Әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіру – бүгінде мемлекетіміздің алға қойған басым бағыттарының бірі. Ол үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтіп, күшті бір бағытқа біріктірудің, ортақ іске жұмылдырудың маңызы зор.
Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясында көрсетілгендей, сыбайлас жемқорлықпен күресте тек біртұтас ағза сияқты күрескенде ғана жетістікке жету мүмкін болмақ.
Елімізде сыбайлас жемқорлықтың жиі бой көрсететін қауіпті түрі – парақорлық. Ал, парақорлықтың алдын алу, жолын кесуді құзырлы мекемелер жүзеге асыруда. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңға сәйкес, сыбайлас жемқорлықпен күресті барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар жүргізуі тиіс. Мемлекеттік органдардың, ұжымдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының басшылары өз өкілеттігінің шегінде өздерінің кадр, бақылау, заңгерлік және өзге де қызметтерін тарта отырып, заң талаптарының орындалуын қамтамасыз етуі міндетті деп көрсетілген.
Кез-келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес – ең өзекті мәселелердің бірі. Сыбайлас жемқорлық мемлекеттің бастамасы мен жетістіктерін жоққа шығаратыны, ұлттық қауіпсіздікке қауіп-қатер әкелетіні күмәнсіз. Сондықтан да Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының негізгі басымдылықтарының бірі – осы келеңсіздікпен күресу. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды өз құзыреті шегінде барлық мемлекеттік органдар, ұйымдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері мен лауазымды адамдар жүргізуге міндетті.
Алайда бұл мәселені тек белгілі органдарға жүктеп қоюға болмайды. Бұл дертпен әрбір мекеме, ұжым, кәсіпорын қызметкерлері – жалпы халық болып жұмыла күресуіміз қажет.
А.АХМЕТОВ,
Бадам орман және жануарлар әлемін қорғау
жөніндегі мемлекеттік мекемесінің аға кеңесшісі