Шымкент қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Әл-Фараби ауданы әкімінің міндетін атқарушы Ержан Ерланұлы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму бағыттары туралы есеп берді.
Қала орталығында орналасқан Әл-Фараби ауданының жалпы аумағы – 19 880 гектарды, ал халық саны – 234 857 адамды құрайды. Аудан аумағында 928 көпқабатты тұрғын үй мен 16 633 жеке тұрғын үй орналасқан. Барлығы 623 аула, 6 саябақ, 16 гүлзар, 20 ескерткіш пен 12 субұрқақ халыққа қызмет көрсетіп тұр.
Ержан Ерланұлының айтуынша, аудан толықтай ауыз сумен, табиғи газбен және электр қуатымен қамтылған. Сонымен қатар, биыл жыл соңына дейін аулаларды абаттандыру жұмыстары шеңберінде 33 жаңа ойын алаңшасы орнатылмақ. Соның ішінде Сәле шағын ауданында кешенді спорт алаңы бой көтермек. Осылайша, биыл аудан аумағында ойын және спорт алаңшаларымен қамту деңгейі 83,5%-ға жетіп, келесі жылы тозған алаңшаларды жаңарту арқылы бұл көрсеткіш 100%-ға жеткізілмек.
Жарықтандыру бағытында да ауқымды жұмыстар қолға алынған. Ауданда жалпы саны 390 көше бар. Биыл бюджет қаражаты есебінен 76 көше мен 69 тұйық көшені жарықтандыру жоспарланған. Жұмыстар толығымен аяқталғанда аудан көшелерінің жарықпен қамтылу деңгейі 100%-ды құрайтын болады. Бұл бағыттағы жұмыстар Шымкент қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан іске асырылып жатыр.
Жол инфрақұрылымын дамыту мақсатында биыл аудан аумағында ұзындығы 15 шақырымды құрайтын 25 көшеге асфальт жабындысы төселеді. Сонымен қатар, ұзындығы 21,78 шақырым болатын 82 тұйық көшеге осы уақыттағы жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Жалпы, ауданда асфальтпен жабылған көшелердің саны 392-ге жетіп, қамтылу деңгейі 100% болады деп күтіліп отыр.
Тұрғындар тарапынан жиі көтерілетін мәселенің бірі – аяқ жолдар. Осы ретте биыл ұзындығы 5,8 шақырым болатын 16 басты көшеге жаңа аяқ жол салынып, 7,2 шақырым болатын 23 көше бойындағы аяқ жолдар жөнделеді. Бұдан бөлек, 13 ішкі орам көшелері мен көпқабатты тұрғын үй аулаларында ұзындығы 2,9 шақырымды құрайтын аяқ жолдар салу жоспарланған.
Көпқабатты тұрғын үй аулаларын абаттандыру мақсатында жалпы көлемі 2000 тонна асфальт төсеу арқылы 344 көше жөндеуден өтеді. Сонымен қатар, 32 көпқабатты үй ауласына ұзындығы 7240 метр болатын ирригациялық арық және 120 аулаға 291 жарық бағаналары орнатылады. Бүгінде 27 аулаға 46 жарықшам бағанасы қойылған.
Бұдан басқа, қаланың эстетикалық келбетін жақсарту мақсатында аудан аумағындағы басты көшелер бойындағы 20 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттерін жарықтандыру және 9 үйге мурал салу жұмыстары жоспарланған. Сондай-ақ, бірегей сәулеттік келбет қалыптастыру мақсатында 20 көпқабатты тұрғын үйге бүгінгі күнгі және 17 үйге күрделі жөндеу жүргізіледі. Бұл жұмыстар Тұрғын үй басқармасы арқылы жүзеге асырылады.
Санитарлық тазалық мәселесі де назардан тыс қалмаған. Аудан 7 секторға бөлініп, әр секторға жауапты мамандар бекітілген. Ішкі орамдардағы тазалыққа «Әл-Фараби» коммуналдық мемлекеттік мекемесі жауапты болып, 20 арнайы техника мен 183 жұмысшы жұмылдырылған. Ал басты көшелер бойындағы тазалық жұмыстарын «Таза Өлке» ЖШС атқарып жатыр. Бұл жұмыстарға 37 техника мен 217 қызметкер тартылған.
Атқарылып жатқан ауқымды шаралар Әл-Фараби ауданында қолайлы әрі жайлы өмір сүру жағдайын жасауға бағытталған. Халықтың игілігі үшін қолға алынған бұл бастамалар алдағы уақытта өз жемісін береді деген сенім бар.
Ж.ТҰРСЫНӘЛІҚЫЗЫ