Редакция таңдауы

АДАЛ АЗАМАТ ТӘРБИЕЛЕУ – ҰЛТ МҰРАТЫ

«Жүйелі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – өте қажет жұмыс. Бұл жерде ешқандай күмән болмауы керек. Мемлекет тек сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарын анықтап қана қоймай, осы саладағы тәуекелдердің алдын алумен де айналысады».

Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттағы басты ұстанымы. Шынында да, жемқорлықпен күрес тек бір органның немесе мемлекеттің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ борышына айналуы тиіс. Әсіресе, жас ұрпақтың бойына адалдық пен әділдік құндылықтарын сіңіру – болашақ дамудың берік іргетасы. Осы мақсатта Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне арналған ауқымды іс-шара ұйымдастырып, оған қаладағы білім беру ұйымдарының басшылары мен ата-аналар қауымдастығы қатысты.

Іс-шараны департамент басшысы Қанат Қадырбеков ашып, қазіргі қоғамдағы басты мәселелердің бірі – жастар бойында адалдық, әділдік, парасаттылық қасиеттерін қалыптастыру екендігін атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттің жемқорлыққа қарсы саясаты тек заң бұзушылықтарды анықтап, кінәлілерді жауапқа тартумен шектелмеуі тиіс. Маңыздысы, оның алдын алу, қауіпті тенденциялардың жолын ертерек кесу. Енді неге білім беру саласы қызметкерлері мен ата-аналар комитеті десек, департамент басшысының орынбасары Аянай Раева білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне тоқталып, мектеп пен ата-ана арасындағы ашықтық пен сенімнің маңызын түсіндірді. Атақты ойшыл Әбу Насыр Әл-Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі» деген екен. Аянай Мұхитқызы қоғамда «жемқорлыққа қарсы мәдениет» қалыптастырудың өзектілігін айта келе, жас ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытындағы бастамалармен таныстырды.

– Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні аясында жастар бойында “Адал азамат” қағидатын қалыптастыру, сондай-ақ, білім беру бағдарламасына парасаттылық пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті енгізу мәселелерін талқылау үшін арнайы бас қосып отырмыз. Бұл бағытта ата-аналармен және мектеп қауымдастығымен бірлесе жұмыс істеудің маңызы орасан. Бүгінгі іс-шараның басты мақсаты – қоғам назарын сыбайлас жемқорлықтың теріс салдарына аудару және балалар мен жастар арасында адалдық құндылықтарын нығайту, – деді Аянай Мұхитқызы.

Департамент пен қалалық білім басқармасы 2025 жылға арналған академиялық адалдықты ілгерілету жөніндегі кешенді жоспар шеңберінде жүйелі жұмыстар жүргізуде. Білім беру жүйесінің қазіргі жағдайы – елдің болашағына тікелей әсер ететін негізгі факторлардың бірі. Соңғы жылдары бұл саланың беделін арттыру мақсатында мұғалімдердің жалақысы екі есеге өсіп, педагогтер мен білім алушыларға жағдайды жақсартуға бағытталған ауқымды шаралар атқарылды.

Спикер өңірдің Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасында білім беру саласының басым бағыттардың бірі ретінде енгізілгенін атап өтті.

– Бұрынғы Антикор және Оқу-ағарту министрлігі бірлесіп жүргізген талдау барысында еңбекақы төлеу қорынан бастап, жалақыны есептеу кезеңіне дейінгі аралықта мемлекеттік қаражатты жымқыру схемалары анықталды. 2022–2025 жылдар арасында аймақтағы мектептерде 300 миллион теңгенің жымқырылуына қатысты 40 қылмыстық іс тіркелді. 15 есепші мен білім беру ұйымдарының басшылары сотталды, бірақ жымқырылған қаражаттың небәрі 25,7%-ы ғана өтелді. Мұндай деректер саланың өзекті мәселелерін айқын көрсетеді. Өкінішке қарай, мектептер мен балабақшалардағы заңсыз алымдар, бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану, қызмет көрсету ашықтығының төмендігі сияқты мәселелер әлі де кездесуде. Сондықтан бүгінгі кездесудің мақсаты – ата-аналар, мектеп әкімшілігі және уәкілетті органдар арасындағы ашықтықты нығайту, парасаттылық қағидаттарын күшейту және кез келген заңсыздықтың алдын алу. Бала – біздің болашағымыз. Оның бойына адалдықты, әділеттілікті, парасаттылықты сіңіру – барлығымыздың ортақ міндетіміз. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет отбасында басталып, мектепте жалғасып, қоғамда қалыптасады. Сондықтан ата-аналар мен ұстаздардың, жауапты органдардың бірлескен жұмысы ғана айтарлықтай оң өзгеріс әкеледі. “Адал азамат” қағидатын жүзеге асыру – ұрпақтың болашағына салынған ең тиімді инвестиция. Сіздердің белсенді қолдауларыңыздың нәтижесінде мектепте ғана емес, жалпы қоғамда дұрыс құндылықтар орнығарына сенімдімін, – дейді департамент өкілі.

Бүгінгі күні барлық білім беру мекемелерінде Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңы мен Қазақстан Республикасының Әдеп кодексінің стендтері және Сыбайлас жемқорлық бойынша білім бөлімі тарапынан жолданған плакаттар мектептің кіре берісінде немесе фойесінің ашық көрінетін жеріне ілініп тұр. Мектептің педагогикалық ұжымына да кеңінен таныстырылған. Ұжымға, ата-аналарға мерекелік іс-шараларға ақша жиналмауы керектігі үнемі айтылады. Мектепте сенім жәшігі (пластикалық әйнектен , ішіндегі ашық көрінетін) бетіне білім басқармасының Сall Center мен сенім телефоны және WhatsApp нөмерлерін жаза отырып, көзге көрінетін жерлерге орналастырылған және арнайы комиссиямен сенім жәшіктерін 15 күнде бір рет ашу жұмыстары жүргізіліп, келіп түскен арыз-шағымдарды тіркеу кітапшалары арналған. Мектеп фойесінде «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу» мақсатында бейнероликтер көрсетіліп тұрады. Ұжым мен ата-аналар жиналыстарында да «Сыбайлас жемқорлыққа карсы»  баяндамалар жасалып, пікіралмасулар болып тұрады. Мектептің тәртіптік кеңесінің өз қызмет құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының «Сыбайлас  жемқорлыққа  қарсы  іс-қимыл туралы» Заңы мен Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметкерлерінің Әдеп кодексі талаптарының сақталуын қадағалап, аталған заңнама мен кодекс талаптарының бұзылуына жол берген қызметкерлердің тәртіптік жауапкершілігін қарау белгіленген. Кез-келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады.

Кездесу барысында спикерлер сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда осы үштік одақтың үйлесімді әрекет етуі аса маңызды екенін атап өтті. Бала тәрбиесінде тек мұғалім ғана жауапты деген түсінік бүгінгі күн талабына сәйкес келмейді. Тәрбиенің үш тірегі – отбасы, мектеп және қоғам – бір бағытта жұмыс істеуі қажет. Елдің ертеңі – жас ұрпақтың қолында, ал сол ұрпақтың қандай азамат болып қалыптасуы – отбасындағы тәрбиеге тікелей байланысты. Кез келген тәрбие ең алдымен тәрбиелеушінің тұлғасымен, яғни ата-ананың мінез-құлқымен, көзқарасымен, өмір салтымен жүзеге асады. Ақиқатқа жүгінсек, адал, әділ, жауапты ұрпақ тәрбиелеу – мектептің ғана міндеті емес. Бұл – ең әуелі ата-ананың ертеңгі күн алдындағы борышы мен жауапкершілігі. Бұл жөнінде шарада сөз алған М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Сәкен Мәжінбековтен артық ешкім айта алмас.

– Бүгінгі 21 ғасыр – көз ілеспес жылдамдықтың ғасыры. Адам ойлап үлгергенше, жаңа технологиялар және жасанды интеллект қоғам өміріне енгізіліп жатыр. Осы тұста, біз баланы қалай тәрбиелейміз, біз орасан жылдамдыққа қалай ілесеміз, қалай бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастырамыз деген сұрақтар бүгінгі қоғамның басты тақырыбына айналуы тиіс. Ғалымдар қазір әлемдік деңгейдегі компаниялар адамның білімінен бұрын эмоциялық интеллектіне, қарым-қатынас мәдениетіне, кез келген ортада өзін таныта алу қабілетіне басымдық беретінін айтады. Ал, мұның барлығы – қазақтың ғасырлар бойы айтып кеткені. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің». Балаға айтқан сөзбен емес, көрсеткен ісімізбен тәрбие береміз. Қазір баланы тәрбиелеуден бұрын, өзіңді тәрбиеле дейтін заман келді, – дейді Сәкен Аралбайұлы.

Қазақтың «Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт…» деп басталатын тәрбиелік қағидасын мысалға келтірген ол ата-ана, ұстаз, қоғам – осы үштағанның бірлескен іс-қимылы арқылы ғана адал азамат тәрбиелеуге болатынын баса айтты.

– Бала ең алдымен отбасыға қажет. Оның жақсы адам болып қалыптасуы – ең әуелі ата-ана үшін маңызды. Сондықтан ата-ана өз перзентінің болашағын мектепке, мұғалімге, қоғамға ысырып қоймай, жауапкершілікті алдына алуы тиіс, – дейді Сәкен Аралбайұлы.

Адалдық тәрбиесі – бір күндік шара емес, ұрпақтың мінезін қалыптастыратын үздіксіз үдеріс. Психологтар дәлелдегендей, баланың адалдық туралы алғашқы түсінігі 3 жастан 7 жасқа дейінгі кезеңде қалыптасады екен. Бұл – ата-ананың әр сөзі, әр қадамы, әр шешімі бала санасына тікелей әсер ететінін білдіреді. Бала айтқанымызды емес, істегенімізді қайталайды. Сондықтан ата-ана шынайылықты, әділдікті, уәдеге берікті өз мінезіне айналдырғанда ғана бала бойында адалдық табиғи түрде орнығады.

Қорыққаннан емес, сенімге сүйенген тәрбиеде ғана бала шындықты айтуды, қателігін мойындауды, өз сезімін білдіруді үйренеді. Ал, сенімді ортада қалыптасқан жауапкершілік – адал мінездің берік іргетасы. Бүгінгі цифрлық ғасырда ата-ананың міндеті бұрынғыдан да күрделі. Ақпаратты сүзгіден өткізуге үйрету, интернеттегі қауіптерден қорғау, онлайн мәдениетке бағыт беру – адалдық тәрбиесінің жаңа қырына айналды. Адалдық тек өмірде ғана емес, виртуалды кеңістікте де көрінуі тиіс.

Қазақ халқы адалдықты ұлттың ұйытқысы, елдіктің негізі деп білген. «Өтірік өрге баспас», «Адал адамның ары таза» деген халық даналығы – ұлттық тәрбиенің мәңгілік ұстазы. Ұлттық құндылықтарды отбасында ұстану, үлкенге құрмет көрсету, әділ сөзге берік болу – жас ұрпақтың мінезін түзейтін ең қуатты тәрбие мектебі. Сондықтан адал ұрпақ тәрбиелеу – бір ғана ата-ананың немесе мектептің емес, отбасылық, мектептік және қоғамдық жауапкершіліктің ортақ жемісі. Ынтымақ пен жүйелі әрекет бар жерде ғана баланың жүрегінде тұрақты құндылық қалыптасады. Адал азамат – кездейсоқ қалыптаспайды. Оны отбасы тәрбиелейді, мектеп шыңдайды, қоғам қолдайды. Ендеше, бүгінгі ұрпақтың адалдығы – ертеңгі елдің тағдыры.

Шара барысында ел арасында тараған бір тағылымды оқиға айтылды. Ашаршылық кезінде Торғай даласында Құлан мерген қырылып жатқан бір әулеттің ішінен тірі қалған жалғыз қарияны аман алып қалады. Қария есін жиғанда, «Құдай бізді аштықпен сынады, аштықпен сынағанда, он адамның үшеуі ғана тура жолдан таяды. Ал, келер ұрпақ тоқтықпен сыналады. Тоқтықпен сынағанда он адамның жетеуі тура жолдан таяды», – деген екен.

Бұл – бүгінгі қоғамға өте дәл айтылған сөз. Шынында да, біз тоқтықтың, мүмкіндіктің, ашық ақпараттың заманында өмір сүріп жатырмыз. Мұндай кезеңде баланы дұрыс жолдан тайдырмай сақтау – ата-ана мен ұстаздың ғана емес, барлық азаматтың ортақ міндеті.

 

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win