЫЗЫ